Жаңаөзендегі оқиғаға қатысты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымының үндеуі

19.12.2011

Көрулер: 2445

Құрметті отандастар!

Біз бүгінде ел Тәуелсіздігі жарияланғанына 20 жыл толған күнді – Республикамыздың ұлы мерекесін орасан зор қуанышпен, ерекше мақтанышпен қарсы алдық. Қазақстан – дербес, күшті, шын мәнінде, халықтық саясатпен егеменді және өркениетті мемлекет болып қалыптасты.

Қазақстан Республикасы Парламентімен қабылданған Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған декларациясы егемендігімізді нығайту мен қалыптастыруға, мемлекеттіліктің құрылу жолындағы Бірінші Президент Н.Ә. Назарбаевтың ерекше орны мен Қазақстан қоғамындағы жетістіктердің әділ бағасы болып табылады. Бейбітшілік, келісім, бірлік, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық, орнықты даму, халықаралық мойындау –осылардың барлығы Қазақстан халқының жалпы игілігіне айналған Тәуелсіздіктің басты жетістіктері.

Өкінішке орай, республиканың жеңістері мен ерліктеріне, біздің ортақ үйіміздің татулығы мен берекесіне қырын көзбен қарайтын, Қазақстанның тұрақсыздығы мен әлсіздігін қалайтын қандай да бір қоғамға қарсы күштер бар. Жаңаөзен қаласы мен Шетпе бекетінде болған оқиғалар қоғамның тыныштығын бұзуға бағытталған және ұйымдастырылған арандатушылық екені ақиқат. Біз оны ашық қылмыстық іс-әрекет және жаппай жүргізілген тәртіпсіздік деп бағалаймыз.

Барлық қазақстандықтарды аталған оқиғаны бағалау мәселесінде белсенді азаматтық ұстаным танытуға, Қазақстанның даму жолындағы басты құндылықтары – бостандық, бірлік, тұрақтылық пен өркениетті сақтауға шақырамыз.

Ұлт көшбасшысы, біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне бірігіп, заңдылықты сақтап және мемлекетіміздің жарқын болашағын құру үшін біз барлық күшімізді біріктіріп, қылмыстық күштерге және конституцияға қарсы ойларға тойтарыс беруіміз керек!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы