ҚР Президенті атындағы стипендия иегерлері студенттермен кездесті

05.10.2011

Көрулер: 1715

5 қазанда ҚазҰУ-дың химия және химиялық технологиялар факультетінің Малахит залында Президенттік стипендия иегерлері студенттер, магистранттар және оқытушы-профессорлар құрамымен кездесті. Кездесуге ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректор Г.Балақаева, химия және химиялық технологиялар факультетінің деканы Е.Оңғарбаев, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің бастығы Т.Мұхитдинова және т.б. қатысты.

Ақордада Елбасы Н.Ә.Назарбаев республикамыздағы ең үздік он магистрантты Президенттік стипендиямен және төсбелгілермен марапаттады.

Марапттау рәсімінде Елбасы «Әрқайсыларыңыз өздеріңізді талантты магистрант ретінде таныта алдыңыздар. Осы арқылы сіздер үлкен жетістікке жеткендеріңізді дәлелдедіңіздер. Алдағы уақытта да өз-өздеріңізге үлкен мақсат қою біліңіздер. Біз әрқашан сіздерге және еліміздің талантты жастарына қолдау көрсетеміз», - деді.

Магистранттар Елбасының қабылдауын рәсімінде тек Президент ретінде емес, сонымен қатар, ғалым, академик ретінде де ой бөліскенін айтып, өздерін жас ғалым ретінде шынайы сезінгендерін айтып жеткізді. Барлық магистранттардың ғылыми жұмыстарымен жиналған қауымды таныстырып, олардың да зерттеп отырған тақырыптарын тарқатып айтты. Сондай-ақ, Президентпен кездесуден кейін ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловпен те жүздесіп, ҚазҰУ студенттері атынан «әл-Фараби» мүсінін сыйға тартып қайтты.

«Біз, еліміздегі алғашқы Президенттік стипендия иегерлеріміз, бұл біз үшін үлкен мақтаныш әрі қуаныш. Барлық магистранттар мен студенттерге ғылыммен айналысыңыздар, ел ертеңі бүгінгі сіздің бастамаңыздан басталады», - деді кездесуде Диляра мен Диана.

Стипендияны иеленген студенттер ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің екі магистранты бар. Олар: Диляра Копытина – биология және биотехнология факультетінің «Биотехнология» мамандығының магистранты, ал Диана Бүрлібаева – география және табиғатты пайдалану факультеті «Гидрометеорология» мамандығының магистранты.

Диляра 2008 жылдан бастап Биология және биотехнология институтының негізгі ғылыми жобаларына қатысып, жұмыс істеуде. Биология бойынша республикалық ғылыми олимпиадасының 2009 жылдың жүлдегері. 2010 жылдан бастап биология және биотехнология факультетінің биотехнология кафедрасының магистранты. Ғылыми жұмысы маңызды жеміс-жидек дақылдарының вирустарынан туындайтын проблемаларды зерттеу мен жоюға арналған. Қазіргі кезде жүзім вирустарының қазақстандық тест-жүйелерін шығару жұмысымен айналысады.

Екінші стипендиат – Диана Бүрлібаева, бакалавриатта оқып жүргенде Алматы қаласының су тұтыну мен суды пайдалану мәселелерін зерттеп, сол жұмысы үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің 1-ші дәрежедегі дипломымен марапатталған. Дипломдық жұмысы Ертіс, Есіл, Тобыл өзендерінің гидрохимиялық өзгеруін зерттеуге арналған. Қазіргі таңда география және табиғатты пайдалану факультетінің магистратурасында оқып жүріп, зерттеу объектісі ретінде Қазақстанның барлық негізгі өзендерін алып, осы ғылыми жұмысын жалғастыруда. 2008 жылдан бастап ҚР БжҒМ География институтының ғылыми жобаларына қатысушысы.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі