ҚазҰУ-дың үздік ғалымдары

24.01.2023

Көрулер: 1206

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары ғылым мен техниканың дамуына сүбелі үлес қосқан ерекше жетістігі үшін өткен жылы «Үздік ғылыми қызметкер» байқауының жеңімпазы атанғанынан хабарларыңыз бар. Ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының 50 ғалымы жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысы 2000 АЕК көлемінде сыйақы мен куәлік алды. Байқау ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді қолдауға бағытталған.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі екінші жыл қатарынан еліміздің үздік ғалымдары үшін сыйақы тағайындады. Конкурсқа қатысуға өтінімдер осы конкурс үшін арнайы құрылған және автоматты түрде тоғыз өлшемшарт бойынша балдары бар ақпараттық жүйе арқылы қабылданды. Бұл байқаудың ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз етті. Ғылыми жетістіктерді бағалау критерийлері ғылыми және сараптамалық қауымдастықпен бірге жасалды. Байқаудың барлық қатысушысы өтінім беру кезеңінде өз балдарын көре алды. Оларды комиссия қарады және сараптамалық топтар ұсынылған құжаттардың бекітілген критерийлерге сәйкестігін секцияларда тексерді. Комиссия мен сарапшылар тобының құрамында жетекші ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, жас ғалымдар кеңесінің мүшелері жұмыс істеді.

Конкурсқа қатысу үшін барлығы жеті бағыт бойынша 468 өтінім келіп түсті. Конкурсқа қатысушылардың арасында жаратылыстану ғылымдары, инжиниринг және технологиялар, медицина және денсаулық сақтау, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары, әскери ғылымдар және Ұлттық қауіпсіздік ғалымдары болды.

«Үздік ғылыми қызметкер-2022» сыйлығын жеңіп алған 50 ғалымның бесеуі ҚазҰУ-да жұмыс істейді. «Qazaq universiteti» газеті алғашқы жылашар нөмірінде оқырмандарға қара шаңырақ оқу ордасының жеңімпаз ғалымдарын таныстырады.

Лаура ЕРЕКЕШЕВА, тарих ғылымының докторы

Сараптамалық және мемлекетаралық ұйымдарда (ҚР Президентінің жанындағы ҚСМС, Сыртқы саясат және талдау орталығы, ЕурАзЭҚ, ҚР БжҒМ Шығыстану институты, ЮНЕСКО «Ғылым және руханият» кафедрасы) түрлі лауазымды қызмет атқарды.

Лаура Ғибратқызы орыс, ағылшын, түрік тілдерінде жарық көрген 80-нен астам монографияның, ғылыми мақаланың, оның ішінде халықаралық рейтингтік басылымдардағы жарияланымдардың авторы. Ұжымдық монографиялардың редакторы, сондай-ақ сараптамалық баяндамалары Үндістанда, ЮНЕСКО, жергілікті БАҚ-та жарияланған. Ғылыми зерттеулерде, ұлттық және халықаралық ғылыми жобаларға, соның ішінде ЮНЕСКО, Катардағы Джорджтаун университетімен жобаларға қатысуда үлкен тәжірибесі бар. Л.Ерекешева халықаралық қатынастарды ұйымдастыруға, кеңейтуге, ЮНЕСКО-мен ынтымақтастықты дамытуға белсене қатысады.

Йель университетінің (АҚШ, Фулбрайт бағдарламасымен қоса), Үндістанның Мәдени байланыстар кеңесінің (Үндістан) гранты бойынша шақырылған зерттеуші болды; Біріккен Ұлттар Ұйымының Бейбітшілік университетінің стипендиаты; Орталық Еуропа университетінің стипендиаты (Венгрия). Халықаралық семинарлар мен конференциялардың жұмысына қатысты, соның ішінде «Өркениеттер диалогі» халықаралық форумы (Родс, Грекия, 2015, 2016), Раисина диалогі (Дели, 2017, 2019, 2020), ЭЫДҰ форумы (Париж, 2018 ж., 2018 ж.).

Леля ХАДЖИЕВА, физика-математика ғылымдарының докторы

Ғалымның еңбек жолы (шамамен 40 жыл) ғылыми-педагогикалық қызметпен тығыз байланысты. Осы қызметтің шебер үйлестірушісі. Жаратылыстану ғылымдары саласындағы ҚР ҒЖБ ғылыми жобалары мен шаруашылық келісімшартқа қатысты жобаларға жетекшілік етеді. 180-нен астам ғылыми еңбектері жарық көрді. Леля Хаджиева студенттерді түрлі жобалармен жұмыс істеуге баулу, ғылыми кадрларды даярлау бойынша белсенді жұмыс істейді. Ғылыми зерттеулеріне қатысты дипломдық жұмыстар, кандидаттық диссертациялар жазылған.

Л.Азретқызы сарапшы ретінде ғылыми зерттеулердің сапасын, тиімділігін және оның ықпалын арттырумен ауқымды түрде айналысады.

Ол академиялық ұтқырлық бойынша шетел университеттерімен ынтымақтастықты белсенді дамытуға күш салады. Ол «project: International Credit Mobility in Erasmus+ under the Erasmus+ programme UNIVERSITY OF KEELE» халықаралық жобасының үйлестірушісі. Осы бағдарлама аясында 2015 жылдан бері ҚазҰУ механика-математика факультетінің 20-дан астам магистранты мен PhD докторанттары Keele университетінде (Ұлыбритания) білім алды.

Денис ВИННИКОВ, медицина және денсаулық сақтау факультетінің Денсаулық және қоршаған орта ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі

Денсаулық сақтау саясаты және ұйымдастыру кафедрасында сабақ береді. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының емдеу факультетінің үздік түлегі.

Д.Винниковтың ғылыми қызығушылығы еңбек медицинасы, қоршаған орта факторларының адам денсаулығына әсері, пульмонология, тыныс алу функциясын бағалау, тіпті кәсіптік күйік алу, өмір салтын болжау, дене белсенділігі және т.б. қоғамдық денсаулық мәселелерінің өте кең ауқымын қамтиды. Әлемнің жетекші журналдарындағы ғалымның ғылыми еңбектерінде соңғы кездері қауіпті жағдайларда, мысалы, биік тауларда жұмыс істейтін адамдарды когорталық зерттеу мәселелері кеңінен қамтылды.

Сонымен, Д.Винников әр жылдары халықаралық жобаларда, клиникалық пәндердің оқытушысы болып жұмыс істеді. Ғалымдар арасында ағылшын тілін, сонымен қатар оның академиялық нұсқасын жетік меңгергенімен танымал, кәсіби деңгейін көтеру үшін тынымсыз ізденеді.

Гүлмира СҰЛТАНҒАЛИЕВА, Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі

Гүлмира Сәлімжанқызы Ш.Марджани атындағы Тарих институтының «Татарлар тарихы» («История татар») оқулығын даярлаудағы халықаралық жобасын орындаушы (IV тарау, Т.6, 2010-12 жж.). Ол – «Erasmus+» бағдарламасы бойынша Developing Trans-regional information literacy for lifelong learning and the knowledge economy (2017-19 жж.) халықаралық жобасының үйлестірушісі. Көрнекті ғалым 2020 жылдан бастап Central Asian Survey халықаралық Scopus журналының редакциялық алқасының мүшесі, Еуропалық Орталық Азияны зерттеу қоғамы (ESCAS) басқармасының мүшесі. Гүлмира Сәлімжанқызы америкалық (CESS) қоғамдастықтың, славяндық, шығысеуропалық, еуразиялық зерттеушілердің америкалық қауымдастығының (ASEES) мүшесі. 2018 жылдан бастап Г.Сәлімжанқызы Хоккайдо университетінің (Саппаро, Жапония) амбассадоры атанды.

Г.Сұлтанғалиева – «Қазақ даласындағы әлеуметтік трансформация: стратификациясы және статустық динамикасы (XVIII ғ. екінші жартысы – XX ғ. 20-жылдары)» (2018-20 жж.); «Қазақ даласын басқару жүйесіндегі ХІХ-ХХ ғ. басындағы болыстар институты: функциялары, қызметі және ресейлік билігімен өзара әрекеттестігі» (2015-17 жж.); «ХІХ-ХХ ғғ. қазақ шенеуніктігі: қалыптасуы, құрылымы және тұлғалары» (2012-14 жж.) атты тақырыпта ҚР ҒЖБ іргелі зерттеулер бойынша ғылыми жобалардың жетекшісі.

Медеу ӘБІШЕВ, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, ҚазҰУ медициналық физика орталығының директоры

2008 жылдан бастап ҚазҰУ-дың Теориялық физика кафедрасының меңгерушісі ретінде халықаралық байланыстарды ауқымдандыру және кафедраның өз саласында көшбасшы позициясын сақтап қалу барысында көптеген жұмыстар атқарды.

Алматы салыстырмалық теориясы мектебінің жетекшісі ретінде өз тобындағы ғалымдарының жұмысын жемісті ұйымдастыра білді және көптеген жас физиктерді әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберді. Қазір жас ғалымдар М.Әбішевтің жетекшілігімен ЭТФҒЗИ теориялық және ядролық физика бөлімшесінде, сондай-ақ басқа да ғылыми-зерттеу және оқу орындарында жұмыс істейді.

Медеу Әбішев жалпы салыстырмалық теориясы саласында қарқынды ғылыми жұмыспен айналысады. Ол Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің іргелі ғылыми-зерттеу бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бірқатар ғылыми бағдарламалар мен жобалардың жетекшісі және жауапты орындаушысы. «ЖОО үздік оқытушысы» грантының, талантты жас ғалымдарға арналған ҚР БҒМ стипендиясының иегері.

 

Дайындаған Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ