Теорияның қуаттылығы – тәжірибеде

24.05.2011

Көрулер: 2526

Студенттер оқу үдерісінде жиған-терген білімдерін ізгілендіріп, кәсіби маманға бір қадам жақындауы үшін өндірістік тәжірибенің сапасын арттыру қажет. Ұлттық университет білімгерлерінің ірі-ірі мекемелерде, мемлекеттік жұмыс орындарында тәжірибеден өтуін қадағалап, өндіріске деген талапты күшейту керек.

ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың пайымдауынша, мұндай талаптар маманның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, мамандығына деген жауапкершілікті сезіндіре түспек. Университетте жазғы өндірістік тәжірибенің жақындауына орай, кеше ҚазҰУ-дың ректорат мәжілісінде осы сала жан-жақты қаралды.

Оқу жұмысы жөніндегі департамент директоры Әділет Тойбаев өндірістік және оқу тәжірибесін ұйымдастыру, өткізу жұмыстары бойынша баяндама жасады. ҚазҰУ-да жүргізілетін тәжірибелер мынадай: оқу, оқу-танымдық, археологиялық, педагогикалық (1-4 апта), зерттеу, өндірістік және дипломалды (4-6 апта) тәжірибелер. Алда ұлттық зерттеу университетіне айналу барысында бұл тәжірибелердің сапасын арттыру түсу міндеті тұр. Ол үшін ұлттық университеттегі ыакультет басшылығы ҒЗИ (ғылыми зерттеу институты) және зерттеу орталықтары сияқты мекемелермен арадағы келісім шартты молайту қажет. Сондай-ақ, шетелдік серіктестіктермен келісім санын ұлғайтып, тәжірибеден өту барысын жіті қадағалап отыруы керек.

Ал академиялық сұрақтар бойынша департамент 15-ші маусымға дейін үзіліссіз тәжірибелік дайындық концепциясын жасап, бекіту қажет. Сонымен бірге барлық тәжірибе түрі бойынша үнемі мониоринг жасап отырмақ. Теорияны тәжірибемен қуаттайтындығын басты назарға алған ұлттық университеттің оқытушы-профессорлар құрамы ректорат барысында сонымен қатар тарих, география, биология факультеті студенттерінің өндірістік тәжірибеден өтуінде арнайы мекенмен қамтамасыз етуді қарастырды. Университет басшылығы биологтар үшін ҚазҰУ қалашығында бір нысан етіп алуға жағдай жасалыну қажеттігін меңзеді.

Ректорат мәжілісінде одан кейін халықаралық қатынастар және ҚР сыртқы саясаты кафедрасының меңгерушісі Е.С.Чукубаев кафедраның даму болашағы туралы баяндады. Кафедра дамуы – университет дамуының кепілі. Бұл тұжырымға орай ректоратта университеттің әр кафедрасына арнайы уақыт бөлініп, тыныс-тіршілігімен, болашағымен танысу әдетке айналды. Кафедра басшысының баяндағанындай, бұл орталық түлектердің жұмысқа орналасуында да жоғары басымдыққа ие. Мәселен, кафедра түлектерінің көпшілігі сыртқы істер министрлігінде қызмет етсе, одан кейінгі кезекте ішкі мемлекеттік мекемелер, халықаралық қаржы құрылымдары мен банктер тұр. Кафедра халықаралық қатынастарда және ҚР сыртқы саясатында жоғары әріптестікке ие. АҚШ, Германия, Жапония, Үндістан, Қытай, Ресей, Орта Азиямен тығыз байланыста. Кафедра жұмысын жақсарта түсу мақсатында алда жұмысберушілерді оқ үдерістеріне қатыстырып, түлектер мамандықтарына деген нарық сұранысын зерттеу, сұранысқа сай маман даярлау жұмыстарын атқармақ. Жетекші тәжірибелі мамандарды дәріс өткізуге шақыруды кеңейтпек. Бұл жұмыстар өз кезегінде кафедра беделін арттыра түспек. Әр кафедра рейтингісінің артуы университет беделінің артуына кепіл болмақ.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі