Польша университеттерімен бірлескен жобалар іске асуда

26.10.2021

Көрулер: 2731

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Польша Республикасының Вроцлав агломерациясы даму агенттігімен өзара түсіністік туралы меморандум қабылдады.

Екіжақты келісімге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры м.а. Әлия Масәлімова мен Вроцлав агломерациясы даму агенттігінің басқарма басшысы Магдалена Окулевска қол қойды.

Ынтымақтастық аясында тараптар білім беру және ғылым саласындағы өзара қарым-қатынасты дамыту қажеттігіне баса мән беріп, гуманитарлық, әлеуметтік, техникалық және жаратылыстану ғылымдары, сонымен қатар өзге де маңызды мәселелер бойынша бірлесе қызмет атқаруға уағдаласты.  

Айта кетсек, Вроцлав агломерациясы даму агенттігі осы қаладағы сегіз жоғары оқу орны – Вроцлав университеті, Политехника, Экономика және бизнес, Жаратылыстану ғылымдары, Ковентри, WSB, Бизнес және Төменгі Силезия университеттерін біріктірген Study in Wrocalw жобасына жетекшілік етеді.

Сондай-ақ бүгінде қарашаңырақ Польшаның 14 жетекші жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Жыл сайын академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша студенттер, магистранттар мен докторанттар оқу-білім беру және ғылыми-зерттеу тағылымдамаларынан өтеді. Серіктес білім ошақтарымен бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ҚазҰУ-ға дәріс оқу және PhD докторанттарға ғылыми жетекшілік ету үшін Польшадан сарапшылар тартылады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі