Оқу жылы қорытындыланды

08.07.2021

Көрулер: 3631

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биылғы оқу жылын қорытындылады. Осыған байланысты өткен жиында білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев биылғы жетістіктерді саралап, маңызды міндеттемелерге назар аударды.


Оқу орны отандық және әлемдік рейтингтерде алдыңғы орыннан көрініп, жетекші позициясын нығайта түсті. Университет ғалымдары инновация мен ғылым саласында биік белестерді бағындырып, ауқымды жобаларды іске асырды. Ректор бұл­ - білімі мен білігі астасқан үлкен ұжымның ерен еңбегінің жемісі екенін атап өтті. ҚазҰУ аталатын құт мекенде бүгінде 27 мың студент білім нәрінен сусындап, 6 мыңға жуық оқытушы қызмет етуде. Басты міндет – сапалы білім беруді жетілдіре отырып, ғылым мен инновацияны көтерудің, университет ғалымдарының ғылыми жұмыстарын Қазақстан және халықаралық деңгейде танытудың өзектілігін де баса айтты. Сол себептен студенттер мен оқытушы-профессорларға, қызметкерлерге жан-жақты жағдай жасау жолдары қарастырылып отырғанын жеткізді. Қордаланған мәселелерді шешіп, алға жылжу үшін бірлескен белсенді жұмыс қажет екенін нықтады.  

Сонымен қатар жиында университеттің академиялық мәселелер бойынша басқарма мүшесі – проректор Фатима Жақыпова мен ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректор м.а. Тілекқабыл Рамазанов сөз алып, оқу үдерісі мен ғылыми бағыт бойынша негізгі мәселелерді ұжым назарына ұсынды.

Бүгінде қарашаңырақ барлық дерлік сала бойынша маман даярлайды. Мұнда 651 оқу бағдарламасы оқытылады, оның ішінде 119-ы уақыт сұранысына сай жаңадан қосылған. Бұл бағдарламалар бүгінде өзектілігін дәлелдеп, мемлекеттік тапсырыс тізіміне енуде. Алайда Фатима Надырқызы бағдарламалардың келесі оқу жылы қарсаңында қайта өңделіп, жаңартылатынын мәлімдеді. Өз сөзінде проректор ЖОО-дан кейінгі білімгерлер саны мен білім сапасын арттыру, кадрлық әлеует, сапалық көрсеткіш пен ұлттық және халықаралық рейтингтерге қатысу жөнінде кеңінен баяндады.

Тілекқабыл Рамазанұлы білім ордасындағы даму жоспарына сай жүйелі жұмыс жүргізіліп келе жатқанын алға тартты. Ғылымды қаржыландыру, іргелі ғылымның аяқ алысы, инновациялық жобалар, елдің әлеуметтік дамуындағы жаңа технологиялардың рөлі, ғалымдардың жарияланым белсенділігі, дәйексөз келтіру көрсеткіші, ғылыми кадр даярлау бойынша басты сұрақтар мен ұсыныстар жайынан хабар берді.

Жиын соңында ҚазҰУ басшысы алдағы басты мәселелер мен міндеттерді жіті талдап, ұжымға жаңа оқу жылында тың күш, жаңа қарқынмен жұмысқа оралуға тілектестік білдірді.  

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі