ҚазҰУ-да «Тілдер мен мәдениеттерді оқытудағы жаңа трендтер» атты жазғы білім беру мектебі өз жұмысын бастады

17.06.2023

Көрулер: 1726

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Тілдер мен мәдениеттерді оқытудағы жаңа трендтер» атты жазғы білім беру мектебі өз жұмысын бастады. Шара қазіргі тіл білімі мен әлеуметтік-мәдени кеңістіктегі өзекті мәселелерді қамтиды.

Жазғы білім беру мектебі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қазақстандағы Germanica: тіл, этнос, социолингвистикалық, лингвоперсонологиялық және лингводидактикалық перспективадағы тұлға» гранттық жобасын іске асыру шеңберінде өтуде. 

Шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түркітану және алтайтану ҒЗИ, шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жалпы тіл білімі және әдебиет кафедрасы бірлесе ұйымдастырды.

Жазғы білім беру мектебінің ашылуында филология ғылымдарының докторы, орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің қазақстандық қауымдастығының президенті, ҚХА ҒСК мүшесі, ҚазҰУ профессоры Элеонора Сүлейменова сөз сөйледі.

ҚазҰУ-дың шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Малика Аймағамбетова жоғары оқу орындары арасындағы байланыстардың артуына тілектестігін білдірді. Филология ғылымдарының кандидаты, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жалпы тіл білімі және әдебиет кафедрасының меңгерушісі Ләззат Байманова қатысушыларға қолдау көрсеткені және шараға дайындық кезеңінде атқарылған үлкен жұмыстары үшін алғыс білдірді.

Пленарлық отырыста филология ғылымдарының докторы, ҚазҰУ профессоры, түркітану және алтайтану ҒЗИ директоры Нұрсұлу Шаймерденова, филология ғылымдарының кандидаты, ҚазҰУ аға оқытушысы, «Altair» балалар кітабы академиясының жетекшісі Джемма Аманжолова және басқа да қатысушылар баяндама жасады.

Білім беру мектебі аясындағы Қазақстан мен Ресейден 50-ге жуық қатысушылар бес күн бойы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің базасында онлайн және офлайн форматта жұмыс істейтін болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі