«Жан досым» – мүмкіндіктер бастауы

10.06.2021

Көрулер: 1546

Жақында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің спорт кешенінде «Жан досым» заманауи теннис орталығы ашылғанын хабарлаған болатынбыз. Әсем табиғат құшағындағы нысанның кәсіби спортшылардың ғана емес, жастар мен қала тұрғындарының спортпен тұрақты шұғылданатын сүйікті мекеніне айналары даусыз. Осы орайда, «Жан досым» теннис клубының президенті Есет Ешпановпен болған сұхбатты ұсынамыз.

 – Есет Тұрсынбайұлы, теннис клубының ашылу салтанатында осыдан 30 жыл бұрын теннисті жаңадан бастап ойнаған естеліктеріңізбен бөлістіңіз. ҚазҰУ қалашығына заманға сай теннис орталығын салу идеясы қайдан келді, не түрткі болды?

 – Кезінде замандастарыммен бірге теннисті әр жерде ойнадық. Кейін ҚазҰУ қалашығына жаттығуға ауысып, уақыт өте келе, бәріміз бір жерде бас қосатындай заманға сай теннис орталығын салу туралы ой келді. Сол игі істі қолдаған университет басшылығы мен демеушілерге ризашылығымды білдіремін.

– Теннис клубына кіру, тіркелу бағасы жөнінде айтсаңыз. Студенттер үшін қандай мүмкіндіктер мен шарттар бар? Қала қонақтарына қаншалықты қолжетімді?

 – «Жан досым» теннис клубына кіру мен тіркелу көпшілік үшін тегін. Ол үшін ең алдымен клубқа мүше болу қажет. Мүшелікке өту үшін белгілі бір шарттарды орындаса, клуб басшылығынан екі қызметкер кепілдеме береді. Сосын, барлық клуб мүшелері ақылдасып шешім қабылдайды. Содан кейін теннис ойнау мүмкіндігіне ие бола аласыз. Бұл баршаға ортақ талап.

ҚазҰУ-дың Денешынықтыру және спорт кафедрасымен бірлесіп келісімшартқа отырдық. Университет студенттеріне әр күн сайын белгілі бір уақытта теннис ойнау сағаттары беріледі. Бұл Денешынықтыру және спорт кафедрасы тарапынан бекітілу үстінде, әрі студенттерге арнайы бір уақыт бөлу үшін бөлек лига құрып жатырмыз. Болашақта студенттердің өз лигасы болады. Клубқа мүше болудан тыс, ақылы тарифтеріміз де бар: мысалы, бір сағатқа – 4500 теңге.  

Жаңа нысанда кәсіби және әуесқой тенниспен айналысу үшін барлық жағдай жасалған: жаттығу залы, медициналық қызмет, киім ауыс­тыратын және жуынатын бөлмелер, дәмхана мен спорт дүкені бар. Ондағы санитарлық талаптардың сақталу жайы да қарастырылған. Бізде сегіз жаттықтырушы жұмыс істейді. Басшылық, үш әкімгер ­– барлығын есептегенде 16 қызметкеріміз бар. Әрқайсысы өз ісінің маманы. 

– Орталық аумағында еліміздің Теннис федерациясының қолдауымен 300 орындық балалар теннис мектебі ашылмақ екен. Осы жөнінде тарқатып айтып берсеңіз. Бұл теннис мектебі несімен ерекшеленеді?

 – Бір өкініштісі, Алматыда теннис корттары жетіспейді. Сол олқылықтың орнын толтыру ниетімен орталық аумағында Теннис федерациясының қолдауымен 300 орындық балалар теннис мектебі ашылады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға орталықтың қолжетімді болуы қамтамасыз етіледі. Негізгі бағытымыз да сол – балаларға теннис үйрету. Олардың сапалы түрде жаттығуы үшін өз ісінің шебері болған жаттықтырушыларды арнайы таңдап алдық. Мұнда балаларды бес жастан 16 жасқа дейінгі аралықта қабылдай береміз.  

– Аталған спорт кешенінің құрылысына кімдер демеушілік етті және қанша қаржы жұмсалды?

 – Спорт кешенінің құрылысына жеке инвесторлардың демеушілігімен 485 миллион 495 мың теңге қаржы жұмсалды. Оған демеушілік еткендер – осы теннис клубының мүшесі Ерлан Қожасбай, әріптестеріміз Сәбит Сұлтанов пен Нұржан Бекшенов.  

– Аталмыш клубта халықаралық, республикалық жарыстар өткізу жоспарда бар ма?

 – Мектеп енді ашылып жатыр, дегенмен ондай ойлар мен идеялар біздің жоспарда жоқ емес. Болашақта «Жан досым» теннис клубы көптеген белестерді бағындырып, жетістіктерге жетеді деген ойдамын. Алдағы бес жыл ішінде университет жастарының жұлдыздары жарқырайтын күн келеді. Сонымен қатар оларға жыл он екі ай тенниспен айналысуына мүмкіндік берілген. Яғни бұл дегеніңіз ­– зор мүмкіндіктің бастауы. Сондықтан мұнда жаттығатын жастар әлемдік деңгейдегі спортшыларға айналатынына сенемін.

Ал жарыстарға келсек, шілде айында ҚазҰУ-мен бірлесіп балалар турнирін ашпақпыз. Ол дәстүрлі түрде жыл сайын жалғасын табатын болады. Ал турнир атауын әзірге бекіткен жоқпыз.    

– Әңгімеңіз үшін рақмет.

 

Сұхбаттасқан Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ