ҚазҰУ мен ТМЭУ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

12.05.2022

Көрулер: 3286

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Ташкент мемлекеттік экономика университетінің проректоры, ғылыми-зерттеу орталығының директоры Мухитдин Калоновпен кездесу өткізді.

Жүздесу барысында ҚазҰУ мен Ташкент мемлекеттік экономика университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісімнің негізгі мақсаты – серіктестікті дамыту, оқытушылар мен студент алмасу және білім мен ғылым саласында бірлесіп жұмыс істеу.

Кездесуде университет басшысы Жансейіт Түймебаев құрметті мейманға Өзбекстан жоғары оқу орындарымен бірлесіп жұмыс жүргізудегі ҚазҰУ-дың тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ өз сөзінде ректор бүгінгі келісім жаңа мүмкіндіктер мен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты арттыруға серпін беретінін атап өтті.

Өз кезегінде Мухитдин Калонов  кездесуге мүмкіндік бергені үшін білім ордасының басшысына ризашылығын білдіріп, өз ойын ортаға салды.

«Меморандум аясында біз оқытушылар мен студенттер алмасып, мәдени іс-шаралар өткіземіз. Бұл тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан да бүгінгі бастама екі елдің білімі мен ғылымының дамуына үлес қосады деп сенемін», – деді Ташкент мемлекеттік экономика университетінің проректоры.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі