Орыс тілінен сөз өнері мерекесі өтуде

15.04.2011

Көрулер: 2788

15 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Бүкіләлемдік орыс тілі фестивалінің аясында орыс тілінің сөз өнері мерекесі болды. Аталған шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Орыс әлемі» қорының қолдауымен және Орыс тілі мен әдебиеті оқытушыларының халықаралық ассоциациясымен бірлесе өткізілді.

ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы фестивальді ашық деп жариялап, келген қонақтармен таныстырды. Орыс тілінің мерекесіне Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің елші-кеңесшісі Сергей Тарасенко, МАПРЯЛ хатшылығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Леонид Московкин, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жалпы тіл білімі кафедрасының профессоры Элеонора Сүлейменова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президентінің телерадио компаниясының директоры, кинорежиссер, аудармашы, сценарист, ақын Бақыт Қайырбеков, Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Мамай Ахет және т.б. белгілі ғалымдар, елшілер, қоғам қайраткерлері, жазушылар, ақындар қатысты. Келген қонақтар «орыс тілінен сөз өнер мерекесі ҚазҰУ-да өтуінде өзіндік мән бар, себебі, бұл университет жастардың ортасы, оқытушы-профессорлар құрамы мықты және тілдің дамуына жастардың қосар үлесі зор, мерекеге деген қызығушылықтары бізді қуантып отыр», - дейді.

Мерекенің мақсаты – орыс тілі мен әдебиетін оқуға және мәдениетін білуге әуестенушілерге, орыс тілі оқытушылары мен оны жариялаушыларға қолдау көрсету, оларды біріктіру, сондай-ақ, орыс тілін дамыту жетістіктері мен болашағын талқылау, Қазақстан мен Ресей арасында ғалымдардың халықаралық байланыстарын жандандыру, кеңейту болып табылады.

Орыс тілінен өтетін сұрақ-жауапқа 100-ге жуық оқушы мен студент қатысып, байқау нәтижесі бойынша 10 үздік жүлдегерлер Санк-Петерборда өтетін Бүкіләлемдік орыс тілі фестиваліне қатысу мүмкіндігіне ие болып, арнайы жүлдеме алады.

Орыс сөз өнері мерекесі аясында жоғарғы оқу орындары мен мектептердің орыс тілі оқытушылары әдістемелік білімдерін кеңейтетін, әрі оларды жаңа ғылыми, әдістемелік әдебиеттермен таныстыратын, орыс тілін үйрену мен оқытуда тәжірибие алмасуға мүмкіндік беретін дөңгелек үстел, шеберлік-сағат, ашық сабақтар, кітап көрмелері ұйымдастырылды. Жабылу салтанаты 16 сәуірінде 18.00-де әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми кеңесі залында өтеді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі