ҚазҰУ Әзірбайжан жазушысы Мір Жәлел Пашаевтың кітабын қазақ тілінде шығарды

13.06.2023

Көрулер: 1692

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әзірбайжан Республикасының 3-ші президенті Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-конференция аясында түркі әлеміне танымал жазушы Мір Жәлел Пашаевтың қазақ тіліне аударылған «Таулардың жүрегі» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапты әзірбайжан әдебиетінің классигі, жазушы, көрнекті ғалым-педагог Мір Жәлел Әли Пашаевтың 115 жылдық мерейтойына орай басып шығарды.

Тағылымды шараға университет басшылығы, Әзірбайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісі Мәдениет комитетінің төрайымы, Әзірбайжан – Қазақстан парламентаралық байланыстары жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ганира Пашаева, шетелдік ғалымдар, Әзірбайжаннан келген делегация мүшелері, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

Тұсаукесер рәсімінде университет басшысы Жансейіт Түймебаев Мір Жәлел Пашаевтың шығармашылық жолына тоқталды.

«Әзірбайжан әдебиетінің түркі әлемінде алатын орны ерекше. Жазушы Мір Жәлел Пашаев 30 жасында «Жігіт манифесі» атты әйгілі туындысымен ерекше танылды. Қаламгердің бұдан басқа, «Тірілгендер», «Қайда барамыз?», «Ашық кітап», «Менің құрдастарым», «Жаңа қала», «Ар соты», «Ар азабы», «Жасырынатын достар» атты роман, хикаяттары кең тараған. Мір Жәлел Пашаев – әдеби шығармашылықпен қатар, ғылыми-педагогикалық салада елеулі жетістіктерге жеткен ғалым.

Педагогика, лингвистика, әдебиеттану салалары бойынша ғылыми еңбектер жазды. Түркі әлеміне ортақ қаламгердің шығармаларының қазақ тілінде жарық көруі – бауырлас, туыс елдердің әдеби, рухани байланысының айқын көрінісі», – деді ректор.

«Таулардың жүрегі» атты кітап «Қазақ университеті» баспаханасында басылып шықты. Туындыны қазақ әдебиетінің ақын-жазушылары, атап айтқанда: Нұрғали Ораз, Нұржан Қуантайұлы, Саят Қамшыгер, Күннұр Айтбаева қазақ тіліне аударды. Жауапты редакторы – Кәдірбек Құныпияұлы. Кітапты безендірген – Халида Тұрсымбекова.

Өз кезегінде Әзірбайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісі Мәдениет комитетінің төрайымы Ганира Пашаева сөз сөйлеп, ризашылығын білдірді.

«Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынас күн санап артып келеді. Бүгінгі бастама екі елдің мәдениеті мен әдебиетінің дамуына септігін тигізетіні анық. Қазақстан мен Әзірбайжанның әдет-ғұрпы, тілі және діні өте ұқсас. Мір Жәлел Әли Пашаевтың кітабын қазақ тіліне аударғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін.

Мен қазақ тарихын зерттедім. Әзірбайжан мен қазақ зиялы қауым өкілдері өте тығыз қарым-қатынаста болғанын білдім. Қазақ халқы көптеген қайғылы оқиғаларды бастан кешірді. Осы тұрғыда әзірбайжан халқы қазақтың тарихын білсін деген мақсатта «Бауырлас ел – Қазақстан» атты кітап жазып шықтым. Осындай рухани байланыстар арқылы ынтымағымыз арта берсін», – деді Ганира Пашаева.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі