Академик Мейірхан Әбділдиннің ғылымда ізі, артында өшпес мұрасы қалды

09.01.2012

Көрулер: 3081

Әбділдин Мейірхан Мүбәракұлы

(16.03.1938 г. – 9.01.2012 г.)

2012 жылдың 9 қаңтар күні 74 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған науқастан Қазақстанның көрнекті ғалым-физиктерінің бірі, ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, адал жар, абзал азамат Мейірхан Мүбәракұлы Әбділдин дүниеден озды.

Ол 1938 жылы 16 наурызда Алтай өлкесі, Троицк ауданында Зигаиново ауылында дүниеге келген. 1959 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика факультетін бітірген.

Еңбек жолын инженер-лаборанттықтан бастап, бар ғұмырын Қазақстанның ғылымы мен білім саласына арнады. Ол әр жылдары А.А. Жданов атындағы Ленинград университетінің аспиранты (1961-1965 жж.), кіші ғылыми қызметкер (1966 ж.); Қазақ КСР ҒА Астрофизика институтының аға ғылыми қызметкері (1967-1979 жж.) болды. 1966 жылы кандидаттық диссертация, 1985 жылы «Теориялық және мате­матикалық физика» мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғады.

Мейірхан Мүбәракұлы 1970 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 40 жылдан астам табан аудармай қызмет істеді. 1970-1981 жылдары және 1986 жылдан өмірінің соңына дейін теориялық физика кафедрасының меңгерушісі болды. ҚазМУ-дың ректоры болып жұмыс істеген 1988-1991 жылдары білімнің қара шаңырағының беделі бұрынғыдан да артып, білім, ғылым саласында тың өзгерістер пайда болды. Ол осы қызметке оқытушы-профессорлардың қолдауымен және жабық дауыста сайланған алғашқы ректор болатын.

Мейірхан Мүбәракұлы Эйнштейннің салыстырмалылық және гравитациялық теориясы бойынша бұрынғы ТМД елдері ішіндегі білікті де білгір, мықты мамандардың бірі еді. Қазақстан Республикасындағы іргелі зерттеулердегі басым бағыт «Теориялық физиканың» негізгі ұйымдастырушысы, «Гравитациялық, электромагниттік, күшті және әлсіз өзара әрекеттестікті теориялық зерттеу» атты іргелі зерттеулер бағдарламасының жетекшісі. Оның ғылыми жетекшілігімен бірнеше кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Оның 150-ден астам ғылыми мақаласы, 2 монографиясы жарық көрді.

Мейірхан Мүбәракұлынан тәлім-тәрбие алған мыңдаған шәкірттер бүгінде тәуелсіз республикамыздың түкпір-түкпірінде болашақ ұрпақ үшін еңбек етуде.

Ол теориялық физика саласындағы Қазақстандағы алғашқы доктор және профессор. М.Әбділдин Ресей гравитациялық қоғамының, Халықаралық физикалық журнал редакциялық алқасының мүшесі болып табылады.

Мейірхан Мүбәракұлы «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, мерейтойлық медальдарымен, жаратылыстану-техникалық ғылымдар саласындағы іргелі зерттеулері үшін «2001 жылғы үздік ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін» дипломымен, ғылым мен мәдениеттің дамуына қосқан үлесі үшін Халықаралық шығармашылық академиясының Құрмет белгісімен марапатталған.

2003 жылдың қазан айында ол Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды.

Әріптестерінің ықылас-ниетіне бөленген көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, тәлімді әке Мейірхан Мүбәракұлы Әбділдиннің жарқын бейнесі оны білетіндер мен ұстаз-ғалымдардың, сондай-ақ, шәкірттерінің есінде әрдайым сақталады.

«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп ұлы Абай айтқандай, академик Мейірхан Әбділдиннің ғылымда ізі, артында өшпес мұрасы қалды. Ол қазақ топырағында бұрын-соңды болмаған физиканың жалпы салыстырмалы теориясы туралы ілімді бүкіл қазақ жұртшы­лығына таратып, аты мен заты әлемге жайылған ғылыми мектеп қалыптастырды. Мейірхан Мүбәракұлы энциклопедиялық білімді ғалым болатын. Өзінің сүйікті физикасын былай қойғанда, алыс-жақын шетелдің тарихы мен мәдениетін тарқата айтып, тұжырымдарымен тыңдаушысын таңғалдыратын. Батыс пен шығыстың әдебиетінен сөз сапырып, ақын-жыраулардың өлеңдерін жатқа соғатын. Табиғи опералық дауысымен ән шырқағанда, қазақтың сары даласының сазы мен күйін көз алдыңа әкелетін-ді. Осындай сегіз қырлы, бір сырлы өзгелерден оза туған біртуар қазақ ұлының өмірден өтуі өкінішті-ақ.

Біздің университет үшін, жалпы халқымыз үшін осындай ғажайып адамнан айырылып қалуымыз орны толмас қайғы. Амал не, жазмыштан озмыш жоқ деген, бәріне көнуге тура келеді. Біз тек сол ғұлама адаммен қатар өмір сүріп, біздің арамызда болғанын зор мақтаныш, мәртебе санаймыз.

Қош болыңыз, аяулы Аға. Сіздің жарқын бейнеңіз біздің жадымызда әрқашанда сақталады.