«Аққудың сыңары» кітабының тұсауы кесілді

23.12.2011

Көрулер: 2173

23 желтоқсанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің Т.Қожекеев атындағы мәжіліс залында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, Республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары Ермахан Шайхыұлының «Аққудың сыңары» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне орай «Атамұра» баспасынан шыққан жинақта қаламгердің 2004-2011 жылдар аралығында «Айқын» газетінде «Аққудың сыңары», «Жақсының көзі» айдарлары бойынша жарық көрген сыр-сұхбаттары мен мақалалары топтастырылған. Кітаптың тұсаукесеріне Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендікеліні, Қалижан Бекхожиннің зайыбы Зайда Жанайқызы, Төлеген Айбергеновтың қызы Салтанат Айбергенова және тағы да басқа кітап кейіпкерлері, ақын-жазушылар, университет профессорлары мен оқытушылар, студенттер қатысты. «Кітаптың алғашқы бөлімінде қазақтың көрнекті ақын-жазушылары мен әнші-сазгерлерінің, сондай-ақ өнер қайраткерлерінің артында қалған аяулы жарлары өздерінің өмірлік серігі болған жұбайлары туралы сыр шертсе, ал «Жақсының көзі» атты екінші бөлімде ұл-қыздары асқар таудай әкелері жайлы сағыныштарын жеткізген», - дейді кітап авторы Ермахан Шайхыұлы. Ал кітаптың жарық көруіне демеушілік көрсеткен «Атамұра» корпорациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құл-Мұхаммед Рақымғали Абрарұлы: «Бұл кітап басқа кітаптардан өзгерек. Бұл кітаптың жарық көруі ешкімнің ұсынысынсыз-ақ сұранып тұрды десек болады. Кітап Қалижан Бекхожин, Нұрғиса Тілендиев, Тәкен Әлімқұлов, Жарасқан Әбдіраш, Бексейіт Түлкиев сияқты бірнеше қазақтың көрнекті ақын-жазушылары мен әнші-сазгерлерінің, суретшілер мен спорт шеберлерінің сондай-ақ, өнер қайраткерлерінің артында қалған аяулы жарлары өздерінің өмірлік серігі болған жұбайлары туралы сыр шертуімен ерекше. Бізге сол аға буынның артықшылығын, жақсы қасиеттерін баяндап, сұқбаттаса отырып ол кісілердің соңында қалған аяулы жандар жарларының болмысын ашатын шынайы сұқбат бере отырып, өздерінің парасаттылығын да аңғартқандай. Баспагер ретінде айтар болсам, мұқабасында тұрған қос аққу махаббаттың белгісін беру арқылы үлкен мағынаға ие. Безендірілуі мен мазмұны бір-біріне сай жақсы ай, жақсы күнде шығып отырған асыл қазына», - деген ойымен бөлісті. Алаш асылдарының артықшылығы мен көреген әңгімелерін баяндаған кітапқа зиялы қауым өкілдері кезек-кезегімен баға беріп жатты. Кітапсүйер қауым тағы бір құнды дүниемен қауышқандарына ризалық білдірсе, жас буын ағалар өмірінен үлгі алу мүмкіндігіне ие болғанына қуанысты. Осы орайда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филолоия, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы, профессор Қансейіт Әбдезұлы: «Шын мәнінде айырықша еңбектің, керемет туындының тұсауын кесіп отырмыз. Бұл кітаптың қазақ руханиятында ерекше орынға ие болары сөзсіз. Кітап өте тартымды әрі жалықтармайды. Кітап ішіндегі жазбалар бірін-бірі қайталамайды. Бұл кітап кешегі 50-60 жылдары қазақ рухани әлемінде жарық етіп көрінген алыптарымыздың, аға арыстарымыздың өмірбаяндарынан нақты естеліктер береді. Кітап сонысымен құнды», - деген пікірімен бөлісіп бір кітапқа барлық тұлғаларымызды сыйғызу мүмкін еместігін, сондықтан алда жақсы дәстүр жалғасса екен деген ұсынысымен де бөлісті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі