ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНА МЕКТЕБІНЕ – 5 ЖЫЛ

24.01.2023

Көрулер: 1110

ҚазҰУ медицина және денсаулық сақтау факультеті құрамындағы Жоғары медицина мектебінің (ЖММ) іргетасы 2018 жылы қаланды. Биыл ЖММ-нің құрылғанына бес жыл толып отыр. Осы 2022/23 оқу жылында Жоғары медицина мектебі өзінің алғашқы түлектерін шығарады.

Студенттер қатарында жергілікті студенттермен бірге алыс-жақын 26 шетелден келген студенттер білім алуда. Жыл сайын шетелдік студенттердің қатарының артуы білім беру деңгейінің халықаралық стандарттарға толықтай сай келетінінің дәлелі. Халықаралық білім беру стандарттарына сәйкес, академиялық білім берудің барлық деңгейлері – бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша денсаулық сақтау саласының мамандары даярлануда. Оқу негізінен үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүреді. Жоғары медицина мектебінің құрамына мынадай кафедралар кіреді: Іргелі медицина кафедрасы, Клиникалық пәндер кафедрасы және Стоматология кафедрасы.

Сонымен қатар жыл сайын университетке жаңадан қабылданған 1-курс студенттеріне арналған The white coat ceremony деп аталатын ақ халат кигізу рәсімі салтанатты түрде ұйымдастырылады. Биыл осы шара Жоғары медицина мектебінің бес жылдығымен тұспа-тұс келді. Осыған орай, іс-шараға еліміздің және Алматы қаласының медицина мекемелерінің басшылары, фармацевтикалық компания өкілдері, фармацевтикалық өндіріс саласының және денсаулық сақтау саласының мамандары арнайы шақырылды. Медицина ғылымдарының докторы, академик, ардагер нутрициолог, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов білім алушыларға ақ жол тілеп, батасын берді. Сондай-ақ жиында академик В.Локшин, ҚазҰУ проректоры Н.Айдосов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары А.Нүсіпова, медицина және денсаулық сақтау факультетінің деканы, профессор Жанна Қалматаева және Жоғары медицина мектебінің директоры, профессор Раушан Исаева студенттерге ақ тілегін айтты.

Шара барысында үздік студенттер мен оқытушыларға алғыс хаттар беріліп, бағалы сыйлықтар табысталды. Шара Quazar студенттер ұйымы мен ЖММ оқытушыларының ұйымдастыруымен өткен концерттік шарамен жалғасын тапты.

Маман даярлауда оқытушы-профессорлардың еңбегі өте зор. ЖММ оқытушы-профессорлар құрамында «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен Президент стипендиясының иегерлері бар.

Гүлсара АҚАНОВА,

Іргелі медицина кафедрасының оқытушысы

Зәуре ДУШИМОВА,

Ғылыми-инновациялық істер және 

 халықаралық байланыстар бойынша

кафедра меңгерушісінің орынбасары