34 ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖОО QS EECA 2022 НҰСҚАСЫ БОЙЫНША ӘЛЕМНІҢ ҮЗДІК УНИВЕРСИТЕТТЕРІНІҢ РЕЙТИНГІНЕ КІРДІ

30.12.2021

Көрулер: 4271

Қазақстандық 34 университет британдық QS EECA 2022 агенттігінің нұсқасы бойынша үздік жоғары оқу орындарының тізіміне енді. Рейтинг Еуропа мен Орталық Азия елдерінің үздік жоғары оқу орындары туралы ақпаратты қамтиды. ТОП-100 құрамына жеті отандық университет кірді.

Көшбасшы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті болды. Өткен жылмен салыстырғанда университет үш позицияға жоғарылап, рейтингте Стамбул техникалық университеті (Түркия), Вильнюс университеті (Литва) және басқа да шетелдік университеттерді басып озып, 16-орынға ие болды.


ҚазҰУ-дан кейін рейтингте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тұр. Ол халықаралық рейтингте 42-орынға жайғасты. Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында Satbayev University үшінші орында тұр. Өңірлік жоғары оқу орындары арасында ТОП-100 қатарына М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті енді.


«QS Emerging Europe and Central Asia University Rankings рейтингіне кіретін қазақстандық жоғары оқу орындарының саны жыл сайын артып келеді. Бұл жоғары білімнің әлемдік аренада танылуын білдіреді. Егер өткен жылы рейтингке 27 қазақстандық университет кірсе, биыл 34 жоғары оқу орны енді. Отандық университеттер Ресей, Чехия, Польша, Эстония, Литва, Түркия, Грузия, Әзірбайжан және басқа елдердің жетекші университеттерімен бәсекеге түсуде. Бұл біздің жоғары оқу орындарының білім беру сапасын арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілгенін көрсетеді. Сондай-ақ әлемдік рейтингтегі қазақстандық университеттер санының артуы біздің жоғары оқу орындарымыздың заман талаптарына және әлемдік стандарттарға сай білім беретінін көрсетеді», – деп атап өтті ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.


Айта кетейік, QS EECA рейтингін жасау кезінде 10 негізгі көрсеткіш ескеріледі. Олардың ішінде университеттердің жұмыс берушілер арасындағы және академиялық беделі, оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы, бір оқытушы мен қызметкерге шаққандағы жарияланымдар саны, жоғары оқу орындарының ғалымдарынан дәйексөз алу саны, шетелдік студенттердің, оқытушылар мен қызметкерлердің үлесі және тағы басқалар бар.