Тура би атында шешендік өнер клубы ашылды

13.04.2011

Көрулер: 2421

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінде тұңғыш рет шешендік өнер клубы ашылды. Құрылғанына 15 жыл толған факультетте неміс, орыс, жапон, қытай және т.б. тілдерінің арнайы клубтары қызмет етіп келеді.

Бұл клуб ұлттық нақышты үгіттеуге бағытталған. Бүгінгі таңда елшілікте, билік орнында жүрген азаматтарымыз ресми тілді көп қолданып, ана тілі ұмыт болып бара жатқандай. Осыған байланысты халықаралық қатынастар факультетінің 1-2 курс студенттері ана тілін дәріптейтін клубтың ашылуын мақсат тұтты. Ата-бабадан қалған өсиетті сөздер мен шешендік өнер тәлімін жаңғырту, әрі жастар арасында кеңінен насихаттау жұмысы қолға алыну керектігін атап өтті.

Іс шараға арнайы қонақ болып келген Абай атындағы ҚазҰПУ филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлбану Сейілбекқызы Қосымова жастардың бұл бастамасын қуана қолдады.

- Шешендік өнер туралы зерттеулерімді осыдан 20 жыл бұрын бастаған едім. Ата-бабадан тараған өсиетті, қанатты сөздер бізге күні бүгінге дейін мұра болып жетті. Астарында мәні бар сөз қадірін қазақ халқы бағалаған. Ел арасындағы даудаманы бір ауыз сөзбен шеше білген, сөйтіп халық арасындағы қақтығыстың алдын алған. Қазіргі өркениетті заманда бірнеше тіл білетін қазақ баласы ана тілін де жетік білуі керек. Қазақ тілі тұрмыста қажетті болған жағдайда ғана сөзіміз түзеледі. Осындай бастамаға жол ашып отырған ҚазҰУ-дың студенттеріне табыс тілеймін, - деді Гүлбану Қосымова.

Тұсаукесер бағдарламасы бойынша студенттер қара жорға биін орындап, күй шертіп, шешендік өнер тақырыбында театрланған қойылымнан үзінді көрсетті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі