VII Халықаралық Бірімжанов съезі өтті

09.12.2011

Көрулер: 2442

9 желтоқсанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінде белгілі ғалым, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Батырбек Ахметұлы Бірімжановтың 100 жылдығына арналған «Химия және химиялық технология» бойынша VII Халықаралық Бірімжанов съезі өтті.

Мерекелік шараға ҚР ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрынов, Жану проблемалар институтының директоры х.ғ.д., профессор Зұлқайыр Мансұров, Химия ғылымдары институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Еділ Ерғожин, ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұқамбетқали Бүркітбаев, химия және химиялық технология факультетінің деканы Ердос Оңғарбаев бастаған отандық химия саласының ғалымдары мен шетелдік профессорлар да қатысты. Съезде ҚР көмірсутекті және минералды шикізатты өндеудің қазіргі мәселелері және экология, табиғи, синтетикалық қосылыстар, мономерлерлердің химиялық технологиясы, химия білімінің заманауи мәселелері қарастырылды.

Съездің алғысөзінде ҚазҰУ-дың бірінші проректор Мұқамбетқали Бүркітбаев химия және химиялық технология факультетінің даму тарихына, бүгіні мен ертеңіне және Батырбек Бірімжановтың химия ғылымын дамытудағы зор үлесіне тоқталып, ғалымның 100 жылдығына арналған съезд маңыздылығын атады. «Химия факультетінің даму тарихын негізгі үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең факультеттің қалыптасу кезеңі 1934 жылдан 1954 жылға дейінгі аралықтағы 20 жыл уақытты қамтиды. Бұл кезде алғашқы деканымыз академик Әбікен Бектұрұлы Бектұровтан бастап, кейін сол кісінің шақыруымен факультетте еңбек еткен академиктер М.И.Усанович, Д.В.Сокольский, М.Т.Козловский, О.А.Сонгина сияқты ғұлама ғалымдар факультеттің іргетасын қалап, негізін қалыптастырды. Екінші кезең факультеттің даму кезеңі, бұл Б.А.Бірімжанов жетекшілік жасаған 1954 жылдан 1980 жылға дейінгі 25 жылдан аса уақытты қамтиды. Бұл кезең факультеттің шарықтау немесе өркендеу кезеңі деп айтсақ та болады, себебі осы жылдары факультетте жаңа 6 кафедра ашылды, елімізде аты аталған академиктер негізін қалаған ғылыми мектептер мен бағыттар қалыптасты. 1980 жылдан бергі уақытқа дейін қазіргі үшінші кезеңін факультеттің қайта түрлену немесе жаңғыру кезеңі деп айтуға болады. Батырбек Ахметұлынан кейінгі факультет басқарған ұстаздарымыздың әрқайсысы факультеттің дамуына өз үлесін қосты. Бұл кезеңде факультеттің ғылыми-зерттеу институттары құрылды, білім берудің көпсатылы жүйесі жасалды, бірнеше жаңа мамандықтар ашылды, факультет жаңа ғимаратқа көшті және т.с.с. нарықтық экономика талаптарына сай факультет жұмысы қайта жаңғыруда», - дейді профессор Мұқамбетқали Бүркітбаев. Ал ҚР ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрынов: «Химия ғылымының қалыптасып және дамуына Бірімжановтың үлесі өте зор. Ол өте кең, парасатты жан. Оның ұстаздығын көрген, дәрісін естіген шәкірттері есімін ұмытпайды», - деген ойымен бөлісті.

Батырбек Ахметұлы Бірімжанов бірге 900 астам ғылыми жұмыс жазған, оның ішінде 17 монография, 200 астам ғылыми-әдістемелік жұмыс. Сонымен қатар республикамыздың жоғары және орта білім беру мектептеріне арнап 10 астам оқулық аударған. Бұл съезд алғаш рет Алматы қаласында INTAS-тың қолдауымен 1996 жылы, III съезд Өскемен қаласында Д.Серікбаев атындағы ШҚМ университетінде өткізілген. 2006 жылы Б.А. Бірімжановтың 95 жылдығына арналған V съезд әл-Фараби атындағы ҚазМУ-да, ал VI съезд 2008 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-да өткізілді. Ал бүгін басталған VII Халықаралық Бірімжанов съезді 10 желтоқсанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінде жалғасады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі