ҚАЗҰУ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНДАҒЫ БАСТАМАЛАРДЫ ҚОЛДАЙДЫ

01.09.2022

Көрулер: 5462

 

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ АУЫЗДЫҚТАЛУЫ ТИІС

Президент өткен жылғы жолдауында тәуелсіздіктің төртінші онжылдығының оңай болмайтынын ескерте келе, Үкімет пен Ұлттық банкке мемлекеттік бюджеттік қаражатты басқару тұжырымдамасын дайындауды, инфляция деңгейін 4-6 пайызға түсіруді тапсырған болатын. Азық-түлік бағасын өндірушілерден бастап бірыңғай баға орнату қажет екенін де, бағалауға жауапты мемлекеттік реттеу жүргізу тапсырылатынын да айтқан еді. Инфляцияның рекордтық деңгейге жетіп 14 пайызға жуықтауы, азық-түлік бағасының шарықтап кетуі, қант өнімінің қатты қымбаттап, орташа бағасы 86,6 пайызға өсуі, қаңтар оқиғасының салдары жедел түбегейлі шешуді талап етіп отырған мәселелерді айқындап берді.

Президент биылғы жолдауында қордаланған мәселелерді жаңа экономикалық саясат құру арқылы шешу жолдарына тоқталды. Тұрақтылықтың заңдық жүйеленуіне, инвестиция тартудың мақсатына, нәтижесіне және дифференциялық салық жүйесіне көшудің қажеттігіне, салық тиімділігін арттырудың маңыздылығына, тексерудің көптігіне тоқтала келе, бюджет саясатында Ұлттық қордың қаражатын алуды тоқтатуды, игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыру, бюджет мәселесін қабылдау керектігін атап, мемлекеттік сатып алу заңын қабылдау керектігіне назар аударды. Елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін өнім өндірушілерге жер керектігін, жер телімдерін бөлу нормаларын анықтаудың қажеттігін, субсидия бөлуді инфрақұрылымның көлеміне сәйкестігін қамтамасыз етудің олқы тұстарына тоқталды. Үкіметтің баяу қимылдауы салдарынан шекер мен жанар-жағармайға байланысты мәселелердің туындағанын да атап өтті. Су тапшылығының жылдан-жылға сезіліп, ауыл шаруашылығын дамытуға, жалпы, тіршілікке кері әсерін тигізбеуі үшін суды үнемді пайдалану керектігі айтылды. Ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін 2,9 миллион гектар жер қайтарылғанын, тағы 5 миллион гектар жердің қайтарылатынына тоқталды.

Еліміздегі ең үлкен мәселенің бірі – жол сапасы. «Жол – экономиканың күретамыры» десек, бұл мәселеге бейжай қарауға әсте болмайды. Мемлекет басшысы кезекті жолдауында жол мәселесіне тағы да тоқталып өтті. Жолдауда 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсартуға тапсырма берілді. Осы тапсырманы тікелей бақылауға алу Үкіметке жүктелді. Аса ірі көлемде мұнай өндіретін елімізде жол құрылысында аса қажет битум тапшылығының бар екенін сынап өтті. Тіпті ұят жағдай екенін айтып, Үкіметке аталмыш мәселені түбегейлі шешуді тапсырды.

Мәди БАЙДӘУЛЕТОВ,          

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қаржы және есеп кафедрасының аға оқытушысы, э.ғ.к.

 


ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ

«Конституциялық реформа жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды», – деп бастады сөзін Президент Қ.Тоқаев. Мемлекет ең алдымен бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы омбудсмен тағайындалады.

 Президентіміздің жолдауы заң және тәртіп саласында өрбіді. Жолдауда айтылған басты мәселелер: қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ жемқорлықтан таза болуы қажет деп анық көрсетті. Ең алдымен барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек. Көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгереді. Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынамын. Жоғары сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізген жөн. Ол үшін Президент үміткерлерді баламалы негізде Сенатқа ұсынуы керек.

         Аталған салаға мықты заңгерлерді тарту үшін материалдық жағдай жасау қажет. Судьялардың дербестігін арттыру үшін Жоғары сот кеңесінің мәртебесін нығайтқан дұрыс. Судья болуға үміткерлерді дайындау, біліктілігін көтеру жұмысы кеңестің құзыретіне беріледі. Сондай-ақ олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату мәселесімен де осы мекеме айналысады. Бұл мемлекеттік орган нақты кадрлық функциялары бар, толыққанды институтқа айналуы керек. Кадрларды іріктеуден бастап, барлық деңгейдегі соттарды тағайындауға ұсыным беруге дейінгі бүкіл міндет соларға жүктеледі. Күштік құрылымдар сотқа ықпал етпеуге тиіс. Бұл өте маңызды. Судьяларға әкімшілік қысым көрсететін амал-тәсілдің бәрі жойылуы керек. Судьялардың қызметіне араласуды шектей отырып, олардың заң бұзғаны үшін жауапкершілігін арттыру мәселесін атап айтты. Судьяның өрескел қателік жіберген және күшін жойған әрбір сот актісін қазылар алқасы тексеруге тиіс. «Сот төрелігін атқару сапасы» бойынша судьяларды бағалау және жауапкершілікке тарту институтын түбегейлі қайта қараған жөн. Апелляция институтын реформалау қажет. Істер бірінші сатыдағы сотқа қайтарылмай, нақты мән-маңызы бойынша шешім  шығарылуы керек деп атап көрсетті.

Әкімшілік әділеттің қолданылу аясын да кеңейту қажет. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың ауқымды бөлігінің және мемлекеттік органдармен арадағы азаматтық-құқықтық даулардың Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекспен реттелуі отандық сот төрелігін барынша ізгілендіріп, әділдікке бастайды. Сонымен бірге аудандық және облыстық соттар деңгейіндегі сот төрелігінің қолжетімді болу мәселесін пысықтау керек деп айтты.

Президентіміз жолдауда көтерген мәселелердің бәрін ел болып қолдауға шақырамын.

Ақылбек ИСАБЕКОВ,

Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті, з.ғ.к.

 

 

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНДАҒЫ МАҚСАТТАРҒА ЖЕТУ ҮШІН БҮКІЛ ҚОҒАМ ЖАҢҒЫРУЫ ҚАЖЕТ

Бүгін біз Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған кезекті жолдауын тыңдадық. Бүгінгі жолдаудың мән-маңызы өте ерекше. Олай дейтініміз, бұл жолдаудың жүгі бір қысқа мерзіммен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны бөлек.

Жолдауда Қазақстанның жаңару мен жаңғыру жолыңдағы дамуының басты мәселелеріне, атап айтқанда: әлеуметтік, рухани, экономикалық және демографиялық ахуалдарына көп көңіл бөлінген. Сондықтан да елді одан ары дамыту үшін әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктер мәселесін шешуді алға қойып отыр.

Өткен жалпыхалықтық референдум нәтижесінде еліміздің Ата Заңына – Конституцияға 50-ден астам өзгертулер енгізілді. Соның нәтижесінде өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басып келе жатырмыз. Осы жолда елімізге ең алдымен ауызбіршілік, ақыл мен парасат, табандылық қажет. Сондықтан біз жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеп, үздік білім және озық қабілеттілікпен адал еңбек етуге тәрбиелеуіміз қажет.

Біз келешекте әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталып, мемлекет пен қоғамның өзара сенімі және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз.

Президент жолдауындағы міндеттерді шешіп, мақсаттарға жету үшін әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Ұлттық, мемлекеттік құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруы тиіс. Олай болуы өз қолымызда. Сондықтан баршаңызды Президент жолдауын бір кісідей қолдап, алдағы уақытта еліміздің әлеуметтік, рухани, экономикалық ахуалын жақсартуға атсалысуға шақырамын.

Төлеубек ПЕНТАЕВ,

Картография және геоинформатика кафедрасының профессоры, т.ғ.д.  

 

 

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ – БАСТЫ ТАПСЫРМАНЫҢ БІРІ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті жолдауын асыға күткеніміз бәрімізге аян. Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу мақсатындағы осы жолдаудағы бағдарламалардың бірі жаңа экономикалық саясат, шикізатқа тәуелділіктен арылу, шетелдік инвесторларды кеңінен тарту, қалалардан жырақтау жатқан елді мекендердегі фельдшерлік бөлімшелерді қайтадан жандандыру арқылы жедел, кезек күттірмейтін медициналық көмек алу өте қуантарлық тапсырмалардың бірі болды деп ойлаймын.

Жалпы, жоғары білім беру саласында жүргендіктен, елімізді индустрияландыру жолында техникалық мамандықтарға биылғы бөлінген гранттар санының көбеюі және қолжетімді жоғары білім алуда студенттерімізге төменгі пайызбен несие алуға қолжетімділік – бұның бәрі қуантарлық іс-шаралар болды деп ойлаймын. Бүгінде жер жүзінде геосаясаттың дүлей дауылы соғып, тұрақсыздық ойнаған осы бір ауыспалы кезеңде мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын және ұлттық мүддемізді сақтап қалуда еліміздің әрбір азаматы өз үлесін қосып қолдау көрсетейік.

 

Мерген ЖҰМАНОВ,

Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің доценті

 

ЖОЛДАУ ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕДІ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқына арнаған дәстүрлі жолдауы Қазақстан дамуының жаңа міндеттерін айқындап берді. Бұл жолдауды біз асыға күттік, үлкен қобалжумен тыңдадық. Себебі осы жолы Президент елдің негізгі бағыт-бағдарын айқындап, жаңа Қазақстанды құру жолында нақты қадамдарды атады. Соның бірі – жер мәселесі. «Жер – халықтың меншігі» деген жоғалып бара жатқан қағиданы қайта бекітті. Халық өзі өндірген өніммен өмір сүруі қажет. Өнім өндіру үшін жер керек, ол үшін жер қойнауын терең игеру керек. Жердің біраз бөлігі жекеменшіктің иелігіне айналып кеткені баршаға мәлім. «Ауылшаруашылық мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев елді бір серпілтіп тастады.

Президент өз сөзінде: «Еліміздің басты құндылығы – адам», – деп, адам игілігіне қатысты жаңа саяси жаңғыру идеясын көтерді. Бұл жолғы жолдауда бұрын айтылмаған өзекті, өткір мәселелер алшы түсер сақаға құйылған қорғасындай көкейге қона кетті. Бір ғана мысал, Президент алға қойған міндет – білімді жастарды тәрбиелеу. Қазақстанның ең басты байлығы – алтыны, мұнайы, газы ғана емес, жаңарған өмірге сай жаңа сападағы білімді, еңбекқор халқы. Ел бастаған көсемі – кемел ойлы кемеңгер, халқы ел сүйсінген еңбеккер болса, еңсерілмес қиындық, алынбас асу жоқ. Бүгіні – нұрлы, келешегі – кемел жаңа Қазақстан соның айқын айғағы.

Қаңтар оқиғасы кезінде түйінін таппаған түйткілді мәселе де бүгін оң шешімін тапты. Арандатушылыққа еріп кеткен азаматтарға рақымшылық жасау үлкен қадам болды деп есептеймін. Барша қазақстандықтың көңілінен шықты дей аламын.

Алда атқарылатын жұмыстар әлі де ауқымды, әрі маңызды. Сондықтан біз Президент жолдауына іргелі байыптама, елдік тиянақ ретінде қарап, жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде үлкен жауапкершілікпен орындауға ұмтылуымыз қажет.

 

Дина АЛКЕБАЕВА,
профессор, филология ғылымының докторы

 

ЕЛІМІЗДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ БАСТЫ НАЗАРДА

1 қыркүйек – Білім күні мерекесімен қатар, еліміздің тарихында жаңа саяси ахуал орын алып отырғаны баршамызға аян. Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауын тыңдадым. Жолдауда көптеген мәселелерге тоқталды, бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылдыққа екінші жолдауы болмақ. Наурыз айында Президент елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын. Маусымда елді дамытудың мәселелері бойынша нақты шешімдерді қыркүйек айында өтетін Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында айтатынын мәлімдеген. Сол кезде құқық қорғау мен сот жүйесіндегі өзгерістерге де мән берілетіні атап өтілді.

Жолдаудың негізгі бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған. Соның ішінде маған қатты ұнағаны – «Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс президент сайлауына баруға дайынмын», – деп, Президент ел мүддесін ойлап отыр. Президенттік мандатты 7 жылға бір реттік етуді ұсынып отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеудің жаңа стандартын қабылдап, мұғалімдердің құзыреттілік шеңберін әзірлеу қажет. Жаһандық ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, орта мектепте жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды күшейту маңызды», – деді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінде арнайы ағылшын тілінде оқитын топтар бар, биологияның барлық саласын ағылшын тілінде оқып, болашақта ағылшын тілінде сабақ беріп немесе ғылыммен айналыса алады, ағылшын тобын бітірген студенттер үшін улкен мүмкіндіктер жолы деп айтуға болады. Жас буынға білім беру жолында еңбек етіп жүргендіктен, білім саласында болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтар жанымызға жақын. Әр уақытта ел Президентінің жолдауын студенттермен бірге отырып талдап, елдің даму болашағына өз үлесімізді қосу біздің азаматтық борышымыз деп түсінеміз. Елбасы жолдауын қолдаймыз.

 

Жанар ЧУНЕТОВА,

Биология және биотехнология кафедрасының доценті      


 

ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫН ЖАҚСАРТУҒА ЗОР ЫҚПАЛ ЕТПЕК

Медицина және денсаулық сақтау факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамы және студеттері Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгінгі жолдау шеңберінде жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шараларды мұқият тыңдап, талқылады.

«Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Атап айтсақ, еліміздің денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мәселесі. Қазіргі таңда медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетіледі. Ел Президенті мұндай жүйенің тиімділігі төмен және сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтер толық көлемде көрсетілмей отырғанын баса айтты. Осы орайда, денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарау мәселесін орынды деп санаймыз.

Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсарту, ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, медицинаға инвестиция тарту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту – қазіргі күннің талабы.

Келесі жылдан басталатын Ұлттық жоба ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, 650 елді мекенде толық жабдықталып, жаңғыратын медициналық және фельдшерлік пункттер бірінші медициналық көмекке тұрғындардың қолжетімділігін арттырады. Құрамында хирургия, реанимация бөлімшелері, инсульттік, оңалту орталықтары бар, модернизациядан өткен 32 ауданаралық көпсалалық медициналық мекемелер 4 миллионнан астам тұрғынның сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік береді. Мұнан өзге, телемедицина арқылы шалғай аудандарда тұратын халық жоғары білікті медициналық көмекке қол жеткізеді.

Отандық денсаулық сақтаудың бәсекелестікке қабілетті болуы үшін дәрігерлерді даярлау жүйесі жетілдіріледі, сонымен қатар резидентураға бөлінетін мемлекеттік гранттар саны 70 пайызға артады, медициналық жоғары оқу орындарының жанынан медициналық көпсалалық ауруханалар бой көтереді. Медициналық білім, ғылым және тәжірибе үштігі ұштасқан жағдайда ғана көрсетілетін медициналық көмек сапасы артатыны халықаралық тәжірибеде дәлелденген. Сондықтан да жолдауда айтылған іс-шараларды жүзеге асыру ұлтымыздың денсаулығын жақсартуға және нығайтуға зор ықпал жасайды.

Сүндетғали ҚАЛМАХАНОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ медицина және денсаулық сақтау факультеті
Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі директорының
ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, м.ғ.к.

 

 

 

ЕЛДІҢ ӘРБІР ТҰРҒЫНЫ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҮЛЕС ҚОСУЫ ТИІС

Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев ел халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Гүлденген қоғам» атты жолдауын ұсынды. Президент біздің еліміз дамудың жаңа кезеңінде, ең алдымен саяси саладағы өзгерістермен байланысты екенін, бұл, сөзсіз, қоғам өмірінің барлық салаларында құрылымдық өзгерістерге әкелетінін атап өтті. Саяси реформалардың лейтмотиві – «мемлекет барлық адамдар үшін тең мүмкіндіктер мен әділеттілікті қамтамасыз етеді» деген идея. Президент жолдауының басынан аяғына дейін қарапайым еңбеккерлерге, Қазақстан азаматтарына қамқорлық жасау идеясына назар аударылады.

Кез келген қоғамның үдемелі дамуы үшін елдің әрбір азаматы өзінің әлеуметтік мәртебесіне, қоғамдағы жағдайына қарамастан, өзінің елеулі үлесін қоса отырып, экономиканы дамытуға қатысуға, сол арқылы өзінің өмірлік қажеттіліктерін іске асыруға мүмкіндік алуы қажет. Сондықтан ел Президенті экономикалық саясаттың негізгі мақсаты ретінде азаматтарымыздың әл-ауқатының сапалы және инклюзивті өсуін анықтайды. Қ.Тоқаев осы мақсатқа қол жеткізу жолындағы өзінің нақты пайымын баяндап берді. Олар баға саясаты, тарифтерді айқындау, салық салу жүйесі, кедендік әкімшілендіру, бюджетті атқару, кәсіпкерлікті қолдау, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қайта ұйымдастыру, жер пайдалану проблемаларын ретке келтіру, білім салаларындағы міндеттерге қатысты.

Еліміздің әрбір тұрғыны жаңа Қазақстанның құрылысы мен қалыптасуына өз үлесін қосуы тиіс. Ең алдымен бұл интеллигенцияға, ғылымның, техниканың және мәдениеттің әртүрлі салаларында білімі мен арнайы білімі бар адамдарға қатысты. Осыған байланысты Президент дәстүрлі түрде білім беру саласындағы проблемаларға тоқталды. Президент мұғалімдерге «Әділетті Қазақстанды құруда шешуші рөл» береді. Қ.Тоқаев білім беру қызметтерінің сапасын арттыра отырып, жоғары білім беруді реформалауды жалғастыруға шақырды. Жоғары білім беру жүйесінде кідірісті күттірмейтін, шұғыл шешуді талап ететін проблемалар орын алуда: оқуға жеңілдікпен кредит беру, жатақханалар салу, жоғары оқу орындарында толыққанды эндаумент-қорлар құру. Президент жоғары білім беру жүйесінің алдында тұрған міндеттерді реттеудің нақты тәсілдерін ұсынды.

Жоғары оқу орындарының міндеті – ел экономикасы үшін жоғары білікті кадрларды сапалы даярлау. Осыған байланысты Президенттің тезисі өте маңызды: «Ұлттың күші – адамдар, олардың денсаулығы мен терең біліміне байланысты. Біздің қоғамда кәсібилік пен еңбексүйгіштіктің жоғары бағалануы өте маңызды. Еңбекқор азаматтар, өз саласының нағыз кәсіпқойлары елдегі ең құрметті адамдар болуы керек. Дәл осындай азаматтар біздің мемлекетімізді нығайтады».

Бүгін біз, Қазақстанның әлеуметтік белсенді азаматтары, еліміздің жетекші жоғары оқу орнының оқытушылары, Мемлекет басшысының идеяларын толық қолдаймыз және өз қолдауымызды мәлімдейміз.

А.АХМЕДОВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті

Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру

дайындығы кафедрасының аға оқытушысы

 


ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚПЕН КҮРЕС – АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМЫ

 

Президент жолдауында көтерілген айрықша мәселелердің бірі адам құқығының қорғалуына бағытталып отыр. Әсіресе отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы - Қазақстан үшін түйіні шешілмей тұрған өзекті мәселе.

Былтыр «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» заңы қоғам талқысына түсіп, қайшылықтары көп болғандықтан, қабылдануы кейінге қалған еді. Зорлық-зомбылық сипаттағы қылмыстардың 6-7 пайызы отбасында жасалады дейді деректер. БҰҰ-ның статистикалық мәліметіне жүгінетін болсақ, жыл сайын 3,5 млн адам отбасында болатын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Мұның 1,8 миллионы – әйел қауымы. Оның 90 пайызында зардап шегуші тарап – әйелдер. Сондықтан да бұл заңның көтеріп отырған мақсаты – қоғамның әлеуметтік әлсіз тобын, яғни әйелдер, жасөспірімдер мен қарт ата-аналарды қорғау.

Зорлық-зомбылық сипатындағы құқық бұзушылықтар отандық заңнамада, айталық Қылмыстық кодексте, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте бұрыннан анықталып қойған. Сондықтан бұл заңның атқаратын қызметі бөлек, ол – тұрмыста орын алатын зорлық-зомбылықтың жолын кесуге бағытталған кешенді құқықтық механизм. Сондай-ақ Еуропа елдерінің статистикасына қарасақ, педофилдіктің 30 пайызы отбасы мүшелері, 40 пайызы туысқандары тарапынан орын алады. Бұл осы тұрғыдан келгенде өте қажет заң.

Десе де, бұл заңды қабылдау бірқатар теориялық сұрақтарды дұрыс шешуді талап етеді. Біздің қоғамды ұстап тұрған – отбасы институты. Баланың отбасында өмір сүруге құқығы бар. Конституцияда «отбасы мен неке, әке мен ана және балалар мемлекет қорғауында болады» делінген. Алайда заң жобасында «жыныстық бостандық» ұғымы абсолюттендірілуі себепті бұл отбасы құндылығына салқынын тигізуі ықтимал. Адам құқығының мемлекет алдында басымдыққа ие болуы үшін қоғам алдында да осындай тәртіп қолдануы тиіс пе, бұл құқық қағидаларына сай ма деген мәселені тудырып отыр. Қалай болғанда да, бұл заңның өмірге келуі құқықтық мәдениетімізге оң және елеулі өзгерістер әкеледі.

Қазыбек ДӘУІТӘЛИЕВ,

Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының оқытушысы, з.ғ.к.

 

 

ЕЛ БІРЛІГІ МАҢЫЗДЫ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа жолдауында әлемде қалыптасып отырған жағдайларға байланысты мемлекет пен қоғам алдындағы белестер белгіленіп, азаматтық қауымдастыққа жүктелер жаңа міндеттер нақтыланғанын атап өтуіміз керек. Бұл орайда, сыртқы ықпалдар әсеріне және жаһандық сын-қатерлерге жол бермей, даму қарқынын сақтау, әрі қарай өсуге қажетті жағдай жасау, саяси тұғырнамаларды тіктеп, экономикалық ілгерілеу қадамдарын алға ұластыру қажет.

Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылу – заман талабы. Бұл орайда, қиындықтар кездесіп отырғанына қарамастан, бағдарымызды берік ұстанып келеміз. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың игілігі, елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық, сондай-ақ жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Серпінді дамуды болашағы біртұтас ұлт қана қалыптастыра алатынын атап өткім келеді. Мақсаты биік рухани ұстанымдар мемлекет іргесін бекітіп, мемлекетті нығайту ісіне қызмет етуде. Атап өтілген үрдіс билік пен халықтың ерік-жігерімен қамтамасыз етілуде.

Президент мемлекеттік басқару жүйесіне өзгерістер енгізіп, ашықтық, пікір әралуандығын орнатуға баса мән беруде. Халықпен келелі кеңес құру, жұртшылықтың пікірін елеп-ескеріп отыру үрдісі қоғамдағы түбегейлі өзгерістерге жол ашып беретіні түсінікті. Ол өзгерістердің баянды болмағы саяси институттардың берік орнығуына, соның ішінде қоғаммен байланыс рөлінің артуына да тікелей байланысты. Қоғамдық пікірді зерделеу арқылы елдің әл-ауқатын арттыру бойынша Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру кезек күттірмейтін мәселе. Бұл ретте билік пен халық өзара диалог орнату арқылы белсенді жұмыс атқаруы керек.

 

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессор м.а. 

 

 

 

ЖОЛДАУ ӨЗЕГІ – АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН ҚОРҒАУ

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауын жолдады. Президент жолдауы барша қоғамға бағытталған көптеген бағдарламалық құжаттардың ішінде ерекше орын алады. Оның мән-маңызы айрықша. Республика Президенті өз жолдауында мемлекет қызметі Қазақстан халқының игілігі үшін жасалуы тиіс екенін мемлекеттік биліктің барлық деңгейіне айқын түсіндірді. Ол мемлекеттің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына жан-жақты талдау жасап, азаматтардың құқықтарының шынайы жүзеге асырылуын мүмкін ету үшін, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекетте саяси тұрақтылықты, қоғамдық келісімді орнықтыру, қоғамның әл-ауқатын жақсарту бағытында қажетті жаңа міндеттерді белгіледі.

Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі Президент жолдауының өзегі болып табылады. Қоғамдағы татулық пен саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім – азаматтардың құқықтарын қорғаудың негізгі алғышарты, біздің көпұлтты мемлекетіміздің басты құндылығы.

Бұл жолдауда азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қауіпсіздігін қорғау мақсатында нақты міндеттер қойылып, оларды шешудің өзекті жолдары ұсынылды. Азаматтардың құқықтарын қорғауға және қауіпсіздігін күшейтуге ықпал ететін негізгі фактор ретінде сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформалар, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту танылған. Сонымен қоса, азаматтардың құқықтарын қорғау және оларды жүзеге асыру мүддесінде бюджеттік ережелерді енгізу керегін, азық-түлік бағдарламаларын әрі қарай жүзеге асыру, денсаулық сақтау жүйесін жандандыру, жұмыспен қамтамасыз ету, білімді ұрпақты қалыптастыру саясатын жалғастыру қажеттігін, мемлекеттік аппараттың халықтың мүддесі үшін, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау мүддесінде жұмыс істеуі тиіс екенін баса айтты.

Мемлекеттік басқару органдарының халықтың әл-ауқатын, оның әлеуметтік жағдайын жақсартуға, сонымен қоса, мемлекеттің ең қымбат қазынасы ретінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын түрлі құқық бұзушылықтардан қорғауға деген жауапкершілігін арттыру осы болашаққа ұмтылған бағдарламалық құжаттың – Президент жолдауының басты мақсаты болып табылады. Бұл құжат мемлекеттік билік және басқару органдары үшін, жалпы қоғам үшін еліміздің алдағы кезеңге арналған даму мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын бағдар.

Әйгерім ЖАРБОЛОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің

Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,

конституциялық және әкімшілік құқық

кафедрасының аға оқытушысы, з.ғ.к.

 

 

ЖОЛДАУ ЖАҢА ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕР ЖҮКТЕЙДІ

Ел Президенті Қ.Тоқаев кезекті Қазақстан халқына арнаған жолдауында мемлекетіміздің дамуының басым бағыттарын айқындап беріп, әлеуметтік саланың дамуына аса назар аударды. Мемлекет басшысының бастауымен ең төменгі жалақы әрі қарай артып, миллиондаған қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсаратын болады. Білім мен ғылым саласы қызметкерлері – біздің де жағдайымыз жылдан-жылға жақсарып келеді. Сондықтан өзіміздің негізгі міндетіміз – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісін әрі қарай жетілдіріп, экономиканың сапалы дамуына ықпал жасауымыз керек. Демек, жолдау бізге жаңа жауапкершіліктер жүктейді.

Негізі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мемлекетіміздің, оның экономикасының даму қарқынын арттыруға арналған жобалардың жүзеге асырылуына үлкен үлес қосып келеді. 2018 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің аталмыш жоғары мектебі флагманы құрамына университет ашылғанда ұйымдастырылған 84 жыл тарихы бар механика-математика факультетінен бөлініп шығып, жаңа ақпараттық технологиялар факультеті қосылды. Оның жұмыс істеп тұрған ежелгі екі кафедрасына қосымша IT саласының жаңа лебі – Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы ашылды.

Бірден аяғын нық басқан, бүгінгі ең танымал ақпараттық технологиялар факультеті алғашқы күннен сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандар даярлай бастады. Негізгі міндеті – бәсекеге қабілетті жоғары білікті IT мамандарын даярлау мақсатында сапалы білім беруді қамтамасыз ету болып табылатын факультетте бакалавриат студенттері, магистратура мен докторантурада оқитындар үшін жаңартылған білім беру бағдарламалары әзірленіп, көптеген шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен қосдипломды білім беру бағдарламалары бекітілді. Информатика, ақпараттық технологиялар, әсіресе жасанды интеллект саласы қарқынды дамып келеді. Оқу жоспарларын жыл сайын халықаралық стандарттарға, IT-индустрияның қажеттіліктеріне сәйкес жетілдіріп келеміз. Жетекші IT-вендорлардың (Microsoft, Cisco, Kaspersky, Siemens, Oracle, Huawei) қолдауымен факультет қаржы бизнесі үшін сертификаттық-пилоттық жобаларды орындауға мүмкіндік беретін зертханалық жабдықтармен жабдықталды.

Факультет 2020-21 жылдары 6 білім беру бағдарламасы ASIIN және AQUIN жүйелері бойынша халықаралық аккредиттеуден өтті.

Мен сабақ беретін Ақпараттық жүйелер кафедрасында «Ақпараттық жүйелер», «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері», «Есептеуіш лингвистика», «Жоғары жүктелген жасанды интеллектісі бар ақпараттық жүйелер», «Индустриалды ақпараттық жүйелер» мамандықтарынан бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша бойынша IT саласының болашақ үздік мамандары білім алып жатыр.

Біз сөз етіп отырған тәуелсіз еліміздің дамуының басым бағыттарының әр жолдауда қайталанып, жетілдіріліп отыратынын айттық. Себебі реформаларды жүзеге асыру барысында жіберілген қателерді түзету, дамыған елдердің тәжірибесін пайдалану сияқты мәселелер туындайды. Оларды дұрыс шешудің алғышарттары факультеттің бұған дейінгі атқарған қызметінде орын алған және жаңа туындаған жауапкершілікті табысты атқаруға мүмкіндік береді.

Ашылған кезде басты мақсаты – мемлекет азаматтарының цифрлық сауаттылығын арттыруға сүбелі үлес қосу, ел Президенті Қ.Тоқаевтың «100 мың білікті IT маман даярлау» жобасын жүзеге асыру болған факультетте бүгінгі таңда программалаушыларды олимпиадалық даярлау, үздіксіз IT-мамандарды даярлайтын «Компьютерлік ғылымдар» және Қосымша білім беру, Касперский зертханасының ақпараттық қауіпсіздік орталықтары құрылып, 6 оқу зертханасы жұмыс істеп отыр. Педагогикалық-ғылыми қызметпен 15 профессор, 32 ғылым докторы, 28 доцент, 30 ғылым кандидаты және 38 PhD докторы айналысады.

Жүйелі жүргізілген кәсіби бағдарлау жұмыстары нәтижесінде факультет мамандықтарына оқуға түскісі келетіндер саны жылдан-жылға артып келеді. Іс-жоспарларымыздың уақтылы орындалуы ұжым мүшелерінің жоғары біліктілік деңгейінің айғағы. Негізгі оқу жүктемесінен басқа, қосымша білім беру бағдарламаларына да үлкен көңіл бөлінеді және оқытушылар құрамы біліктілігін тұрақты жетілдіріп отырады. 2019-20 оқу жылы 50-ге жуық оқытушы Microsoft IT Academy, Cisco Networking Academy, COURSERA, SAS сияқты мәртебелі оқыту орталықтарының сертификаттарын иеленді. Ақпараттық жүйелер кафедрасы жанынан ашылған Касперский зертханасының Ақпараттық қауіпсіздік орталығы компьютерлік қауіпсіздік мамандарын қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жұмыстарын атқарады. Студенттердің 50 пайызға жуығы басқа кәсіби курстарда оқиды.

Жалпы алғанда, факультетте студенттердің академиялық ұтқырлығы, бірлескен ғылыми зерттеулер, ғылыми қызметкерлер, оқытушылар, студенттер алмасу үшін жоғары оқу орындарымен, ғылыми ұйымдармен 60-тан астам халықаралық келісімшарттар жасалған. Англияның, АҚШ-тың, Еуропаның, Кореяның, Жапонияның, Ресейдің және Қытайдың жетекші университеттерімен, ғылыми ұйымдарымен және орталықтарымен әріптестік байланыстамыз.

Мұның бәрі бізге жолдау жүктемелерін жүзеге асыруға үлкен ықпал ету мүмкіндігін тудырады. Ендеше факультетіміздің болашақта Қазақстан цифрлық қоғамының үздік IT-мамандары үшін жаттығу алаңына айналатынына сеніміміз мол.

Болат ӘБЕНОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы

 

ПРЕЗИДЕНТ ПАЙЫМДАРЫН ҚОЛДАЙМЫН

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауының негізгі идеясы – әр салада жаңа реформалар ұсынып, олардың жаңа бағытта жүзеге асуын қамтамасыз ету. Білім беру саласына енгізілетін жобалар қоғамның жаппай атсалысуына негізделіп, жастардың табысты білім алуына қолдау көрсетуімен ерекшеленді. Жастардың білімі мемлекеттің қаруы саналатындықтан, олардың білім ала жүріп еңбек етуге, бизнес және кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашу ұсынылды. «Еңбекқор адам ең сыйлы адам болуы тиіс», – деген Президент сөзі бүгінгі күннің басты қағидасына айналса, халықтың әл-ауқатының көрсеткіші артады деп пайым жасауға болады.

Қазақстан Республикасының білім беру мен ғылым саласындағы жүйелі өзгерістері әлемдік деңгейдегі жаңашыл бастамалармен үндесіп, мемлекеттің интеллектуалдық және рухани ресурстарының қайнар көзі ретінде басты рөл атқаруы тиіс. Себебі мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік жетістіктері ең алдымен оның білім беру жүйесімен, азаматтарының білім деңгейімен анықталады.

Ұлт мүддесіне ұйысуға шақырған жолдауда ұлттық сананы, психологияны, ойлау жүйесін, дүниетанымын, парасатын, рухын, бейнесін, сондай-ақ ұлттың инновациялық қабілетін дамыту көзделді.

 

Гүлнар МҰРАТБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Педагогика және білім беру менеджменті

кафедрасының профессоры, педагогика ғылымының докторы

 

 

Озық білім – ұлт сапасын жақсарту кепілі

Ел ертеңі өсіп келе жатқан жас ұрпақ білімінің тереңдігімен өлшенетіні сөзсіз. Себебі білімді, қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында мектепке дейінгі білім беру ісіне ерекше мән берді. Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзін басшылыққа алған Мемлекет басшысы мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болу керегін баса айтты.

«Балалардың балабақшаға бару мәселесін түпкілікті шешу керек, сонымен қатар тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көтеру қажет. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуі тиіс, олардың жұмыс жүктемесін біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады, сондықтан балабақшаны емес, балабақша қызметкерлерін, яғни тәрбиешілерді аттестациядан өткізу керек», – деді Президент.

Расында, «тәрбие мен білім – егіз ұғым» десек, мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болуы заңды. Ал талапты да тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеуде тәрбиешілердің еңбегі зор. Уақыт алға жылжыған сайын бала санасын дамытатын әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңаруда. Балалардың тілін дамытуда, қызықты тәсілдермен үйретуде жаңа озық әдістер мен технологияларды қолдану білім сапасын арттырады. Сол себептен мен Президент ұсынысын толықтай қолдаймын.

Өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беру – баршамыздың міндетіміз. Ұлт болашағын қалыптастыратын тұлғаны тәрбиелеуге, баланың жан дүниесіне үңіліп, оның мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағ­дай жасауға тиіспіз.

 

Серғазы ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

философия және саясаттану факультеті

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының оқытушысы


 

                                                                                 БҮГІНГІ БАЛА – ЕРТЕҢГІ ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Жастар мәселесі кез келген мемлекет үшін маңызды. Сол себепті жастарды жұмысқа орналастыру бойынша мемлекеттік бағдарлама жасауды іске асыру аса өзекті. Елімізде студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету де күн тәртібінде тұр. Әсіресе ірі қалаларда әр жылы тамыздың соңында жатақхана мәселесі көтеріледі. Биылғы Президент жолдауында осы мәселелерге айрықша мән берілді.

Мемлекет басшысы елімізде енді жолға қойылып келе жатқан мемлекет пен кәсіпкерлер серіктесігін одан әрі жалғастыруды айтты. Студенттер жатақханасы мәселесін шешу үшін де құрылыс компанияларын қызықтыратын ұсыныстар қажет сияқты. Мысалы, жатақхана салу үшін мемлекет жерді тегін беруі немесе студенттер үшін жатақхана салған компанияларға салықтық жеңілдіктер жасау. Мемлекет пен қоғам үшін игілік жасаған компанияларға жауап ретінде осындай мүмкіндіктер берілсе, алдағы уақытта кәсіпкерлер де қызығар еді.

Алайда Президент жолдауында жатақхана мәселесі мемлекет   мойнындағы жауапкершілік ретінде қала беретінін мәлімдеді. Бұдан бөлек, осыған дейін жекеменшік ЖОО-лардың мемлекет қолдауын алу мүмкіндігі төмен еді. Жатақхана мәселесінде мемлекет тарапынан жекеменшік ЖОО-ларға қолдау жасау орынды дүние.

Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы. Табиғи байлықтан түсетін табыстың бір бөлігін балаларға шот ашып, оны тек 18 жасқа толғанда ғана беру бастамасы көтерілді. Бұл да көптің көкейінде жүрген ой еді. Ұлттық табысты бөлісетін мемлекеттер әлемде саусақпен санарлық екенін естен шығармайық.

Руслан АҚМАҒАНБЕТОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының аға оқытушысы

 

 

 

Әділетті Қазақстанды құру – нақты бағдарлар нәтижесі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында елде жүргізілген конституциялық реформа жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болғанын атап көрсетті. «Бұл  мемлекет ең алдымен бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады» деген тұжырымын көрсете келе, реформалардың нақты бес бағдарына тоқталып өтті. 

Қай кезеңде де өркениеттің дамуында білім және ғылымның орны ерекше. Ілгері ұмтылып, көш бастаған елдер білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлетіні бесенеден белгілі. Бүгінгі күні де ғылым мемлекеттік саясаттың басты бағытына айналып отыр. Ғылым дарынды ғалымдардың біріккен тобының күшімен дамиды. Қазіргі әлемдегі ғалымдар нағыз ғылымның бел ортасында өмір сүруде. Жолдауда «Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс», – дей келе, мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновацияны қаржыландырудың өзегі саналатынына басымдық берді.

Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Ендігі кезекте ғалымдар қауымы мемлекет тарапынан жасалып жатқан шараларды қабыл алып, қазақстандық ғылымның ілгерілеуіне бар күш-жігерін сарп етуі керек. ҚР Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Имантайұлыша айтсақ: «Ғалым әріптестерімді мен кішіпейіл болуға, бос мақтан, жел сөзге елікпей, әлеумет мүддесі үшін зор жұмыстар істеуге, ел есінде қалатын тарихи ұлы игіліктер жасауға шақырамын» демекпін.

Гүлмира ҒАБДУЛЛИНА,

физика-математика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы

 

 

ҮМІТІМІЗГЕ ҮМІТ ҚОСҚАН ЖОЛДАУ

Президенттің халыққа арналатын жыл сайынғы жолдауы – мемлекеттің ең кем дегенде бір жыл ішіндегі барлық салалар бойынша даму жоспары мен қажетті реформаларды анықтайтын аса маңызды құжат. Жыл сайын қаншама құжат қабылданса да, орны өзгеше болып тұратын Президент жолдауының жөні бөлек.

Биылғы жолдаудың негізгі мазмұны биліктің өз халқымен етене жақын болып, өзара үнқатысымда табылу идеясымен үндес жатыр. Президенттің «Жаңа әділетті Қазақстан құру» мен «Халық үнін еститін мемлекет» идеясы ағымдағы жолдауының негізгі арқауы ретінде мемлекеттің экономикалық дамуына байланысты жаңғыртулар мен қоғамды салауаттандыруға арналған реформалардан көрініс тапты. Мысалы, ұзақ жылдар бойы қоғамда резонанс тудырған мәселе ұлттық байлықтың халық игілігіне айналуы болса, жолдауда оның шешіміне байланысты нақты шаралар анық көрсетілді. «Мемлекеттік сатып алу туралы заң», «Жаңа салық кодексін құру», «Жер телімдерін жекеменшікке игі мақсаттарға пайдалануға беру» секілді көптеген өзгерістер ұлттық байлықты теңдей бөлудегі қадамдардың басы деуге болады.

Кез келген мемлекеттің әлем елдерімен иық түйістіріп, терезесінің тең болуының бірден-бір факторы оның жоғары экономикалық әлеуеті екені хақ. Өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ішкі және сыртқы экономикасы мен халықтың әлеуметтік мәселелерінің түйінін шешетін бастамалар көтерді.

Президент жолдауында баса айтылған Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі мен жерінің біртұтастығын сақтауға байланысты заң және тәртіп аясында ұсынылған реформалар бүкіл халықтың жүрегіндегі көкейкесті мәселенің шешімінде жасалған оң қадам деп ойлаймыз.  

Сабақ болған қаңтар оқиғасы өткеннің өкпесімен, болашақтың бұлыңғырымен емес, дәл осы сәттің мәселелерін дер кезінде шешуді меңзеді. Халықтың рухани әрі материалдық қазынасының жалпыға ортақ жәдігер екені алға тартылып, бірқатар салалар бойынша жаңа жұмыс жүйесін құру қолға алынды. Тәуелсіз елдің ғұмыр өлшемі оның рухының мықтылығы, әлеуеті мен экономикасының тұрақтылығында. Бір сөзбен айтқанда, жолдауда көтерілген бастамалар әрбір қазақстандыққа алдағы жылы қарқынды еңбек етуге, елдің тұрмыс жағдайын жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз.

 

Аяужан ТАУСОҒАРОВА,

филология ғылымының кандидаты, доцент


 

                                                                               Ел болудың басты шарты – ел бірлігі

Биылғы 2022 жыл еліміз үшін ауырлау басталды. Жаңа жылдан тек жақсылық күтіп отырған кезде күтпеген жерден қаңтар оқиғаларына ұрынуымыз есеңгіретіп тастағандай болды. Енді-енді есін жия бастаған ел тәуелсіздіктің оңай жол емес екенін, оны көздің қарашығындай қорғап, мемлекеттік, ұлттық ұстанымдармен өмір сүре білу керектігіне көз жеткізе бастады.

Егемен ел болудың басты шарты – ел бірлігі. Қазақстан да қазақ көшін бастаған биліктің соңынан еріп, «есік-тереземіздің» әлеуметтік, рухани, экономикалық жақтарын бүтіндей бастады. «Единица болмаса, не болады өңшең нөл», – деп ұлы Абай айтқандай, халқымыз Президентіміз Қ.Тоқаевтың басшылығымен жарқын болашаққа бет алғандай.  

Ұлттық мемлекеттің дамуында мемлекеттік, ұлттық идеология басты рөл атқарады. Қазақстан да моноұлтты мемлекет ретінде осы бағытқа қарай біртіндеп бет бұра бастады. Бұған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған кезекті жолдауымен танысқанда көз жете түскендей болды.

Биылғы жолдаудың ең басты ерекшелігі деп, Қазақстан халқының тәуелсіздігін қамтамасыз ететін бірлікке шақырып, әлеуметтік жағдайды жақсарта түсу үшін рухани дамудың, ел экономикасын нығайтудың жолдарын көрсету, оларды жүзеге асырудың нақтылы міндеттерін алға қоюы дер едім.

Жаһандану дәуірінде адам капиталы, экономикасы мықты, қорғана алатын ұлттар, мемлекеттер ғана өмір сүре алады. Ертеңін ойлаған ел ең алдымен жас ұрпақтың қамын жасайды. Жолдауда ұрпақ тәрбиесі, білім беру мәселелеріне едәуір көңіл бөлініп, оны жақсарта түсу мақсатындағы шаралар айқындалыпты. Мысалы, жуық арада балабақшалардағы орын жетімсіздігінен арылу, тәрбиешілердің, мұғалімдердің біліктілігін, білімін арттыра түсетін жағдайлар жасау керектігі жайлы міндеттер белгіленген. Осы орайда, өзім қызмет атқаратын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де жаңа заманның жан-жақты тәрбиеленген жас мамандарын тәрбиелеуде айтарлықтай жұмыстар жасалынып жатқанын айта кеткім келеді.

Жолдауда әділетті Қазақстан құру бағытындағы көптеген шаралар нақтылана түскен. Солардың ішінен әсіресе көптің көкейінде жүрген байлықты әділ бөлісу, Қазақстан азаматтарының заң алдында тең құқылығы сияқты мәселелердің де көтерілуі көптің ойынан шыққандай. Жолдаумен танысу барысында билік халықтың мұң-мұқтажына назар аударып, арызына құлақ аса бастағаны байқалады. Биліктің Қазақстан мүддесіне атқарып жатқан, алға қойып отырған ауқымды шараларына қолдау білдіріп, жүзеге асуына бірге атсалысайық.

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,

филология ғылымының докторы

 

 

 

 

Бұл мемлекет тарапынан үлкен қолдау

 Университеттің профессоры ретінде бізге жолдауда жоғары білім беру саласына қатысты тұжырымдар маңызды болды.

Отандық жоғары оқу орындары сапасының артуына орай, оларда оқу құны да өсетіні анық. Осыған байланысты мемлекет білім беру гранттарын бөлуді жоспарлап отыр, яғни ҰБТ нәтижелері мен өзге де көрсеткіштерге байланысты мөлшері бойынша 30-дан 100 пайызға дейін сараланып,  жылдық 2-3 пайызбен оқуға несие беріледі. Бұл  мемлекет тарапынан үлкен қолдау.
Білім саласына қатысты келесі өзекті мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл мәселені шешу мақсатында Президент жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін белсенді енгізуді ұсынды.

Жолдаудағы жаңа идеялардың бірі – әрбір отбасының елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты қайтарым алуы тиіс деген ережесі. Осыған орай, Президент Балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» жобасы өте маңызды екенін атап көрсетті. Мемлекет басшысы Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аударуды ұсынды. Кәмелетке толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға бағытталатын болады. Жолдауда атап өтілгендей, бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама болатыны қуантады. Президент болашақ сайлау науқандарының кестесін ұсынып, ағымдағы жылдың күзінде кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді ұсынды және өзінің өкілеттік мерзімінің қысқаруына қарамастан, президенттік сайлауға қатысуға дайын екенін білдірді.

Клара МАҚАШЕВА,  

Халықаралық қатынастар мен әлемдік экономика кафедрасының профессоры, тарих ғылымының докторы  

 

 

 

Ұлт болашағы бүгіннен басталады

Президент жолдауы еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды орын алатын елеулі оқиға. Бұл құжатта қазіргі таңдағы әлемдік экономикалық даму үрдісі мен аймақтағы геосаяси ахуал, елдің ішкі дамуы мен сыртқы факторларды есепке ала отырып ел дамуының жаңа көкжиегі айқындалған. 1 қыркүйек күнгі жолдауда жаңа Қазақстан жағдайында әділетті мемлекет құрудың нақты қадамдары көрсетілген. Біртұтас ұлт пен берекелі қоғам құруға бағытталған бес ірі бағдар айқындалды.

Әсіресе ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция бойынша күрделі әлеуметтік мәселелердің шешімі мен нақты жолдары көрсетілді. Көптің көкейінде жүрген табиғи байлықтарымыздан түскен табыстан құралған Ұлттық қор қаржысының инвестициялық табысының 50 пайызын жас қазақстандықтардың, яғни сіз бен біздің балаларымыздың есепшотына салу туралы шешімі халық арасында үлкен ықылас тудырды. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары саласындағы өзгерістер ұлт сапасын арттырудағы нақты қадамдар деп білемін. Заң үстемдігі мен әділетті қоғам, жолдар сапасы, салық, кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялар тарту және т.б. мәселелер халықтың күнделікті өмірінің мұң-мұқтажын құрайды. Жолдауда сол мұқтаждықтардың билік басына жетіп қана қоймай, нақты шешу жолдары айтылғаны қуантады. Халық жанын қасіретке ораған қаңтар оқиғасы салдарының салқыны есіп, әлі де жүдеп тұрған сәтте азаматтарға кешірім жариялау шешімі жүрекке жадау болмақ.

Жалпы, жолдауда айтылған әрбір проблема мен оны шешудің нақты жолдары Үкімет жұмысының негізігі бағдарына айналуы тиіс. Дегенмен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бұл шараға әрбір қазақстандық өз үлесін қоса алады. Әркім өз жұмысын сапалы, жауапкершілікпен орындап, отбасы мен қоғам ісінде берекеге ұйытқы бола білсе екен. Жауапкершілік пен нақты жасалған іс қана біздің әрқайсымыздың бүгініміз бен болашағымызды айқындайды. Президент айтқандай, жалаң ұран мен қызыл сөзден шаршаған бұқараға нақты іс керек.

 

Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА,

Қазақстан тарихы кафедрасының доценті

 

 

 

Білім, ғылым саласындағы негізгі мәселелердің шешімін айқындады

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында еліміздің бірқатар салаларындағы ең өзекті, түйткілді деген мәселелерге байланысты жүзеге асырылуы тиіс өзгерістер мен реформалардың бірнеше бағдарын атап өтті. Соның ішіндегі үшінші бағдар – «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» бойынша білім, ғылым саласындағы негізгі мәселелердің шешімін айқындады.

Техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және  еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керек екенін атап өтті. Яғни елімізде маман даярлау үдерісінде техникалық мамандықтарға айрықша көңіл бөлу керектігін, олардың сапасын арттыру мәселесін көрсетті. Сапаның артуымен ЖОО-ларда оқу ақысының да артатынын айтып өтті. Әрине, бұл өзгеріс болашақта ақылы оқитын студенттердің келіспеушілігін туындатуы мүмкін. Бірақ қазіргі жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайында бағаның артуы – нарықтың заңдылығы, талабы. Осыған орай, мемлекет Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-100 пайыз аралығында болады. Сонымен қатар білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де берілетінін айтты. Бұл да ЖОО-да білім алу қолжетімділігін арттыратын фактор болып саналмақ. Өзекті мәселенің бірі болып саналатын студенттердің жатақханамен қамтамасыз етілуін ерекше атап өтті. Тіпті мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік ЖОО-лардың жатақханасы болуын міндеттеді.

 Әрине, шешімін таппай жатқан әлі де түйткілді шаруалар бар. Десек те, Президентіміздің «Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды» дегендей, бұл өзгерістердің оң ықпалына біз сенеміз.

Бейбіт КӘРІБАЕВ, 

физика-техникалық факультеті Қатты дене және бейсызық физика кафедрасының аға оқытушысы, PhD 

 

 

 

Студенттер – ел келешегі  

Біз Қазақстанның оқу бағасы төмен және студенттерді әлеуметтік жағынан қолдау жағы да төмен елге жататынын білеміз. Қазақстандық жоғары оқу орындарының көпшілігінде оқу ақысын көтеру маңызды болып жатқаны белгілі. Өйткені, университеттік білім мен ғылымды жақсарту мақсатымен материалдық базаны жаңарту және жоғары квалификациялы оқытушыларды тарту қажеттігінен туындап отырғаны сөзсіз. Мемлекет үшін екінің бірін таңдау қажет. Біріншіден, жоғары оқу орнының бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін қаржыландыруды көтеру керек, оның ішінде оқытудың құнын көтеру арқылы, екіншіден, жоғары білімнің қолжетімдік саясаты тұрақты болу керек.

Зерттеулерге қарағанда жоғары білімді қаржыландыруға төрт жақ қатысады: мемлекет (салық төлеушілер), ата-аналар, студенттер және филантроптар. Алайда, мемлекеттік бюджет шектеулі болғандықтан және оқу бағасының өсуі студенттік білім беру несиелеріне деген сұраныс өсіп жатқаны дәлелденді, бұл студенттерге өздері дербес еңбекақы табатын уақытқа дейін университетке төлейтін қаражатының мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Қазақстан контексінде жоғары білім үшін мемлекет үштен бірін, үштен екісін  ата-аналар төлеп жатқаны белгілі. Студенттер мен филантроптар мүлдем төлемейді немесе өте аз мөлшерде төлеп береді. Дегенмен де, студенттердің өзі несие көмегімен өздерінің жеке оқуын қаматамасыз етуге қолайлы жағдай жасаса маңызды болады. Біріншіден, мемлекеттік гранттар тек арнайы мамандықтарға ғана бөлінеді, сондықтан  студент өз қабілетіне қарай ұнататын мамандықты таңдай алмайды, тек гранттарға қолжетімді болғандықтан сол мамандыққа баруына мәжбүр болады. Екіншіден, гранттарды бөлу үшін салаларды айқындау тәжірибесі де мінсіз емес. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ОЭСР) эксперттері бұл фактіні қазіргі жүйенің әлсіз жақтарына жатқызады. Ал, мемлекеттік гранттың иегері оқу кезінде мамандығын өзгертуге құқы жоқ, өзгертсе, грантын жоғалтады. Білім несиелері студенттерге оқуы үшін өзі төлеуге мүмкіндік береді, нәтижесінде, өзінің қызығушылығы мен қабілетіне қарай мамандықты таңдауға мүмкіндік береді, сонымен қатар оқу нәтижесіне деген жауапкершілігін сезінеді. Сондықтан Жолдауда студенттерге «2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие беруді» бекемдеуі құптарлық нәрсе әрі жастардың қызығушылығын арттырады деп білеміз.

Айша БЕГАЛИЕВА,

ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің аға оқытушысы