Кореялық университеттер мен ҚазҰУ ынтымақтастығы артып отыр

26.10.2011

Көрулер: 2012

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Кореядан келген өкілдермен кездесті. Шетелдік қонақтардың қатарында Коре университеті медицина факультетінің профессоры, Батыс тынық мұхиты аумағы бойынша Медициналық білім Қауымдастығының президенті Дук Сунн Ан, “Jipyung+2 Interantional Co., Ltd” президенті Ёнг Мин ПАК және тағы да басқа профессорлар мен компания президенттері бар.

27-29 қазанда университетте өтетін «Зерттеу университеттерін қалыптастыру және олардың Қазақстан Республикасының инновациялық дамуына қосатын үлесі» халықаралық форумына орай алдын-ала келген кореялық әріптестер әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да екіжақты атқарылып жатқан жобалармен және іс-шаралармен танысты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Халықаралық форумға қолдау танытып отырғандарыңызға және елімізге, әлемге өзекті болып отырған зерттеу университеттерін қалыптастыру және олардың инновациялық дамуына қосар үлесін бірге талқылай келгендеріңізге алғыс айтамын. Форум барысында біз тақырып төңірегінде бірнеше өзекті мәселелерді талқылаймыз деп сенемін», - деп атап өткеннен кейін бүгінде Корея университеттері мен ҚазҰУ арасындағы атқарылып жатқан жобаларға тоқталды. «Оңтүстік Корея университетімен бірігіп ҚазҰУ-да медициналық орталық құру, техникалық жинақтау проекторын жасау сияқты жобалар өз жұмысын бастап кетсе, алда Коре университетімен ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асырамыз Мұндай істердің жүзеге асуына біздің мемлекетіміз, министрліктер де өз қолдауларын танытып отыр. Биыл Қазақстанда Оңтүстік Корея жылы болып табылады. Осы уақытта бірнеше екіжақты игі бастамалар жүзеге асады деп сенемін», - дейді академик Ғалым Мұтанов. Ал Коре университеті медицина факультетінің профессоры, Батыс тынық мұхиты аумағы бойынша Медициналық білім Қауымдастығының президенті Дук Сунн Ан: «Университеттеріңізде атқарылып жатқан басымдықтарға қарап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зерттеу университетіне толықтай дайын деп есептеймін. ҚазҰУ өз алдына биік мақсаттар мен айқын міндеттер қойған үздік университет. Мұндай жоғары оқу орнымен әріптестікті нығайтуға қуаныштымыз. Кореяға әріптестеріміздің жетістіктерін айтып, қаунышпен ораламын», - деген жылы лебізін жеткізді.

Өз кезегінде ҚазҰУ-да кореялық әріптестермен біріге жасалынып жатқан медициналық орталықтың күрделі жоба екендігін атаған қонақтар, мұндай істі тек нағыз үздік деген білім ордасы ғана жасай алатындығын айтты. Жобаға қолдау танытып отырған Қазақстанның Білім және ғылым министрлігіне, Денсаулық сақтау министрлігіне және Премьер министрге алғыстарын білдірді. Ал ҚазҰУ басшылығы мұндай үлкен жобаларды іске асыра отырып, өз уақытында университеттің оқытушы-профессорларын Кореяға тәжірибе жинап, білімін жетілдіруге жіберіп отыратындықтарын алға тартты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі