ӨНЕРЛІЛЕР ӨРГЕ ЖҮЗЕР

19.10.2011

Көрулер: 2211

Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның 20-жылдық мерейтойы елімізде кең көлемде аталып өтуде. Соған дәлелдің бірі, әрі бірегейі жақында өткен, яғни, 17-18 қазан күндері қалалық студенттердің арасында өткен «VIVAT, Қазақстан!» әскери-патриоттық әндер байқауы болды десек артық болмас.

Аталған өнер фестиваліне өзге студенттерден бөлек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттер клубының жанындағы Бақыт Есмұхамбетованың жетекшілігіндегі «Бақыт» би ансамблі, Алтын Айниязова жетекшілігіндегі «Вокал және эстрада» үйірмесінің әншілері), Саида Құрманғазиева жетекшілік ететін хор үйірмесі, Ғалымжан Сайлаубаевтің жетекшілігіндегі «Біз» театрының студенттері қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Атап өтер болсақ, «Әскери-патриоттық әндер» аталымы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығармашылық ұжымы дайындаған композициялық көрінісі «Арнайы сыйлыққа» ие болса, «Авторлық ән» аталымы бойынша – биология факультетінің 3-курс студенті Дана Әйтімова «Біз – Отанның ұланымыз!» атты әнімен 1- орынды жеңіп алды. Ал «Отан туралы ән» аталымы бойынша – Студенттік «Қайнар» квартеті (Досқан Жалниязов - георафия факультетінің 3-курс студенті, Талғат Айбосынов - жоғары экономика және бизнес мектебінің 3-курс студенті, Сұлтанбек Тұрғанбекұлы – химия факультетінің 2-курс студенті, Ерман Бердалы – тарих факультетінің 2-курс студенті) «Жаса, Қазақстан!» әнімен 2-орынды иеленсе, дәл осы аталымда механика-математика факультетінің 2-курс студенті Әсет Арыстанбек «Елім, елім-ай!» әнін орындап, 3-орынды жеңіп алды. Осы орайда үйірме жастарының жетістігіне ризашылығын білдірген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттер клубының жетекшісі Әйгерім Әлімжанова: «халқымызда «Өнер - ағып жатқан бұлақ, білім - жанып тұрған шырақ» деген аталы сөз бар. Білім ала жүріп өнерде белсенділік танытып жүрген жастарға алдағы уақытта да тек сәттіліктер тілейміз», - деген лебізімен бөлісті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз клубы