«Қазақтың ренессанс ғасыры» тақырыбында лидерлік лекция өтті

12.09.2011

Көрулер: 1890

8 қыркүйек күні философия және саясаттану факультетінде дінтану және мәдениеттану кафедраcы ұжымының ұйымдастырумен «Қазақтың ренессанс ғасыры (қазіргі заман құндылықтары туралы)» тақырыбында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есімнің лидердік лекциясы өтті. Лекция университеттік лидерлік дәрістер бағдарламасы бойынша жоспарланған.

Профессор Ғарифолла Есім мәдениет философиясы, саясат философиясы, философиялық антропология, дін философиясы, әсіресе қазақ философиясының тарихы туралы проблемалық еңбектері арқылы көпшілікке мәлім. Республика жұртшылығы оны көрнекті абайтанушы, Йассауи, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов мұраларын зерттеуші, қоғамның мәдени, саяси және ғылыми өміріне белсенді араласатын қайраткер деп біледі.

Профессор Ғарифолла Есімнің лидерлік лекциясында қазақтың ренессанс ғасыры соның ішінде, қазіргі заман құндылықтары туралы мәселелер қамтылды. Ең басты айтылып жүрген мәселе – еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Лектор социализм дәуірінде өмір сүрген еліміздің басты 3 мәселесін атады: 1) еңбек ету еркіндігінің болмауы; 2) социалистік қоғамның атеисттік қоғам болуы; 3) социализмнің ұлы тұлғаларды таптап тастауы. Осындай үш мәселені бастан кешірген еліміз социалистік ұлттан қазақ еліне айналғандығын атап өтіп, қазақ елі азаматы болуының басты алғышарттарын көрсетті. Бүгінгі жас ұрпақпен сабақтастық жасау маңыздылығын, яғни оларға ата-бабаларымыздан қалған мұраларды жеткізіп отыру мәселесін көтерді.

Лектордың сөзімен айтқанда: «Қазақтың Ренессанс ғасыры деген елдік тілектен туған ізгі сана – идея. Оның болмысы – Қазақ елінің бүгінгі күні. Ренессанс идеясы – өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастау алып, 1991 жылы егемен ел атанғанда айқындалып, бүгінгі тұрмыс, болмысымызбен толығып, жетіліп, келешекке бастайтын елдік идеяның сара бағыты. Қазақтың Ренессанс ғасыры басында тұрған ұрпақ –Тәуелсіздікке құрдас, қазіргі жас ұрпақ. Бұл Болашаққа көшбасшы, отызда «орда бұзып», қырықта «қамал алатын» ұрпақ атанбақ.

Бұл – Ренессанс-ұрпақ» туралы ғалымның жіті ойлары жас ұрпаққа дәріс ретінде оқылды. Студенттер ғалымның ренессанстық идеяларын, елдік мәселесі төңірегінде көтерген жаңашыл ойларын шабыттана қабылдап, жас ұрпақ болашақты құрудың басты жолдарын ішкі дүниесінде жоспарлап, соларды талқылап тарасты.

Дінтану және мәдениеттану кафедраcы