Жаңа Қазақстанға жаңарған ғылым қажет

12.04.2022

Көрулер: 7941

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен бекітілген қазақтың аса көрнекті ғалымы Қаныш Сәтбаев дүниеге келген 12 сәуір –  Ғылым қызметкерлері күні ретінде биыл 10-шы мәрте атап өтілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ғылым саласын ұдайы дамытуға, перспективасы бар  ғылыми зерттеулерді қолдауға, ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін арттыруға айрықша көңіл бөліп келеді. Оның ішінде ғылымды дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыру үшін негізгі рөл зерттеу университеттеріне берілуі қажеттігін атап көрсетті. «Еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз», – деп, жоғары оқу орындарына  жаңа міндеттер жүктеді. Бұл – жаңа Қазақстанды құруға бет бұрған білім ордалары үшін кезек күттірмейтін уақыт талабы.

Өйткені шетелдік тәжірибеге сүйенер болсақ, әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттері білікті мамандар даярлаумен шектелмейді. Мұндай жоғары оқу орындары кең спектрлі ғылыми зерттеулерді іске асыруға және оларды экономиканың нақты секторына конвертациялауға маманданған. Қазіргі «цифрлық әлем» жағдайында жұмыс істейтін «инновациялық экожүйелерді» құру – заманауи ғылымды жаңғыртудың бірден-бір жолы.

Осы мақсатта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті іс жүзінде зерттеу университетінің моделін жүзеге асыра отырып, қоғам мен бизнес үшін пайдалы зерттеулер мен әзірлемелер ұсынуда. Бүгінгі таңда ҚазҰУ-дың ғылыми қызметін дамытудың негізгі векторы – келешегі зор жаңа ғылыми бағыттарды анықтау мен қолдау, пәнаралық және халықаралық қолданбалы зерттеу жобаларының өсуін қамтамасыз ету. Сондықтан тоқсан жылдық тарихы бар оқу орны еліміздің басқа университеттерінде теңдесі жоқ бірегей ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды басқаратын ірі зияткерлік корпорацияға айналуға нақты қадамдар жасап отыр.

Университетте 16 факультет пен жаратылыстану бағытында 18 институт және 21 әлеуметтік-гуманитарлық бейіндегі ғылыми-зерттеу орталығы шоғырланған. Мұның барлығы кластерлік тәсіл негізінде «идеядан коммерцияландыруға дейінгі» тиімді технологиялық дәліз қалыптастыруға мүмкіндік беруде. Бұл орталықтарда 29 ҚР ҰҒА академигі, 59 ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, 525 ғылым докторы, 891 ғылым кандидаты, 411 PhD докторлары ғылым саласындағы ортақ мүдде үшін аянбай еңбек етуде.

Басты жаңалығымыз – өткен жылы Технологияларды коммерцияландыру орталығын құрдық. Нақты жоспарымыз – ғылыми жұмыстардың нәтижелерін жоғары технологияға және одан әрі өндіріске айналдыру, инновациялық технологиялар құру және ғылыми әзірлемелерді нарыққа шығару. Орталық алдымен университеттің коммерциялық әлеуеті бар әзірлемелерін сарапқа салады. Сонымен бірге мамандармен бірлесіп әзірлемелерді коммерцияландыру үшін қаржыландыру көздерін іздейді. Осы арқылы университет пен бизнес арасында мазмұнды ынтымақтастық орнатып, ғылымға қосымша инвестиция тарту көзделуде.

Қазіргі таңда ҚазҰУ-да жүзеге асырылып жатқан коммерцияландыру жобалары аясында соңғы жылдары Дүниежүзілік банк пен Ғылым қорының гранты бойынша 2 млрд теңгеге жуық қаражат тартқан инновациялық кәсіпорындар, стартап және спин-офф компаниялары іске қосылды, жоғары технологиялық өнімдердің шағын өндірісі жолға қойылды.

Мәселен, университетте энергия үнемдейтін нанобөлшектері бар газ разрядты лампалар шығарылуда. Нарықта кездесетін өзге де люминесцентті лампалардан бір жарым есе жоғары жарық береді, ал құны балама түрлерімен салыстырғанда арзан. Мұндай шамдарды өндіру энергия тиімділігін арттыруға арналған технологиялар нарығында отандық өндірістің үлесін арттырмақ.

Сондай-ақ химия және жаңа материалдар саласындағы Nanoquqirt органикалық стимуляторлар өндірісі нарықта сұранысқа ие өнім болып отыр. Еліміздің ірі агроөнеркәсіптік кешен объектілеріндегі сынақ нәтижелері бұл стимулятор азық-түлік ретінде тұтынатын өсімдіктердің өсуін жылдамдатып және аурулар мен зиянкестерден тиімді қорғайды.

Сонымен қатар университет ғалымдары натрий-иондық аккумуляторларды жасау бойынша жоба жасап шығарды. Бұл күн энергиясын жинақтаушылардың балама түрлерімен салыстырғанда 40 пайызға арзан. Бірақ қазіргі уақытта әлемде мұндай аккумуляторларды дайындайтын бірде-бір ірі өндіріс орны жоқ. Бұл кәсіпкерлер үшін осы нарықты игеруге тамаша мүмкіндік болмақ. Осындай инновациялық шешімдер үлкен станциялардың шығынын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы ұсынған «Он ұлттық жоба» аясындағы басым бағыттардың бірі – «Дені сау ұлттың әрбір азаматына сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету». Осы тапсырма аясында ҚазҰУ-да 2021 жылы дәрілік заттарды, құрылғыларды және әдістерді жасауда қолданбалы зерттеулерді дамыту мақсатында Қан тамырлары патологиясы орталығы құрылды.

Орталық ғалымдары артериялық тамырлардың атеросклеротикалық зақымдануы, сондай-ақ веноздық жүйе аурулары проблемасын ғылыми-техникалық және тәжірибелік зерттеулермен айналысады. Орталық мамандары әзірлеген құрылғылар болашақта стенттерді нарықтан толығымен ығыстырады. Сонымен қатар жүрек, ми, аяқ-қол артериялары, бүйрек сияқты мүшелердің қан тамырларында стенттеу және ашық тәсілмен жасалатын шунттау секілді ауыр операциялардың алдын алуға септігін тигізеді деген ойдамыз.

Сондай-ақ орталықта COVID-19 вирустарын жоюға арналған жеке портативті құрылғы әзірленіп, патенттелді. Ол науқастың демінен бөлінген ауадағы COVID -19 вирустарының тікелей таралуын жояды. Басқа да респираторлық инфекциялардың келесі адамға жұқтыру қаупін болдырмайды. Жеке портативті камерада 30-60 секунд ішінде атмосфераға COVID-19 вирустарынан зарарсыздандырылған ауа шығады. Құрылғының дизайны ықшам және қолдануға ыңғайлы. Әрі қоғамдық орындарда өзімен бірге алып жүруге мүмкіндік береді. Біздің ойымызша, бұл экономикаға ауыр соққы болатын әртүрлі әлеуметтік шектеулерден бас тартып, пандемияның алдын алу үшін ең тиімді, арзан әрі қолжетімді тәсіл.

Сондай-ақ фитохимия негізіндегі тағамдық қоспалардың шағын өндірісі ұйымдастырылуда. Әлемдік пандемия кезінде білім ордасының ғалымдары тұмау вирусына және коронавирусқа қарсы табиғи тұнбалар жасап шығарды. Олар – дәрілік және қоректік өсімдіктерден тұратын баламасы жоқ биологиялық белсенді қоспалар. Мұндай өнімдердің өндірісі елге импортталатын дәрілік заттардың санын азайтуға мүмкіндік береді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі ғылыми білім үдерісіне тоқталсақ, қазірдің өзінде жан-жақты зерттеулермен сабақтастыра отырып, зерттеу университетіне тән деңгейде жүргізіп келеді. Оның дәлелі – оқу ордасындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер мен талдаулардың саны мен сапасының жоғары көрсеткіштері. Оған салалық бағдарламалар аясында және шетелдік әріптестермен бірлесе жасалған халықаралық ғылыми-техникалық жобаларды жатқызуға болады.

Атап айтқанда, университетіміздегі Жерді қашықтықтан зондтау орталығы Қытай ғылым академиясына қарасты Аэроғарыштық зерттеулер институтымен және SuperMap компаниясымен серіктестік орнату арқылы геоақпараттық өнімдер ұсынып отыр. Орталықта Қытай ғылым академиясына тиесілі SatSee виртуалды станциясы жұмыс істейді. Осы арқылы QuickLook режимінде қытайлық бес жасанды жер серігінен, сондай-ақ АҚШ-тың LandSat ғарыштық аппаратына ұшу траекториясын бақылай отырып, қажетті аумақтың ғарыштан түсірілген кескіндерін алады.

Осылайша ҚазҰУ-да ел экономикасының көптеген салаларына едәуір өзгерістер әкелуге септігін тигізер сараптамалар жасалуда. Мысалы, ауыл шаруашылығы, құрылыс, төтенше жағдайлар, экология, қоршаған ортаны қорғау және жүк тасымалы секілді салалар үшін аса тиімді. Әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуға осындай инновациялық өнімдер тікелей жол ашады.

Сардоба суқоймасы жарылған кезде Жерді қашықтықтан зондтау орталығының мамандары шетелдік әріптестермен бірге оперативті түрде төтенше жағдайға тап болған аумақты саралады. Нәтижесінде GF-3 деп аталатын жасанды жер серігінің ғарыштық суреттері негізінде қай елді мекендерді су басып қалғаны қысқа мерзімде анықталды.

Риддер қаласы маңында болған орман өрті кезінде ҚазҰУ мамандары ғарыштық технологиялардың көмегімен апат салдарын саралап шыққан болатын. Осы кезде Жерді қашықтықтан зондтау орталығының қызметі төтенше жағдайлар, техникалық апаттар мен климаттық катаклизмдердің салдарын жылдам сараптауға болатынын дәлелдеп берді. Бұл тиісті құрылымдар мен облыстық әкімдіктердің қызметін едәуір жеңілдететіні сөзсіз.

Университеттегі әртүрлі саладағы геоақпараттық өнімдер мұнымен шектелмейді. Мәселен, қазіргі технологиялық тренд – цифрлық сауда алаңы форматындағы TOURISMKAZ мобильді қосымшасын ерекше атап көрсетуге болады. Бұл – еліміздегі туристерге де, туристік қызмет көрсетушілерге де тиімді тұңғыш платформа. Мұнда отандық және шетелдік туристер өз бюджетіне лайық кез келген турды сатып ала алады әрі қонақүйге тікелей тапсырыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Одан бөлек, платформаға тіркелген туристік нысандармен онлайн режимде карта арқылы танысып, панорамалық 3D суреттерін көруге және QR кодын сканерлеп, осы объект туралы қызықты мәліметтер алуға болады. 

Сонымен бірге ел дамуының «Он ұлттық басымдығы» мен бизнестің келісімшарт негізіндегі тапсырыстары бойынша жүргізіліп отырған іргелі және қолданбалы зерттеулер оқу орнының деңгейін нығайта түсуде. Осы тұста университеттің барлық ғылыми-техникалық жобалары конкурстық негізде қаржылық қолдау табатынын ескерген жөн. Осылайша 2021 жылы жаңадан құрылған ғылыми шығармашылық ұжымдар Президентіміз Қ.Тоқаев бекіткен «Он ұлттық жоба» аясында 330-дан астам ғылыми жобаны жүзеге асырды.

Бүгінде гранттық негізде қаржыландырылатын мемлекеттік ғылыми жұмыстардың 14 пайызы университет ғалымдарына тиесілі. Бұл жобалар нейроғылым, креативті индустрия, цифрлық экономика, экологиялық инжиниринг, цифрлық технологиялар, басқарудың интеллектуалды жүйелері, наноматериалдар және нанохимия салаларын қамтиды. Университетіміздегі Деректерді талдау және өңдеу орталығы, Ашық түрдегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасы, Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институты және басқа зерттеу орталықтары ғаламдық өзгерістерді ескере келе, осы бағыттар бойынша жаңа жобалар ұсынды.

Атап айтқанда, ҚазҰУ-дың IT мамандары Әл-Фараби open-source шешімдер базасында әзірлеген Jinalys Room веб-қосымшасы. Бұл – онлайн режимдегі конференциялар, кеңестер, баяндамалар жүйесінің функциялары бар отандық бейнеконференциялық байланыс сервисі. Пандемия кезінде  экономиканың барлық саласы үшін бейнеконференциялық байланыс қызметтері қажеттілікке айналғанын білеміз. Осы тұста университеттің жас мамандары «сұранысқа – ұсыныс» принципімен тиімді бизнес-құрал әзірлеп шығарды. Университеттің IT саласындағы үздік жобалары бұл ғана емес.

Бүгінгі таңда «әлеуметтік желілерді бақылау» (social listening) және контент-талдау технологиялары танымал. Бұл қызметтер негізінен ағылшын тілінде құрылған лингвистикалық сөздіктерге сүйенеді. Бірақ қазақ және орыс тілдеріне нашар бейімделген. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында білім ордасының Деректерді талдау және өңдеу орталығы Opinion monitoring system жобасын жасап шықты. OMSystem жүйесінің басты артықшылығы – қазақ тіліндегі деректерді өңдей алады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, университетіміз ғылыми әлеуетін пайдаланып, экономиканың түрлі салаларында қордаланған мәселелерді шешуді көздейді. Мәселен, Ғылыми-технологиялық паркте қазіргі таңда Нermetia illucens деп аталатын шыбындардан агросекторға өте тиімді өнімдер дайындау жолға қойылған. «Қара сарбаз» деп аталатын бұл шыбынның дернәсілдері органикалық қалдықтарды құнарлы тыңайтқышқа айналдырады. Сондай-ақ ақуызға бай мал азығын дайындауға таптырмас дүние. Бұл – әлем ғалымдарын алаңдатып отырған азық-түлік қауіпсіздігі мен экологиялық мәселелерді шешудің балама жолы.

ҚазҰУ ғалымдары ұсынған осы тектес жобаның бірі – аквакультурадағы бекіретұқымдас балықтарды бактериялық аурулардан қорғайтын препарат. Жобаның басты зерттеу объектісі саналатын эндолизиндерді ғалымдар антибиотиктерге балама ретінде пайдалануға болатынын айтып отыр.

Осындай жоғары сапалы ғылыми зерттеулер жүргізу – «инновациялық дәлізді» жүзеге асырудың бірінші және маңызды кезеңі.

Қазіргі уақытта көптеген шетелдік инновациялық компаниялар мен алдыңғы қатарлы университеттер ғылыми-білім беру және коммерциялық наноспутниктерді әзірлеумен және құрумен айналысуда. Осы мақсатта 2018 жылдың 4 желтоқсанында ҚазҰУ-дың «Al-Farabi-2» екінші наноспутнигі күн-синхронды орбитаға шығарылды. Наноспутникті Илон Масктың атақты SpaceX компаниясы ұшырды. «Al-Farabi-2» наноспутнигі қазіргі таңда өзінің технологиялық және ғылыми миссиясы бойынша жұмысын жалғастыруда.

ҚазҰУ ғарыштық техника және технологияларды әзірлеу бойынша ұлттық ғылыми мектеп құрудан да шет қалмады. Осы бағытта оқушылар мен студенттерді ғарыш аппаратын әзірлеу, жобалау, құрастыру, сынау және пайдалану негіздеріне оқытуға арналған «ALFASAT» шағын жасанды жер серіктерінің инновациялық конструкторлары ұсынылып отыр. Конструктормен жұмыс істеу кезінде оқушылар кәсіби дағдыларын ғана емес, адами қабілеттерін де шыңдай түспек.

Оқу ордасындағы инновациялық жобалардың бірі жалпы және кәсіби білім беретін мекемелердегі оқу бағдарламасының тиімділігін арттыруға бағытталып отыр. Физика курсы бойынша электр және магнетизм құбылыстарын зерттеуге арналған мобильді аппараттық-бағдарламалық кешен соның дәлелі. Физикалық заңдылықтарға сүйеніп, 20-дан астам зертханалық жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік беретін қондырғының артықшылықтары жетерлік. Құрылғы шағын шабадан түрінде жасалғандықтан, өте ықшам әрі қауіпсіз. Сонымен қатар электр тоғына жалғанбай-ақ 12В батареямен жұмыс істейді.

Университеттің осы тектес қолжетімді және қолдануға ыңғайлы инновациялық әзірлемелері сынақтан өткізіліп, кең ауқымды өндіріске сақадай сай. ҚазҰУ-дың зияткерлік меншігіндегі инновациялық әзірлемелері ғалымдарға да, бизнес өкілдеріне де таптырмас табыс көзі болары анық.

Қорыта айтқанда, ғылым – бұл халықаралық ұғым. Оның тұжырымдамасы инновациялық идеялар нарығын басқаратын, шекаралар мен мемлекеттерге бағынбайтын идеяларға негізделген. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, университеттің, институттың, кейде тіпті мемлекеттің ғылыми жетістіктеріне үш негізгі фактор алғышарт болады. Біріншісі – бір мүддеге жұмыс істейтін талантты ғылыми-шығармашылық ұжым, екіншісі – икемді басқару жүйесі, соңғысы – оқыту мен зерттеулер жүргізу үшін барынша жағдай жасау. Сондықтан ҚазҰУ үшін халықаралық ғылыми қоғамдастықпен тығыз байланыс орнатып, интернационал университет болу да аса маңызды.

Жаратылыстану саласындағы заманауи ғылыми жобалар көбінесе ауқымды және қымбат инфрақұрылымды қажет етеді. Сондықтан ҚазҰУ үшін жаһандық ғылыми аренада көптеген ұйымдармен ынтымақтастық орнату тиімді. Мұндай өзара екіжақты байланыстар ғылыми білімді одан әрі ілгерілететін идеялардың жүзеге асуына ықпал етпек.

ҚазҰУ-да ғылыми кадрларды даярлаудың біртұтас тиімді жүйесі қалыптасқан. Бұл әртараптандырылған экономикаға көшуді мақсат еткен ел үшін өте өзекті. Оқу орнында жүзеге асырылып жатқан таланттарды тарту мен ғылыми кадрларды даярлаудың негізгі тетігі – постдокторантура бағдарламасы.

Сондай-ақ университетте өткізілетін ғылыми зерттеулер нәтижелілігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – ғалымдар мен профессор-оқытушылар құрамының рейтингтік халықаралық басылымдарда белсенді түрде ғылыми мақалаларының жариялануы. Өткен жылы Scopus деректер базасында жарық көрген қазақстандық ғалымдар жарияланымдарының 21 пайызы ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі. Соңғы бес жылда университет ғалымдарынан дәйексөз келтіру саны үш есеге жуық өсті. Сонымен бірге ICI Journals Master List халықаралық деректер базасына университеттің жеті ғылыми журналы енгізілді. 2021 жылы ҚазҰУ-дың International Journal of Mathematics and Physics журналы Scopus – әлемдегі ғылыми басылымдардың ең ірі деректер базасына енгізілді.

Университетте студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары сапалы жаңа деңгейге қойылған. Он мыңға жуық студент, магистранттар мен докторанттар ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауға қатысады. Жастар мұнымен ғана шектелмей, өздерінің кәсіпкерлік бастамаларын бүгіннен бастап бизнес-инкубаторлар құру арқылы жүзеге асыруда. Осылайша студенттер болашақта жұмыс орындарын және өздерінің инновациялық кәсіпорындарын құруға алғашқы қадамдарын жасайды.

Студенттік бизнес инкубаторлар шеңберінде IT-технологиялар, робототехника, баламалы энергетика, биотехнология және биомедицина, маркетинг, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар сияқты ғылымды дамытудың өзекті бағыттары бойынша 70-тен астам инновациялық жоба іске асырылуда. Нәтижесінде жоғары оқу орнының студенттері кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыра отырып, жұмыс орындарын, стартаптарды және ноу-хау-технологиялары бар өз кәсіпорындарын құруды үйренуде.

Жыл басында ҚазҰУ «Ғылым ордасы» және 19 ғылыми зерттеу институттарымен меморандумға қол қойды. Бұл өз кезегінде университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары арасында білім және ғылым ықпалдастығын нығайта түседі.

Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін зерттеу университетіне трансформациялауға бағытталған инвестициялық жоба сараптамадан өтуде. Осыған сәйкес, Al-Farabi SciTech Center орталығын ашу арқылы университеттің инновациялық экожүйесін күшейту көзделіп отыр. Бұл ғылыми-технологиялар орталығының инфрақұрылымын түрлі саланың ғалымдары бірлесіп пайдалануға бағытталады. Мұның бәрі жаңа Қазақстанды құру аясында жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Әрі ғылыми-инновациялық қызметті корпоративтік басқарудың тиімді моделін құру арқылы университеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етпек.

12.04.2022 AIQYN.pdf