ҚазҰУ – QS жүйесінде үш жұлдызды университет

25.10.2011

Көрулер: 1960

24 қазанда өткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кезекті Ректорат мәжілісінде қара шаңырақтың тағы бір жетістігі жария етілді. ҚазҰУ – QS жүйесінде үш жұлдызды университетке айналып, тағы бір белесті бағындырды. Яғни ҚазҰУ GS Stars мәліметі бойынша, үш жұлдызды университет көрсеткішіне сай келген. Мұндай деңгейге жету үшін жоғары оқу орнының ғылыми зерттеу, жұмысқа орналасу, инфрақұралым, оқыту, халықаралық ынтымақтастық, инновация және әлеуметтік қолдау бағыттары басты сарапқа алынған. Жалпы QS жүйесінде білім ордалары жоғарыдағы талаптарға сай жинаған балдары бойынша бір, екі, үш, төрт және бес жұлдызды университет деп анықталады.

Бірінші проректордың баяндағанындай, QS жүйесінде үш жұлдызды университет атанып отырған ҚазҰУ алда төрт жұлдызды деңгейге жетуге ұмтылу қажет. Бұл орайда Қазақстанның көшбасшы университеті мамандандыру талабын барынша дамыту керек. Себебі сәйкес 1000 балдың 516 ұпайын жинаған білім ордасы жоғарыдағы талаптардан лайықты баға алып, мамандандыру бағыты жағын көтеруге міндеттелген. Бұл бағытты дамыту оқытушы-профессорлар алдындағы үлкен жауапкершілік.

GS Stars анықтамасы бойынша, үш жұлдызды университет дегеніміз елінде жоғары абырой-беделге ие, халықаралық деңгейде белгілі бір дәрежеге көтерілген білім ордасы, сондай-ақ халықаралық деңгейде мойындалған және түлектері жұмыс берушілер тарапынан үлкен сұранысқа ие деген анықтамаға сай келеді. Бұл ректоратта айтылған үлкен жетістіктердің бірі. Бұдан өзге ректораттың күн тәртібінде Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Айгүл Ақтымбаеваның Академиялық үрдістің жеті апталық қорытындысы жайындағы ақпары, «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттік кампусы: тұрмыстық және әлеуметтік жағдайы» туралы Әлеуметтік зерттеулер және әлеуметтік инжиниринг орталығының директоры Гүлмира Әбдірайымованың ақпары, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бас жоспары жөнінде Өндірістік департаментінің директоры Мұрат Нұрғазинның хабарламасы тыңдалды. Сондай-ақ «Қазақстанның балама энергетикасы» ғылыми техникалық орталығы» және «BoardCom» ЖШС-ны құру туралы Ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректор Тілекқабыл Рамазанов ректорат мүшелерін таныстырып өтті.

Ресми ақпараттармен қатар ректорат мәжілісі тың жаңалықтар мен қуанышты хабарларға ұласты. Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттерге арнайы тағайындалған шәкіртақыны ұсынды. Факультеттің 11 студентіне бұйырған мұндай шәкіртақылар академиктер Зейнолла Қабдолов, Мая Бағысбаева және Михайл Семенович атындағы шәкіртақылар мен факультеттегі кафедралар тарапынан тағайындалып отыр. Бұл әрине ұлттық зерттеу университетіне айналуда жасалынып жатқан игі дәстүрлердің бірегейі. Осы орайда ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Қоғамымыздың гүлденуі және заманымыздың тұрақты болуы – жастардың қолында. Осы бағытта үздік студенттерге, әлеуметтік қамтылуы төмен білімгерлерге қолдау таныту үлкен жауапты іс. Мұндай қолдаулар арқылы біз болашағымыздың кемелденуіне кепіл боламыз», - деп мұндай игі істердің жалғасын табуы керектігіне тоқталды. Университетте жүздеген арнайы аталымдық шәкіртақы болса, солардың санын арттырып, студенттерге қолдау көрсетуді дамыта түсуге шақырды. Сондай-ақ, «әл-Фараби» ғылыми орталығының директоры Жақыпбек Алтаев философия мамандығының 3 курс студенті Әбдіғапарова Ғалияға Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов атындағы шәкіртақыны табыстады. Игі істермен толысқан ректорат мәжілісінде бұдан өзге қара шаңыраққа келген мақтау қағаздары мен алғыс хаттарды Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева табыс етті.

Бұл күні өткен ректорат мәжілісінде әдеттегідей, ҚазҰУ, факультет және ҒЗИ араларындағы үшжақты келісімшарттарға қол қою рәсімі де болып өтті. Ол келісімдерге сәйкес болашақта қара шаңырақпен «Лингвист-эксперттердің Сібір ассоциациясы» басқармасы, Сібір Федералды университетінің Заң институты, Экономика институты, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бірлесе жұмыс істейтін болды. Аталмыш құжаттар екі жақты әріптестікті нығайтып, ғылыми зерттеулерді дамыта түспек.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі