Тәуелсіздік тойына 20 тарту

07.12.2011

Көрулер: 1752

5 желтоқсан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен ректорат мәжілісінің кеңейтілген отырысында химия және химиялық технология факультетінде «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына – 20 инновация» атты халықаралық форум аясында «Егеменді Қазақстан: жетістіктері мен стратегиялық дамуының басым бағыттары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Халықаралық басқосуда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арнап жыл бойы жүргізген 20 инновациялық жобасының жұмысы қорытындыланды.

Жыл басында Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына – 20 инновация» атты аса ірі жобаға байланысты қасиетті қара шаңырақ оқытушылары мен ғалымдарының 200-ден астам үздік инновациялық жобасы сарапқа салынып, олардың арасынан ең үздік деген 20 жоба таңдалынып алынған болатын. Бүгін осы мегажобаның қорытындысы шығарылып, арнайы көрме ұйым­дастырылды. Көрме жұмысында әрбір жоба туралы, олардың авторлары жеткен жетістіктер туралы толықтай ақпараттар айтылып, келген қауымға ашылған жаңалықтар мен тұжырылған қорытындылар жөнінде кеңейтілген түрде түсініктер берілді. Осы орайда дайындалған деректі фильм көрсетілімі жұртшылық көңілінен шықты.

Конференция жұмысын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалым Мұтанов ашты. Ректор «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына – 20 инновация» мега­жобасының арқалаған жүгі мен елге берер пайдасы туралы кеңінен айта келе: «Бүгін 20 инновациялық жобаның қорытындысын жариялап отырмыз.

Бұл жобалардың еліміздің экономикасына қосар тиімділігі өте жоғары. Олардың ішінде өндіріске енгендері және тәжірибеден өтіп өндіріске дайындары да бар», - деді. Сонымен қатар, Ғалым Мұтанов ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығында жеткен жетістіктеріміз бен асқан асқаралы асуларымыз туралы кеңінен әңгімеледі.

Халықаралық шара барысында ҚазҰУ-дың Ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректоры Тілекқабыл Рамазанов «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына – 20 инновация» атты бастамасын жүзеге асыру қорытындысы және ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2011 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан ғалымдарының форумында сөйлеген сөзі аясындағы университет мақсаттары» атты баяндама жасап, барлық 20 инновациялық жобаға жеке-жеке тоқталып, аса ірі бастаманың қорытындысын шығарды. Одан кейін ҚазҰУ ғылыми-технологиялық паркінің озық инновациялық жобалары туралы технапарк директоры Кәрім Богусбаев баяндап, қолға алынған жобалардың мақсаты мен міндеттері жөнінде таныстырды.

Айта кету керек, ғылым, білім беру мен инновацияның орталығы болып саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бұл бастамасы – әлемдік деңгейдегі орны бар зерттеу университетіне айналуға байланысты Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған нақты міндеттерді орындау бағытында жүзеге асырылып отыр. Қолға алынған жобалардың негізгі мақсаты – көпғылымды технологияларда ғылыми-зерттеу, конструкторлық-тәжірибелік өңдеу (ҒЗКТӨ) нәтижелерін конвертациялауды одан әрі өндіріске енгізіп, серпінді түрде еліміздің әлеуметтік-экономикалық және индустриялық-инновациялық дамуына үлес қосу. Инновациялық жобалар нано және биотехнология, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, дәрігерлік, ақпараттық технологиялар және қауіпсіздік сияқты салаларға жаңа ғылыми технологияларды енгізуге, сонымен қатар оларды жүзеге асыруда өндіріске ендіруге бағытталған.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өткен халықаралық шараның негізгі мақсаты – Тәуелсіз Қазақстан Республикасының 20 жылдың ішінде жеткен жетістіктерін, ғылыми-инновациялық, әлеу­меттік қоғамдағы жүзеге асып жатқан индустриалды-техникалық модернизациясын насихаттау және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «20 жылдыққа – 20 инновация» жобасын қорытындылау болды. Бүгінгі таңдағы бұл ин­новациялық бағыттар жиын барысында кеңінен ашылып, оның алдағы уақытта бедерленетін белгілері нақтыланды. Бұдан өзге конференцияда білім және ғылым саласының заманауи әрі өзекті мәселелері, зайырлы мемлекеттің дамуындағы саяси-әлеуметтік және экономикалық жаңғыру аспектісі, зайырлы Қазақ­станның әлеуметтік-мәдени модернизациялануының фило­софиялық-діни, әлеуметтік-саяси аспектілері және қоғамның зияткерлік капиталы, Тәуелсіз Қазақстанның тарихи ғылымы: тұжырымдамалық мәселелері, жетістіктері мен дамуы; Егеменді Қазақстанның мемлекеттік құры­лымы мен әлеуметтік-мәдени дамуы­ның конституциялық-құ­қық­тық тұрғыда қамтамасыз етілу мәселелері мен болашағы сияқты бірнеше өзекті тақырыптар жан-жақты қаралды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі