«Жас лингвистер» клубының тұсауы кесілді

21.09.2011

Көрулер: 2110

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап университет көлемінде әртүрлі іс-шаралар өткізуде. Сол іс-шаралардың ең ауқымдысы ретінде Қазақстан тілдері мерекесіне орай тәрбие жұмысы жөніндегі департаменті ұйымдастырып отырған «Тілдер» фестивалінің апталығын айтуға болады. Осы апталық аясында 21 қыркүйек күні филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде аталмыш факультеттің жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасы жанынан ашылған «Жас лингвистер» клубының тұсаукесер рәсімі өтті.

Факультет деканы филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы және университетіміздің құрметті қонағы, жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасының шақыруымен факультетімізге дәріс оқуға келген Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің профессоры Крейдлин Григорий Ефимович клуб лентасын қиып, болашақ жас лингвистерге ізгі тілектерін жолдады. Жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасының аса қадірлі профессоры, танымал лингвист ғалым Сүлейменова Элеонора Дүйсенқызы студенттерге лингвистика ғылымының қыр-сыры жайлы өз ойымен бөлісті. Кафедра меңгерушісі Мәдиева Гүлмира Баянжанқызы клубтың шығу тарихы жайлы баяндап, болашақ жоспарларымен таныстырды.

Клуб жетекшілері филология ғылымдарының докторы, профессор Ибраева Жанар Құлматқызы және филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мәмбетова Мәншүк Құдайбергенқызы «Жас лингвистер» клубының қатарына 1 курс студенттерін қабылдап, куәліктер табыс етті. Кеш соңы құттықтау сөздермен, әсем әндермен жалғасты.

Лингвистика – шексіз ғылым. Қазіргі тіл туралы ғылым өз шеңберін барған сайын кеңейтуде. Осыған орай кафедра оқытушылары лингвистика ғылыми аясында болып жатқан әртүрлі инновациялар, жаңа бағыттар, тың идеялар, тұжырымдамалар жайлы студенттер мағлұмат алып, өз ойымен бөлісе алатын білімді жастардың бас қосатын мекені болсын деген ниетпен ашқан «Жас лингвистер» клубы 2011 жылдың сәуір айында құрылды. Клубқа филология факультетінің «лингвистика», «қазақ тілі мен әдебиеті», «қазақ филологиясы, «орыс тілі мен әдебиеті», «орыс филологиясы», «шетел филологиясы», «екі шет тілі», «аударма ісі» мамандықтары бойынша оқитын, лингвистика ғылымына қызығушылық танытқан кез келген студент мен магистрант мүше бола алады. «Жас лингвистер» клубының мақсаты студенттердің лингвистика ғылымына деген қызығушылықтарын оята отырып, аталмыш ғылым саласы бойынша терең әрі жан-жақты білімін қалыптастыру, жас лингвистерден болашақ лингвист мамандар дайындауға өз үлесін қосу болып табылады. Клубтың бағдарламасына сәйкес студенттер тек қана тіл білімі бойынша қосымша ғылыми мәліметтер алып қана қоймай, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастыруға қатыса алады. Сондай-ақ клуб мүшелері бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатады, бір-біріне сұрақ қойып, өзгенің пікірін тыңдай білуге, өз пікірін дәлелді түрде жеткізуге дағдыландыратын пікірталастарға қатыса алады. Клуб мүшелері республикамыздағы және шетелдердегі әртүрлі ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарларға белсене қатысады. Клуб ҚазҰУ-дың тәрбие жұмысы жөніндегі департаментімен, Алматы қаласы әкімдігінің Тіл комитетімен, Қазақстандық «КАЗПРЯЛ» және Халықаралық «МАПРЯЛ» ассоциацияларымен тығыз байланыс орнатқан. «Жас лингвистер» – клубы студенттерді тіл білімі әлеміне енуге жақындата түсетін бірден бір мүмкіндік. «Жас лингвистер» клубы ғылымға адастырмай апаратын даңғыл жол болатындығына нық сенімдіміз!

М.Қ. Мәмбетова,

Жалпы тіл білімі және шетел

филологисы кафедрасының доценті