Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жаңа оқу жылын жаңа бағдарламамен бастайды

24.08.2011

Көрулер: 2552

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде толық жаңғырту үдерісі жүріп жатыр. Биылғы оқу жылына ҚазҰУ әлемдік деңгейдегі зерттеу университетінің үлгісін толықтай жасап болдық деуге болады. Мұндай жаңғыруды жүзеге асырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жаңа оқу жылын жаңа оқу бағдарламасымен бастамақ. Аталмыш өзгерістер бүгін өткен ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамының тамыз кеңесінде айтылды.

- Биыл Елбасы Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауында әлеуметтік жаңғыруды қоғам алдындағы үлкен мақсат ретінде қойды. Осы бағытта жоғары оқы орындарының орны ерекше. Университеттер қаншалықты білімді, толыққанды бәсекеге қабілетті мамандар дайындайтын болса, соған байланысты қоғамымыз дамиды. Биылдан бастап біз әлемдік негізге сүйене отырып, барлық оқу бағдарламаларын өзгерттік. Басты мақсат - түлектер университет қабырғасынан шыққан кезде бәсекеге қабілетті болуы керек. Мұның бәрі олар жұмыс іздеп жүрмей, өздері жұмыс орнын жасасын деген бағытта атқарылып жатыр, - дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы.

Бұл үлгі оқу орнының әлемдік зерттеу университеттері қатарына енуіне мүмкіндік береді. Қазіргі таңда факультеттер кластерлік негізінде құрылған, тек атауы ғана өзгеріп қана қоймай, олардың ғылыми және білім кеңістігі артуда.

Мысалы, химия факультеті қазір «Химия және химиялық технологиялар», Физика факультеті - «Физика-техникалық», биология факультеті - «Биология және биотехнология», тарих факультеті - «Тарих, археология және этнография», филология факультеті - «Филология, әдебиеттану және әлем тілдері» және т.б.өзгертілді. Сондай-ақ, ЖОО дейінгі дайындық факультеті ашылды. «География және табиғатты пайдалану» факультетінде ресейлік әріптестермен бірлесе отырып, халықаралық деңгейдегі эколог-мамандарды даярлайтын кафедра ашылды.

Модернизациялау жүйесінде кафедралардың біріктірілуі және олардың құқықтарының кеңеюі арқылы жұмыс барысының тиімділігі мен университеттің бәсекеге қабілеттілігі арта түспек.

Әлемдік стандартқа сай білім ордасы жаңарып, жаңғырып жатқан тұста университеттің оқытушы-профессорлар құрамы алдағы оқу жылында қандай міндеттер күтіп түр, нені қолға алу керек деген сияқты маңыздылықтарды өзара кеңесіп, ақылдасу мақсатында жыл сайын тамыз кеңесін өткізуді дәстүрге айналдырған. Ұлттық зерттеу университетінің үлгісін толыққанды жасап шыққан университетте 24 тамызда қазұулық ғалымдар мен қатар бірінші рет Алматы қаласы әкімшілігінің өкілдері, мектеп директорлары, қоғамдық ұйымдар өкілдері бас қосты.

Кеңесте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқу жұмысы жөніндегі проректоры Гүлнәр Балақаева 2011-2012 оқу жылына арналған университеттің білім беру қызметі және міндеттерімен таныстырса, Ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Тілекқабыл Рамазанов Университеттің ғылыми және инновациялық қызметінің негізгі міндеттері туралы баяндады. Бұдан кейін Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева 2011-2012 оқу жылындағы тәрбиелік жұмыстар аясындағы университеттің міндеттеріне тоқталды. Тамыз кеңесіне келген қауым алдағы оқу жылындағы нақты міндеттер мен бағыттармен танысқаннан кейін сұрақ-жауап бөліміне кезек берілді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі