Жаңа Мәжіліске жаңа міндет жүктелді

04.04.2023

Көрулер: 4059

Парламент палаталары жаңа құра­мының бірлескен отырысын ашқан Президент елдің алдында тұрған жаңа міндеттерді айқындады. Бұл міндет Мемлекет бас­шысы атап көрсеткендей, қазіргі уақыт­та елімізде жүргізіліп жатқан саяси, құ­қық­­тық және әлеуметтік-эконо­мика­лық реформалар арқылы іске асырылуға тиіс. Реформалар Мемлекет басшысы қалып­тастырған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына негізделген.

Президент атап өткендей, ықпал­ды Парламент мемлекеттік биліктің заң шығарушы тармағы бола отырып, жаңа Қазақстанды әділ мемлекет ретінде құру жолында аса маңызды функцияны атқаруға тиіс және «бұл қағида біздің мемлекетіміздің басты темірқазығы болып табылады».

Қазірдің өзінде жүргізілген реформа­ларды талдай келе, Президент «Рефе­рендумды қосқанда, бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды бес саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс кел­ді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңа­рып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті», деді.

Расында, 2022 жылы 16 наурыздағы Жолдаудан қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде азаматтарымыздың Жаңа Қа­зақ­­станға әділ мемлекет ретінде сен­гені анық байқалады. Азаматтар бұл кезең-кезеңімен іске асырылып жатқан шын­дық екенін түсінді.

Мұның дәлелі – бір жағынан, мемле­кеттік институттар мен азаматтық қоғам институттарын қоса алғанда, еліміздің барлық дерлік өмір салаларына әсер еткен демократияландырудың қайтымсыз үдерісі. Екінші жағынан, Мемлекет басшысы демократия, ең алдымен, заңның диктатурасы екенін терең түсінеді. Сондықтан елдегі заңдылық режімін күшейту және нығайту демокра­тиялық қайта құрулармен қатар жүріп қана қоймай, олардың жүзеге асырылуын және саясат, экономика, әлеуметтік салаларда тәжірибе түрінде іске асырылуын қамтамасыз етуі керек.

Мемлекет басшысының аталған Жол­дауында ақшалай қара­жат пен жер учаскелерін қоса алғанда, заңсыз сатып алынған меншікті мемлекетке қайтару бойынша белгілеген іс-шаралары сөзімізге мысал бола ала­ды. Бұл үдеріс азаматтарымыздың билік­­ке деген сенімін және кейінгі онжыл­дық­тар­да айтарлықтай жоғалған заңға, әділет­тілікке деген сенімін қалпына келті­руге ықпал етеді.

Бұдан әрі Мемлекет басшысы консти­туциялық реформа сая­си жүйе­­ні тұтастай, оның ішінде сайлау жүйе­сін демократияландыру үшін жағдай жасағанын атап өтті. Рефор­ма қоғамды демократияландыру бағы­тының мыз­ғымастығын көрсетті. Парла­мент Мәжілісі депутаттарының 30 па­йызы бірмандатты округтер бойынша сайланды. Бұл өз кезегінде олардың импе­ративті мандат алуын білдіреді. Оның мәні – өз сайлаушыларының алдында тікелей жауапкершіліктің туын­дауы, олар сайланған депутатты өз сай­лаушыларының тапсырмасын, депу­таттық міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда кері қайтарып алу құқығын алды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымның I сессиясында Парламент депутаттарына үндеуінде Мәжіліс үшін де, жалпы Парламент үшін де сегіз басымдықты белгіледі. Әрине, барлық басымдықтың мемлекеттік маңызы зор және оларда белгіленген мәселелер мен міндеттерді шешу ай­қын­далған және қазірдің өзінде іске асырылып жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық реформаларды іске асыруға бағытталады.

Алайда экономика және бизнеспен қатар, одан әрі қарқынды дамуға тиіс әлеуметтік саланы қозғайтын мәселелер шеңберіне назар аударған жөн. Өйткені қарапайым адам, оның әлеуметтік қор­ғалуы, рухани-адамгершілік дамуына жағдай жасау мен денсаулығы барлық мемлекеттік институттың қыз­ме­тінде басымдыққа айналуға тиіс. Мемлекет басшысының пікірінше, дәл осы жерде Конституциямыздың 1-бабы 1-бөлігінде бекітілгендей, Қазақстан мемлекетінің әлеуметтік негізі жатыр. Өйткені әлеуметтік мемлекетте адам, оның құқықтары мен бостандықтары, оның әл-ауқаты мен әлеуметтік қорға­луы мемлекеттік және қоғамдық мүдде­лерден жоғары тұрады.

Сондықтан Парламент Мәжілісінің жаңа құрамының заңнамалық қызметін­дегі басты басым бағыттардың бі­рі қарапайым халыққа, демек, қатар­­дағы қазақстандыққа мемлекет тарапы­нан қамқорлық танытатын сапалы заң­дар қабылдануға тиіс. Бұл тұр­ғыда Мемлекет басшысы: «Адам ка­пита­лы­ның сапасын барынша арттыру керек. Бұл мәселе менің айрықша на­за­рымда екенін білесіздер. Себебі Қазақ­станның басты байлығы – адам», деген болатын.

Бұдан әрі Мемлекет басшысы әлеу­мет­тік қорғалмаған азаматтарды қолдау да негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті. «Қиындыққа тап болған жандар еш көмексіз қалмауы керек. Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді. Әсіресе ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлі­нуге тиіс». Шынында да, Мемлекет басшысының тапсырмасымен бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу кезеңі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Тұрмысы төмен отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін әлеуметтік көмек қайта қаралды. Жарты миллионнан аса көпбалалы отбасы арнайы жәрдемақы алады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы өз үндеуінде жаңадан сайланған Пар­ламент Мәжілісі депутаттарының назарын білім беру, денсаулық сақтау және саламатты өмір салтын насихаттау, спорт пен мәдениетті одан әрі дамыту саласындағы мәселелерді заңнамалық тәртіппен шешудің өзектілігі мен қажеттілігіне аударғанын атап өткен жөн.

Үндеуде айтылған еліміздегі білім жүйесін одан әрі қарқынды дамыту мен жетілдіруге байланысты мәселелер де ерекше назарға алынуға тиіс.

Мемлекеттің басты байлығы мен игілігі табиғи ресурстар (мұнай, газ, уран және т.б.) емес екенін алға тарта отырып, ел Президенті «Қарым-қабілеті зор, білімді азаматтар елімізді алға бас­тайды. Сол үшін білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажет. Соңғы жылдары мемлекет бұл салаға инвестицияны едәуір көбейтті», деп атап өтті.

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының назарында білім берудің барлық сатысы – мектепке дейінгі, мектеп және жоғары оқу орындары бар екенін айтқан жөн. Сонымен қатар үндеуде «Білім сапасын, әсіресе орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет. Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек» деп «педагог» – ұстаз мәртебесі кезекті рет көтерілді.

Бұл жерде сапаны арттыру тек білім беру ұйымдары үшін ғана емес, сонымен бірге биліктің заң шығарушы тармағы үшін де басты басымдық екені­не назар аударған абзал. Өйткені бүкіл білім жүйесі осы саланы реттейтін және оны дамытудың нормативтік негіздерін анықтайтын нормативтік-құқықтық актілерге негізделген.

Студенттер мен магистранттардың білім сапасы негізінен мектеп түлекте­рінің білім сапасына байланысты екені аксиома дейтіндей-ақ айғақ. Осы фактор отандық ғылымның сапасына тікелей әсер етеді. Ғылым өз кезе­гінде елімізде жаңа технологиялар мен инновацияларды дамытуға бағыт­талуы керек. Бұл экономиканы әртараптандыруға айтарлықтай әсер етеді. Өйткені дамыған экономика егемендігіміздің кепілі.

Парламент Мәжілісінің жаңадан сайлан­ған депутаттық корпусына арналған Президенттің тұжырымдамалы сөзін билік­тің заң шығарушы тармағы – Пар­ламент қызметінде таяудағы бес жылға арналған көпвекторлы бағдар­лар мен басымдықтарды қамтитын бағдарламалық құжат деп қабылдаймыз.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы - Ректор