Ашық куратор-эдвайзер сағаты

22.10.2011

Көрулер: 2100

21 қазанда халықаралық қатынастар факультетінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ашық куратор-эдвайзер сағаты өтті. Аталмыш шараның ұйымдастырылуына сонымен қатар Дипломатиялық аударма кафедрасының эдвайзерлері доцент М.А.Омарова, доцент К.Қ.Смағұлова, оқытушы А.Қ.Ғабасова шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының эдвайзерлері Н.Шәріпқазы, М.Асыл атсалысты. Сондай-ақ дипломатиялық аударма кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, доцент С.Б.Бөрібаева эдвайзерлерге ашық сағатты ұйымдастыруда жан-жақты қолдау көрсетті. Ашық эдвайзер сағатына факультеттердің оқытушыларымен бірге университетіміздің Тәрбие жұмысы және тіл саясатын ұйымдастырушылық әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің жетекші маманы Ш.Е.Канафьева қатысты. Бұл эдвайзер сағатының басты мақсаты студенттердің тәуелсіз Қазақстанның даму тарихына, сыртқы саясатына қатысты білімдерін одан әрі тереңдетіп, олардың туған жерге, отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық сезімін ояту болды.

Халықаралық қатынастар факультетінің «халықаралық қатынастар» мамандығының 11, 14-топтары, «аймақтану» мамандығының 20-тобы және шығыстану факультеті «шығыстану» мамандығының 2-курс студенттері, «шетел филологиясы» мамандығының 1-курс студенттері өздерінің Қазақстан тарихы, қазақтың тегі, жұрт болып қалыптасуы, жаңа кезеңдегі даму жолы, республикамыздың сыртқы саясатына қатысты білім дәрежелерін көрсете отырып, қазақтың біртуар ақындарының өлеңдерін оқып, қазақтың халық әндерінен ән шырқап, баршаны өз өнерлерімен тәнті етті. Өздерінің білімімен, өнерімен көзге түскен студенттердің қатарында халықаралық қатынастар факультетінің 2-курс студенттері Гүлмира Әбішева, Дәулет Мелдеханов, Айжарқын Сейітбек, 1-курс студенттері Зайнапви Сужекова, Серік Сағымбаев, Айжан Маратқызы, шығыстану факультетінің 1-курс студенті Ернат Аманкелді, 2-курс студенті Перизат Сәменова бар. Жоғарыда аталған топтардың барлық студенттері ашық куратор-эдвайзер сағатына бір кісідей жұмыла отырып, өздерінің жауапкершілігі мен ұйымшылдығын танытты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі