Оқу үрдісі басты орында болу қажет

20.02.2021

Көрулер: 1542

ҚазҰУ КЕАҚ Басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен өткен алғашқы ректорат мәжілісінде университет проректорлары 2021 жылдағы жоғары оқу орнының даму бағыттары бойынша баяндама жасады.

Бүгінде университеттің басты стратегиялық мақсаты – ғылым, білім және инновациялардың интеграциясына негізделген әлемдік деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асыру негізінде отандық және халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жоғары білікті мамандарды даярлау болып отыр. Осы ретте университет басшылары оны іске асырудың негізгі тетіктері: оқытушы-профессорлар құрамының біліктілігін арттыру; бәсекеге қабілетті түлектерді даярлау үшін әлемдік үрдіс аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің, білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңғырту; кәсіби білім берудің заманауи стандарттарына сәйкес білім беру үрдісін жетілдіру; құзыреттілікке және жеке тұлғаға бағдарланған тәсілге негізделген оқу процесін цифрландыру сынды бағыттарда алға жылжу қажеттін айтты. Сондай-ақ олар жаңа білім беру технологияларын енгізу, оқу процесін және ғылыми-зерттеу жобаларын жетілдіру, ғылыми-зерттеулердің әлеуетін дамыту мен әлеуметтік даму бағыттарын да талқыға салды.  

Бірінші кезекте оқу үрдісіне ерекше мән берілу қажеттігіне назар аударған ректор Жансейіт Түймебаев: «Мен бірнеше факультеттерді аралау барысында факультеттердегі заманауи цифрландыру жүйесін көре алмадым. Қазір білім берудегі цифрлық үрдіс кезеңінде журналистика, филология, тарих факультеттеріндегі барлық техникалық құрал-жабдықтар ескірген, интерактивті тақталар жоқ. Аудиториялардағы жиһаздар да ескі жылдарды еске түсіреді. Барлық техникалық құрал-жабдықтарды қамтамасыз ету мен аудиторияларда қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша әр факультет өз ұсыныстарын берсін. Барлығын талапқа сай жаңартуымыз керек.

Екіншіден, еңбегі сіңген ұстаз-ғалымдарымыздың жеткен жетістіктерін баршаға танытуымыз қажет. Ғалымның имиджі еңбегі арқылы көрінеді. Сондықтан, барлық оқытушы-профессорлардың ғылыми еңбегі еленуі тиіс. Шет елдердерде жүрген беделді отандық ғалымдарымызды елімізге қайтаратын уақыт келді.

Үшіншіден әрбір факультетте шетелдік белгілі ғалымдар жұмыс істеуі тиіс. Одан соң университеттегі моральдық-психологиялық атмосфера қалыпты болуы қажет. Себебі, сіздер жоғары деңгейдегі элитасыздар, сіздерге қарап басқа әріптестеріңіз үлгі алады. Ал мен сіздерге қажетті қолайлы жағдай жасауға, оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету, жалақыны тағы да көтеру мәселесі және материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге бар күшімді саламын. Сіздерден талап ететінім сапалы білім мен жоғары дәрежедегі ғылыми еңбек.

Қазіргі таңда кез-келген жоғары оқу орнының деңгейі бірнеше өлшемдер бойынша бағаланады. Мәселен, қанша ғылыми жаңалық енгіздіңіз? Жаңа жоба қаншалықты өндіріске еніп, мемлекетке пайда келтірді. Осы тұрғыда негізгі мәселені ашып көрсетіп, оның шешу жолдарын, механизмін және нәтижесін шығаруға жұмыс істейік. Қарашаңырақ ҚазҰУ деген атына заты сай болуы тиіс» деді Жансейіт Түймебаев.