Кастамону университетінің ректоры ҚазҰУ-да қонақта

13-жел-11

Көрулер: 1851

13 желтоқсанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтановтың Түркияның Кастамону университетінің ректоры Сейт Айдынмен кездесуі өтті. Кездесу ҚазҰУ мұражайын аралап, танысуымен басталды.


Делегаттар құрамында: Кастамону университетінің ректоры, доктор, профессор – Сейт Айдын, Кастамону университетінің проректоры профессор – Али Рафет Өзкан, Түркия Республикасының консулы – Садин Айиылдыз, Түркия Республикасының атташесі, оқу бөлімінің басшысы – Кадир Джетин келсе, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарапынан ректор Ғалым Мұтанов, бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев, халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Айжан Смаилова және философия және саясаттану факультетінің деканы Алия Масалимова, философия және саясаттану факультетінің деканының орынбасары, аудармашы Сұлтанмұрат Абжалов қатысты.

Екіжақты кездесуде білім саласы, маман алмасу, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі сияқты бағыттар қарастырылып, алдағы уақытта биотехнология, химия, физика-математика салалары бойынша ортақ жобалар жасауды қолға алмақ. «Біздің университеттің 75 жылдық тарихы мен тәжірибесі бар. Біздің тараптан көмек, қолдау қажет болса, әрқашан қолдан келгенше жәрдем беруге біз дайынбыз. Университетіміздің шығыстану факультетінде түркітану мамандығы оқытылады. Оқытушы-профессорларымыздың да бұл саладағы ізденісі зор. Түркияның бірнеше университеттерімен әріптестігіміз бар, ал сол әріптестікті сіздердің университеттеріңізбен де біріге дамытуға біз қуаныштымыз», - деді ҚазҰУ ректоры өз сөзінде.

Кастамону университетінің ашылғанына 5 жыл болған. Онда бакалавр дәрежесінде студенттер білім алуда. Биылдан бастап теология мамандығы енгізілмек. Кастамону университетінің ректоры Сейт Айдын Ғалым Мұтановқа кездесуді ұйымдастырғандары үшін алғысын білдіріп, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтап, «атомфизикасы, биотехнология саласы бойынша ортақ бастамаларды қолға алсақ» деген ұсынысын білдірді. Кездесу соңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Кастамону университеті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі