Жылдың үздік оқытушылары анықталды

9-қаң-12

Көрулер: 1815

Өткен жылдың желтоқсан айының аяғында 2011 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын тағайындау жөніндегі республикалық конкурстың шешімі бойынша «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын иеленген республиканың ең үздік 200 үміткері арасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 32 ғалымының, соның ішінде философия және саясаттану факультетінің 7 профессорының «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауында үздіктер қатарына қосылып, мемлекеттік грантқа ие болуы біздер үшін мақтаныш, үлкен абырой! Бұл Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің және бiлiм мен ғылым саласындағы көшбасшы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолдауына ие болған оқытушылардың отанымыздың білімі мен ғылымын дамытуға қосқан үлестерінің жоғары бағалануы.

Өмірімнің мәнді де мазмұнды ширек ғасырдан астам уақыты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тікелей байланысты. Бұл қол жеткен табыстарға университетте жаңаша жасалып жатқан игі істердің арқасында мүмкіндік алып отырмыз. Бұл жеке басымның ғана емес, әріптестерімнің, факультет, университет ұжымының атқарып отырған қызметтерінің жемісі деп санаймын.

Университетіміз өтпелі кезеңнің қиыншылығы мен ауыртпашылығында еңсеріп, алдыға қарыштап қадам басып келеді. Жеткен жетістіктері толымды болса, алға қойып отырған мақсаттары да ауқымды. Ғылыми-зерттеу университетіне айналу жолында көптеген жұмыстар атқарылуда. Университеттің білім мен ғылымды дамуына қосып отырған үлесін беделді халықаралық ұйымдар да атап көрсетуде. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS топ-университеттер рейтингінде бір жыл ішінде әлемдік топ-университеттер рейтингінде 200 орынға жоғарылап, 401-450 дәрежеге енді. Бұл жоғары көрсеткіш бізді одан әрі қанаттандырып отыр.

Еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына да университетіміз тыңғылықты дайындықпен келді. Оқу ордасы ұсынған «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына – 20 инновация» жобаларының республика экономикасының әлеуетін арттыруға қосар үлесі жоғары. Олардың ішінде өндіріске енгендері, тәжірибеден өтіп өндіріске дайындары да бар. Ғылым, білім беру мен инновацияның орталығы − әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бұл бастамасы – әлемдік деңгейдегі орны бар зерттеу университетіне айналу жолындағы маңызды іс-шарасы.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауында қойылған нақты міндеттерді орындау бағытында жүзеге асырылып отырған, қолға алынған жобалардың негізгі мақсаты – ғылыми-зерттеу, конструкторлық-тәжірибелік өңдеу нәтижелерін көп салалы ғылыми технологияларға конвертациялауды, одан әрі өндіріске енгізіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және индустриялық-инновациялық дамуына үлес қосу. Инновациялық жобалар нано − биотехнология, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, дәрігерлік, ақпараттық технологиялар және қауіпсіздік сияқты салаларға жаңа ғылыми технологияларды енгізуге, сонымен қатар оларды жүзеге асыруда өндіріске ендіруге бағытталған. «Интеллектуальды ұлт -2020» жобасын жүзеге асырудың стратегиялық бағыттары туралы алғаш рет Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында оқыған актілік дәрісінде айтылған еді. Еліміздің маңдайалды университетінің бұл тұрғыдағы міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыратынына сенімдіміз.

Бұл іс-шаралардың толымды болуында әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың да өзіндік орны бар. Өскелең ұрпақтың рухани болмысын, ұлттық сана-сезімін қалыптастырып, отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді оятып, жаңаша инновациялық білім-ғылымды меңгерген интеллектуальды ұлтты тәрбиелеп шығару гуманитарлық білім саласына тиесілі. Осы ретте, өзімізге сеніп тапсырылған жауапкершілікті сезіне отырып, қоғамымыздың алдына қойып отырған стратегиялық мақсат-міндеттерді іске асыруға бар күш-жігерімізді салып, ортақ ғылыми жетістіктерге қол жеткізуге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті профессор-оқытушыларымен қатар менің де сенімім мол.

Жақыпбек Алтаев

философия ғылымдарының докторы, профессор,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

философия және саясаттану факультеті,

философия кафедрасының меңгерушісі