Қалқаман Жұмағұлов - Алматы облысының "Құрметті азаматы"

14.10.2011

Көрулер: 2131

Қалқаман Жұмағұлов – Алматы облысының «Құрметті азаматы» атанды. Ректорат мәжілісінде, университет ұжымының жиналысында елімізге және алыс-жақын шетелдерге белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері, Білім беру саласының Құрметті қызметкері, академик Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұловқа мәртебелі дәреже – «Алматы облысының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Осы жайлы облыстық мәслихаттың хатшысы Ардақ мауытқанұлы Сыдық: «Бұл мәртебе белгілі ғалым, академик ғалымға, әлеуметтік өмірге, халықтың мәдениеті мен рухани байлығына қосқан ерекше еңбегі үшін мәслихаттың шешімімен беріліп отыр» деді.

Қ.Жұмағұлов 1948 жылы қазіргі Алматы облысының Арасан елді мекенінде дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін С.Киров атындағы КазМУ-ге түсіп, оны үздік бағамен аяқтады. Ғалымның 40 жылдық ұстаздық мектебі осы университет қабырғасында қалыптасты. Танымал ғалым тарих факультетінің деканы болып екі мәрте сайланды. Қазір ол Дүниежүзі тарихы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етіп келеді. Шетелдің бірқатар университеттерінде неміс тілінде еуразия, Орталық Азия, Қазақстан туралы танымдық дәрістер оқыды. Геттинген университетінің құрметті профессоры, Жетісу мемлекеттік университетінің, сонымен бірге басқа да отандық университеттердің Құрметті профессоры атағына ие.

Профессор Қ.Жұмағұлов Жетісу тарихы мен мәдениетіне қатысты мәселелердің бастауын сонау көне дәуірден алып, бүгінгі уақытқа дейін проблемалық мақалалар мен шолулар жазып, бірсыпыра ғылыми басылымдарда жариялады. ҚазҰУ-дағы Диссертациялық Кеңестің төрағасы ретінде білім, ғылым саласына докторлар мен кандидаттарды даярлау үлесіне елеулі үлес қосты. Өзінің ұзақ жылдық еңбек жолында республика мен Алматы облысының мектептері мен ЖОО-ларға мыңдаған мұғалім және оқытушы кадрларын дайындауға атсалысты.