ҚазҰУ-да рухани келісім форумы өтті

20.10.2021

Көрулер: 2724

ҚазҰУ-дың Әл-Фараби атындағы ғылыми кітапханасында Рухани келісім күні аясында «Рухани келісім конфессияаралық диалог пен әлем мәдениетінің факторы ретінде» тақырыбында ғылыми-практикалық форум өтті.

Қазақстанда Рухани келісім күні 1992 жылдан бері аталып келеді.

Рухани шараға сарапшылар, теолог ғалымдар, дінбасылар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ басқа өңірлердің уәкілетті органдарының өкілдері қатысып, пікір алмасты.

Форумның басты міндеті – діндер диалогі мен рухани даму саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, діни қауымдастықтар арасындағы өзара құрметті нығайту, сондай-ақ бейбітшілік пен зорлық-зомбылықсыз мәдениетті нығайту бойынша ұсыныстар әзірлеу.


Форум жұмысын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров ашып, Қазақстанның өркениетті әлем мойындаған диалог пен ынтымақтастықтың бірегей алаңы ретінде қалыптасуына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қосқан үлесі мен қызметінің маңыздылығын атап өтті.

Бүгінде Қазақстан – 18 дін мен конфессияны ұстанатын 130-дан астам ұлт пен ұлысты біріктіретін әлемдегі жалғыз мемлекет.

«Қазақстан діндер мен өркениеттер арасындағы диалогты ұйымдастыру саласында көптеген маңызды халықаралық бітімгершілік бастамалардың авторы. Елордамызда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу табыстың жарқын мысалы болды. Осының арқасында бүгінде әртүрлі діни бірлестіктердің өзара іс-қимылының жаңа көкжиегін ашу үшін объективті алғышарттар жасалды және біздің еліміздің аумағында конфессияаралық диалог пен келісімнің жаңа моделі қалыптасты», – деді өз сөзінде әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров.


Форумға сондай-ақ Ресей Федерациясының Алматыдағы Бас консулы Евгений Бобров, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры м.а Әлия Масәлімова, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан, Алматыдағы Вознесенский соборының өкілі Александр Суворов, «Рухани келісім конгресі» халықаралық қорының вице-президенті Әнуар Көкімбаев т.б. қатысты.

Баяндамашылар қоғамдағы рухани келісімнің маңыздылығына тоқталып, оны мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, оқу орындары мен дін көшбасшыларының өзара әрекеті арқылы нығайту және сақтау қажет екенін атап өтті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі