Қазақ тілінің көсегесін жастар көгертеді

14.10.2011

Көрулер: 2001

Бүгінгі студент – келешек маман. Тәуелсіз елімізден озық мемлекет қалыптастырып, оны әлемдік деңгейде алға жылжыту жастарға жүктелер үлкен жауапкершілік. Бұл орайда студент тек маманданып қана қоймай, кәсібилік пен ұлттық мүддені байланыстыра білу қажет. Ұлттық мүдденің ең ұлығы ана тілін терең меңгеріп, құрметтей білумен ерекшеленеді. Елбасы өз жолдауында Қазақстан тұрғындарына қазақ тілін меңгерудің сапасын арттыруды талап етіп отырған тұста сол талап үдесінен шығуды оңтайландыруда жастар да қалыс қалмауы қажет. Осы бағытта 13 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жастардың рухани орталығында қоғамдағы мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты арнайы алқасөз өтті. Басқосуға студенттермен қатар, «Алаш үні», «Мемлекеттік тіл ҚҚ», «Ұлт тағдыры», «Аллажар» секілді бір топ қоғамдық ұйым өкілдері мен «Руханият» партиясының басшылары қатысты.

«Ұлттық болмысты сақтап қалу үшін әркім өзінің тарихымен тәрбиелену керек. Өзінің ұлттық мәдениетімен, құндылықтарымен мақтануы қажет. Қазақ тілі дамыған тіл, алдымыздағы міндет оның аясын кеңейтіп, қажеттілігін артыру. Бұл олқылықтардың орнын тек жастарымыздың бойындағы ұлтқа деген сүйіспеншілік, тілге деген құрмет қана толтыра алады. Қоғамдағы қазақ тілінің саяси функциясын арттыруымыз керек», - дейді студенттермен қазақ тілінің құдіретін бөлісе келген жазушы-журналист Бейбіт Қойшыбаев. Сонымен қатар ол, ана тілінің құдіретін арттыра түсу үшін күнделікті қолданыста қазақша үндесіп, ана тілінде тіл қатысуға үндеді. Ал жазушы, академик, қоғам қайраткері Молдағали Матқан: «Қазақ халқында ешбір ұлтта жоқ ұлылық бар. Біздер, әсіресе мына отырған жастар сол ұлылықты айналымға енгізіп, ұлттың ұлылығын ұлықтай білу міндет. Сонда әр қазақтың баласы көсем, хан болатыны сөзсіз. Ұлт болмаса маманның да қажеті жоқ», - деп пікір білдіріп, студенттер бір жақты маманданып қоймай ұлт болашағы үшін, зиялылықтың маңызын түсінуге, ұлт зиялысы болып қалыптасуға бүгіннен шақырды. Академиктің айтуынша, ХХІ ғасырда қазақ жастары үшін асылдандыруды қолға алу қажет. Сонда ұлттық мүдде де, ана тілі де, ұлттық құндылықтар да өз дәрежесінде биіктей түспек. Сонымен қатар, ұлттық мүддеге басымдылық берілсе, мәдениеті мен әлеуеті дамып отырған қазақ ұлтының тілінің де аясы кеңейіп, елдік егемендіктің болмысы жараса түспек.

Пікір алмасу түрінде өткен басқосу «Мемлекеттік тіл – этностарды ұйыстырушы фактор» және «Қазақ бренді: ұлтаралық татулық» деген өзекті тақырыптар төңірегінде сөз қозғады. Онда қазіргі қоғамда қалыптасып отырған «ұлттық ұйымдардың жұмысы нәсілдік, ұлттық, этностық қорлау мәселелеріне қарай бағытталған» деген жаңсақ пікірдің қисынсыз екендігі туралы айтылды. Қоғамдық ұйым мүшелері «Бiз әрқашанда республикамызда орыс тiлiнiң және барлық этнос тiлдерiнiң, салт-санасының, рухани құндылықтарының салтанат құруын, өркен жаюын қалаймыз. Сол ықыласымыз, талабымыз ешқашан өзгерiске түспек емес. Ал осы жолда мемлекеттiк тiл бәрiмiздi бiрiктiретiн дара күшке айналуы керек» деген пікірді алға тартып, қоғамда қалыптасқан ахуалдың ретсіз екендігін жеткізді. Өзге ұлт өкілдерінің есебінен мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру біздің ешқандай мақсатымызға сәйкес келмейді дейді олар.

Өз кезегінде Жастардың рухани орталығында ине шаншар жер қалдырмай тола келген студенттер қоғамдық ұйым өкілдеріне ризашылықтарын айтып, бүгінгі кездесу арқылы бойларындағы ұлттық рухын арттырып, қазақы болмысын серпілткендіктерін жеткізді. Жиын соңы сұрақ-жауап түрінде бүгінгі қоғамдағы болып жатқан түрлі жағдайларға байланысты одан әрі жалғасты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі