ҚазҰУ-да қазақ мәдениеті мен философиясы мәселелері талқыланды

25.11.2022

Көрулер: 3464

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, белгілі мәдениеттанушы ғалым, философия ғылымының докторы, профессор Ғабитов Тұрсын Хафизұлының 75 жылдығына арналған «Түркі әлеміндегі қазақ мәдениеті мен философиясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, АҚШ, Қырғызстан және Түркия ғалымдары, Тұрсын Ғабитовтің замандастары, шәкірттері, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастары қатысты.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғалымның мерейтойына орай жолдаған хатында: «Философия ғылымының іргелі салаларындағы зерттеулеріңіз сізді халықаралық ғылыми ортаға танымал етті. Ғылыми еңбек жолыңыз, ағартушылық, қайраткерлік қызметіңіз ізбасар жас ғалымдарға үлгі-өнеге», – деп жылы лебізін білдірді.

Конференцияны ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев мерейтой иесін құттықтап, «Сіз еліміздегі философия ғылымын жаңа бағытта зерттеп, түркі əлеміне ортақ ғылыми еңбектер жаздыңыз. Іргелі зерттеулер жүргізіп, мазмұнды монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдарын құрастырып, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырдыңыз. Сіз қазақстандық мəдениеттану мектебінің негізін қалаушы ретінде бұл салаға ерекше назар аударып, елімізде мəдени антропология ілімін өркендетуге жол аштыңыз», ‒ деп атап өтті.

Шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Хаджеттепе университеті, ТҮРКСОЙ және Түркия Республикасындағы ҚР бас елшілігі, Философия, саясаттану және дінтану институты, Қазақстандық философиялық конгресс және «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасының стипендиаттары бірлесіп ұйымдастырды.

Конференция жұмысында түркілердің әлемдік өркениетке қосқан үлесі, қазақ философиясының, Қазақстандағы мәдениеттанудың өзекті мәселелері талқыланды.

Вашингтон аймақтық университетінің профессоры Чарльз Веллер, Хаджеттепе университетінің профессоры, Түркі халықтарының білім беру бөлімінің меңгерушісі Озкул Чобаноғлу, Хаджеттепе университетінің профессоры, философия ғылымының докторы Сажиде Чобаноғлу сынды білікті ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасады.

Пленарлық мәжілістен кейін «Түркі мәдениетінің әлемдік өркениетке қосқан үлесі», «Ұлттық сана мен бірегейлікті негіздеудегі қазақ философиясының рөлі», «Қазақ мәдениеті мен Қазақстандағы мәдениеттанудың өзекті мәселелері», «Түркітанулық және қазақтанулық зерттеулер: мәдени-антропологиялық ракурстары» атты секциялар жұмысын жүргізді.

Атап көрсететін жайт, «Түркі әлеміндегі қазақ мәдениеті мен философиясы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында бірқатар маңызды ғылыми іс-шаралар өткен болатын. 27 қазан мен 9 қараша аралығында философия және саясаттану факультетінде профессор Ғабитов Тұрсын Хафизұлы шығармашылығының апталығы ұйымдастырылды.

17-18 қараша күндері Түркияның Анкара қаласында, «Түркі әлеміндегі қазақ мәдениеті мен философиясы» атты халықаралық конференция аясындағы іс-шаралардың алғашқы бөлігі өтті. ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшылығының кеңсесінде профессор Тұрсын Ғабитовтің «Қазақ этикасының теориясы мен тарихы» және «Қазақ мәдениетінің теориясы мен тарихы» атты еңбектерінің негізінде Хаджеттепе университетінің профессоры, доктор Озкул Чобаноғлу және профессор, доктор Сажиде Чобаноғлуның түрік-оғыз мәдениеті бойынша толықтырылуымен «Қазақ және оғыз этикасы: фольклорлық метаэтикалық негіздеме» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітап толық түрік тіліне аударылып, толықтырылған күйде ғалымдар мен қоғам назарына ұсынылды.

Сонымен бірге 18 қарашада түркітілдес мемлекеттердің философиялық қоғамдары өкілдерінің Түркі дүниесінің философиялық қауымдастығын құру жөніндегі жұмыс тобының мәжілісі мен Түркі философиялық қоғамының ашылу конференциясы өтіп, Хаджеттепе университетінде профессор Тұрсын Ғабитов көшбасшылық дәріс оқыды. Аталған шараға дипломатиялық миссия өкілдері, түркі елдерінің белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдары қатысты. Конференция материалдары бойынша қатысушылардың мақалалар жинағы шығарылады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі