Рымғали Нұрғали атындағы аудитория ашылды

9-жел-11

Көрулер: 2350

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен 9 желтоқсан күні Рымғали Нұрғали атындағы аудитория ашылды. Рымғали Нұрғали университет қабырғасында 35 жыл еңбек етіп, дәріс оқыды. Аудиторияда өмір белестері, ұстаз, ғалым, қайраткер, ғылымдағы биіктік, ел ардақтысы деген қабырға көрмесі қойылған.

Осы орайда «Рымғали Нұрғали және Алаш әдебиеттануы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференцияда көрнекті ғалым, академик Рымғали Нұрғалидың қазақ әдебиеттану ғылымының даму бағыттарындағы елеулі еңбегі мен қазіргі әдебиет тарихын зерттеу мен оқытудың өзекті мәселелері қаралды.

Конференцияға алыс-жақын әдебиеттанушы ғалымдар, белгілі жазушылар, жоғары мектептің оқытушы-профессорлары, С.Қасқабасов, А.Ахматалиев, Б.Әбдіғазиұлы, Қ.Алпысбаев, Т.Тебегенов, А.Ісмақова, Д.Ысқақұлы, Ж.Шаштайұлы, К. Сегізбаев, Б.Шаханов, М.Ахет, Е.Жаппасұлы, Ө.Күмісбаев, Б.Жақып және т.б. докторанттар мен магистранттар, студенттер қатысты. «Біз бәріміз Р. Нұрғали шәкіртіміз. Осы уақытқа дейін факультетте М.Әуезов атындағы, З.Қабдолов атындағы аудиториялар ашылған болатын. Бүгін Р.Нұрғали атындағы аудиторияның салтанатты ашылуына және конференцияға қош келдіңіздер. 50-ге жуық ғылым кандидаттары мен 20-ға тарта ғылым доктарларын дайындап кеткен ұстаздың аманатын, ілім-білімді шәкірттерге берсек, білім жалғастығы деген сол болар», - дейді факультет деканы Қансейіт Әбдезұлы.

Конференция жұмысы «Р. Нұрғали және қазақ әдебиетін зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері», «Р. Нұрғали және ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін зерттеу» және «Рымғали Нұрғалидың қазақ драматургиясын ғылыми-теориялық негіздеу еңбектері», «Рымғали Нұрғалидың ұстаздық, дәріскерлік өнегесі» атты бағыттар бойынша өтті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі