Жастар Президент сеніміне лайық

18.11.2022

Көрулер: 1788

Қазақстан Президенті еліміздегі ең ірі мегаполиске сапарында қала жұртшылығымен арнайы кездесіп, Алматының ел тарихында айрықша орны бар екенін атап өтті.

Бұл жиында тұрғындарды, әсіресе жас­тарды баспанамен қамтамасыз ету жайы да қозғалды. Еліміздегі ең үлкен қалада баспана мәселесін шешу жайы қашанда күрделі. Әкімдік жалға берілетін тұрғын үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс екені ескертілді. Келесі жылдан бастап тұрғын үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет екені айтылды.

Президент Алматы қаласын дамы­туға қатысты мәселелердің үнемі бақы­лауда еке­нін атап өтіп, қала жұртшы­лығын алдағы мақсаттарды бірлесіп іске асыруға шақыр­ды. Ал студенттермен және жас ғалым­дармен кездесуінде мемлекет дамуына жастардың қосатын үлесі және Әділетті Қазақстандағы жастар саясатын жетілдіру жөніндегі пайымдарымен бөлісті.

Мемлекет басшысы баяндамасында бұған дейін негізінен еліміздің қазба байлықтарына, мұнай қорына арқа сүйеп келсек, енді заманның, уақыт­тың ыңғайына қарай адам капита­лы­ның маңызы артқан дәуірге қадам басқанымызға тоқталды.

Сондай-ақ алдағы уақытта білім культ­ке айналып, техникалық маман­дықтарға бәсекелестік артатынын жеткізді. Қазіргі таңдағы басы ашық мәселе – еліміздің ең ірі мегаполисінде 37 мың студентке жатақхана жетіспейтінін, тұрғын жай тапшылығын жою үшін тың тәсілдер әзірленетінін атап өтті. Бұл жаңалықты кездесуге барған шәкірттеріміз де, оқытушыларымыз да қуана қабылдады. Өйткені Әл-Фараби атын­­дағы Қазақ ұлттық университеті мау­сым айында оқу орнына ресми сапар­мен келген Президентке қалашық құрылы­сының ІІ кезеңін салу жоспарын таныстыр­ған еді. Даму жоспары бойынша кампус аума­ғында оқу корпустары, қызметтік тұр­ғын үй, жатақханалар салу көзделіп отыр.

Әзірге қалашық аумағындағы жатақ­ханаларды кеңейту арқылы орын санын көбейтуді қарастырып отырмыз. Жақын­да №5 және №10 жатақхана күрделі жөндеуден өтіп, студенттер игілігі­не берілді. №10 жатақхананың ашылуы­на Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы қатыс­ты. Бұл жатақханаларды жөндеу жұмыстары барысында тұрғын жай кеңейтіліп, әр бөлмеге қосымша бір төсектен қойылды. Осы тәсіл арқылы алдағы уақытта жатақханалардағы орын санын 2 мыңға арттыру ниетіміз бар.

Президент атап өткендей, шетел­дік жетекші университеттермен акаде­мия­лық ынтымақтастығымыз да нығая түсті. Мем­лекет басшысының қол­дауымен ҚазҰУ базасында МИФИ (Мәс­кеу инже­нер­лік-физикалық институты) Ұлттық зерттеу ядролық универ­си­теті филиалы ашылды. Сондай-ақ биыл білім ордасының Ыстанбұл мен Бішкектегі филиалдары жұмыс істей бастады.

Мемлекет басшысы келер жылдың 1 шілдесінен бастап оқытушылардың, сон­дай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылы­ми-зерттеу институттарындағы ғалым­дар­дың еңбекақысын ұлғайту механизм­дерін пысықтауды тапсырды. Қазіргі таңда QS әлемдік рейтингінде 150-орынға көтерілген ұлттық университетте оқыту­шы-профессорлар құрамының жалақысы айтарлықтай өсті. 2021-2022 оқу жылынан бас­тап оқытушы жалақысы – 38, аға оқы­ту­­шынікі – 75, доценттікі – 88, профес­сордың жалақысы 163 пайызға артты. Бүгінде оқытушы – 200 мың, аға оқытушы – 280 мың, доцент – 330 мың, профессор 500 мың теңге жалақы алады.

Президент кездесу қорытындысында «Біздің студенттеріміз бен жас ғалым­дарымыз еліміздегі реформаларға қолдау білдіріп, өзгерістерге сенетіні сөзсіз. Біз бұл өзгерістердің бәрін еліміз­дің келешегі – бүгінгі және ертеңгі жас­тар үшін жасап отырмыз. Біз мемлекет пен қоғам дамуының жаңа бағыт-бағдарын тек бірге айқындай аламыз», деп, жас буын өкілдеріне ерекше үміт артты.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы-ректор