Университетте студенттер қалашығының ластануына қарсы «ЭКОспецназ» атты жоба іске қосылмақ

22.10.2011

Көрулер: 2885

22 қазан 15.00-де алғаш рет университетімізде энергоэкология кафедрасына қарасты ҚазҰУ қалашығы аумағының ластануына қарсы «ЭКОспецназ» атты жоба іске қосылмақ! Бұл жобаның іске асырылуы нәтижесінде ҚТҚ(қатты тұрмыстық қалдықтар) келесідей компоненттерге бөлінеді: қағаз, шыны, органикалық қалдықтар, пластиктер және басқаларына. Осы жоба негізінде студент экологтардың Алматы қаласындағы ҚТҚ жиналуына байланысты проблемасына деген инициативасы көрінеді.

Жыл сайын қалдықтар көлемі бойынша шамамен 3% өсіп келеді. Көрсеткіштер бойынша Қазақстан Республикасында 22 млрд. тоннадай қалдықтар жиналған. Жыл сайын 400 млн. тонна өндірістік қалдықтар мен 20 млн. метр куб тұрмыстық қалдықтар жиналады. Алматы қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі жылына 470 мың тоннаны құрайды. Өндірістік және тұрмыстық қалдықтар көлемін азайту, ертеректе жіберілген ластануды жою Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарына арналған экологиялық қауіпсіздік Концепциясының негізгі мәселесі болып табылады. ҚР аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстары мүлдем жүргізілмейді деуге болады. Күн сайын Алматыда 1300 тонна қалдық шығады. Қазіргі таңда Алматының қалдықтарын қабылдайтын Қарасай полигоны лық толған. Жалпы Қазақстан бойынша ҚТҚ-дың 5 пайызы ғана өңделеді. Осыған орай, бұл жоба Алматы үшін де, жалпы Қазақстан үшін де өзекті болып отыр. Сондықтан, еліміздің бірінші ЖОО ретінде ҚазҰУ-да ҚТҚ басқару мен жастардың экологиялық тәрбиеленуіне байланысты жаңаша экоинновациялардың енгізілуі керек. Бұл барлық Қазақстан жастарына түрткі болады деп білеміз.

Экология проблемаларына салғырт қарамайтын, жобаға ат салысамын деушілерді шақырамыз!