Академикті мемлекеттік марапатымен құттықтады

23.12.2021

Көрулер: 3153

Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры, академик Аманкелді Садановпен кездесіп, Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік марапатымен құттықтады. Көрнекті тұлғаға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады.


Жүздесуде білім ордасының басшысы орталықтың жаңа отандық препараттар мен технологияларды жасап шығарудағы жоғары жетістіктері және ғалымның микробиология мен вирусология бағыттарындағы зерттеулерінің өзектілігін атап өтті.


«Өзіңіз жетекшілік жасаған ғалымдар тобы еліміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Розеофунгин-АС» отандық жаңа түпнұсқалық дәрілік препаратты әзірлеу және оның өндірісін ұйымдастыру» тақырыбында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, зор табыстарға жетті», – дей келе, ректор Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыруға үлес қосқан ғалымдардың еңбегіне ерекше мән берді.

Авторлар құрамында ҚазҰУ-дың Биотехнология кафедрасының доценті міндетін атқарушы Гүлнар Ұлтанбекованың мемлекеттік марапатқа ие болғанын тілге тиек ете келе, ғылым саласындағы өзара ынтымақтастықты арттыру ниетін жеткізді.


Сондай-ақ тараптар кездесуде бірлескен ғылыми жұмыстарды жүзеге асыру мен тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңінен талқылап, өзара ықпалдастықты күшейте түсуге уағдаласты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі