Кәсіпкерліктің тұғырын тіктер мамандық

04.07.2022

Көрулер: 1524

Президент Қ.Тоқаев нақтылап берген 10 ұлттық жоба «Кәсіпкерлікті дамытуды» да қамтиды. Басты міндет – кәсіп­кер­лік субъек­тілері үшін қар­жылан­дыру­дың қолжетімділігін арттыру және экономикадағы мемлекеттің үлесін төмендету. Сонымен қатар ұлттық тауар өткізу желісін құру және жаңғырту жоспарлануда.

Соңғы мүддені жүзеге асыруда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебі Бизнес технологиялар кафедрасының рөлі маңызды. Өйткені маркетинг – қазіргі кәсіпкерліктің негізін құрайтын нарықтық экономикадағы басқарудың негізгі тұжырымдамасы.

Кәсіпкерлік қызметті маркетингтік басқару – нарықтық мүмкіндіктерді талдауды, мақсатты нарықтарды таңдауды, маркетинг кешенін әзірлеуді, жоспарлауды, ұйымдастыруды және мақсатты нарықтармен тиімді алмасуды орнатуды, нығайтуды және қолдауды қамтитын өзара байланысты іс-шаралар жиынтығы.

Ұлттық жоба бекітілген уақытта экономика министрі болған Әсет Ерғалиев бір сұхбатында кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсатында 690 мың шағын және орта бизнес субъектісі мем­лекеттік қолдау шараларымен қамтылатынын айтқан болатын. «Бастау Бизнес» аясында жеке ісін ашқан кәсіпкерлер саны екі есе өседі. Соның ішінде 55 мың ауыл кәсіпкеріне нақты қолдау көрсетіледі. Сауда инфра­құрылымының заманауи форматтарын құру мақсатында көпформатты сауда объектілері 6-дан 132-ге дейін ұлғайтылады», – деді экс-министр.

Еңбек нарығында сұранысқа ие маркетологтарды даярлау мақсатында кафедрадағы көрнекті академик-профессорлар, еңбек сіңірген қайраткерлер мен кәсіби біліктілігі жоғары доценттер еңбек етуде. Бизнес технологиялар кафедрасының базасында «Маркетингтік агенттік» студенттік ғылыми үйірмесі жұмыс істейді. Үйірме кафедраның студенттері мен жас ғалымдарымен ғылыми жұмысты жетілдіру, Қазақстан Республикасы экономикасының түрлі салаларында жұмыс істеу үшін білікті мамандарды даярлау сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ ғылыми қызметке қызығушылықты қалыптастыру және дамыту, дарынды жас ғалымдарды қолдау және елдің кадрлық әлеуетін қалыптастыру үшін қажетті жағдайлар жасау болып табылады. 
Бизнес технологиялар кафедрасы дайындаған маркетинг мамандары тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар ТМД елдерінде үздіктер қатарында. Ұлттық және халықаралық экономиканың барлық салаларында, сондай-ақ мемлекеттік қызметте жұмыс істеген көптеген түлектер біздің еліміздің мақтанышына айналып жүр. Сол себепті елімізде кәсіпкерлікті тиімді басқару және дамыту үшін ЖОО-ларда бәсекеге қабілетті маркетинг мамандарын даярлаудың маңызы зор.
 

Тұмар АСАНОВА,

Бизнес технологиялар кафедрасының аға оқытушысы