Зерттеу университеттерінің мемлекет дамуындағы рөлі

27.10.2011

Көрулер: 3273

Әлемдік білім және ғылым кеңістігінде зерттеу университеттерінің алар орны ерекше. Қазақстандағы жоғары оқу орындарының көшбасшысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемдік дәрежедегі топ-университеттер қатарына еніп, рейтингісі жоғары көтерілуде. Бүгінде ҚазҰУ ұлттық зерттеу университетіне айналу жолында жаңару мен жаңғыру үстінде. Осы орайда 27 қазанда Ө.А.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында «Зерттеу университеттерін қалыптастыру және олардың Қазақстан Республикасының инновациялық дамуына қосатын үлесі» атты халықаралық форум өтіп жатыр. Халықаралық және отандық мамандар басын қосқан жиын үш күнге жалғасады.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған форумды ҚР Білім және ғылым министрлігі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, IGIP Қазақ ұлттық мониторинг комитеті, KazSEE Қазақстандық инженерлік білім беру қоғамы және ҚР Инженерлік академиясы арнайы ұйымдастырып отыр. Жалпы форум жұмысына әлемнің 30 елінен 100-ден аса ғалым және жоғары білімнің көрнекті қайраткері, сондай-ақ, халықаралық IGIP, IFEES, SEFI, COPEC халықаралық ұйымдарының өкілдері және Қазақстан жоғары оқу орындарының ректорлары, оқытушы-профессорлары қатысты.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов форум жұмысын ашқан сөзінде: «Бүгінгі форум Қазақстан Республикасының 20 жыл ішіндегі қарқынды даму жолын саралап, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айқындап берген отандық ғылым мен білімді жаңа белестерге көтерудің бірден бір шешуші жолы ғылыми зерттеу университетін құру мен оны өркендетудің өзекті мәселелерін талқылауға арналады. Халықаралық форумға әлемнің лауазымды өкілдердің қатысуы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің және Халықаралық Инженерлік академиясының қолдауы бүгінгі Форумның маңыздылығын арттырып отыр. Зерттеу Университетінің Мемлекетімізде қолға алған Үдемелі Индустриалды-Инновациалық экономикалық дамудың бірден бір негізгі буыны болатындығы бүгінгі Форумның маңызды тақырыбы. Бұл шараның ел дамуына өз үлесін қосатынына сенімдемін», - деп атап форум жұмысына сәттілік тіледі. Академик Ғалым Мұтанов форум жұмысын ашқаннан кейін сөз кезегі шетелдік қонақтарға берілді. АҚШ, Колумбия университеті Ғаламдық магистрлік желісінің директоры Лусия Родригез: «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырып жатқан халықаралық конференцияға қатыса отырып, бұл білім ордасынан алар көп тәжірибеге куә болдым. Тіпті, біздің университеттеріміз үшін қазақстандық жоғары оқу орындарының көш басшысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан алатын үлгі көп деп ойлаймын. Қазақстандық ЖОО-лардан көп нәрсе үйренуімізге болады екен. Мәселен, ҚазҰУ-да Глобал класс бағдарламасы сәтті атқарылуда», - деген ойын жеткізді. Ал IFEES Инженерлік білім қоғамдары халықаралық федерациясының президенті (Португалия), Лиссабонның қазіргі заманғы инженерлік институтының президенті Хосе Карлос Квадрадо: «Бүгінгі форум – шетелдік ғалымдардың өзара тәжірибе алмасып, жаңа идеялар мен тың бастамалардың туындауына негіз болады. Бұл әрине әлем университеттері өзіндік жобаларды айна қатесіз көшіру деген сөз емес, пікір алмасу дегенді білдіреді. Ғылым, білімді дамытуда көшірме емес, өзіндік қолтаңаба, өзіндік тәжірибе қажет. Бөтен жобаларды «ұрлау» емес, жаңасын туғызу керек. Мен ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорларымен танысу барысында, қазақстандық ғалымдар тың жобаларды дүниеге әкелуге қабілетті, жоғары әлеуетті ғалымдар екендігіне куә болдым», - деген ойымен бөлісті. Ал, АҚШ Роуэн университетінің профессоры, Инженерлік білім бойынша американдық қоғамының басқару мүшесі Стефани Фаррелл студенттерді алмасып оқыту екі жақты мәселесін алға тартып, жас ғалымдарды бірге дайындауға шақырды.

Форумның пленарлық және секциялық отырысында зерттеу университетінің қалыптасуы мен дамуындағы шетелдік тәжірибелер, оқытушылар мен студенттердің академиялық мобильділігі, инновациялық қызмет пен ғалымдардың ғылыми-зерттеу, құрастырмалы-тәжірибелерін жетілдіру тұстары қарастырылды. Әлемнің жетекші университеттерінің профессорлары ҚазҰУ кампусымен және оның ғылыми инфрақұрылымымен танысып, семинарлар өткізіп, оқытушылар мен студенттерге дәрістер оқыды.

Сонымен бірге, форум барысында шетелдік қонақтардың қатысуымен «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың достары» халықаралық клубы құрылды. Бұл халықаралық бірлестіктің жұмысы ерікті түрде мүшелікке негізделген, клуб университеттің дамуына әсер етіп, оның әлемдік ғылым-білім кеңістігінде алға жылжып, нығаюына қолдау таныту мақсатында құрылды. Клуб сонымен қатар, эндаумент құралдарын ЖОО-ның білім, ғылым және инновациялық бағытын дамытуға шақырады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі