ҚазҰУ-да «Әл-Фараби» Олимпиадасының салтанатты жабылу рәсімі өтті

12.04.2011

Көрулер: 2752

12 сәуірде ҚазҰУ-дың Ғылыми мәжіліс залында салтанатты түрде (15-қабат, ҚазҰУ-дың мәжіліс залында) «әл-Фараби» Олимпиадасының жабылу рәсімі өтті.

Олимпиаданың салтанатты жабылу рәсіміне ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов пен «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік зерттеу орталығының директоры Ділдәш Бейтуова жеңімпаздарды құттықтап, І, ІІ, ІІІ-орын иегерлеріне дипломдарды табыстады. Сондай-ақ, ҚазҰУ-дың оқу ісінің проректоры Гүлнәр Балақаева, барлық факультет декандары қатысты.

Олимпиаданы өткізудің басты мақсаты түлектердің оқуда озаттығын арттыру, шығармашылық көзқарастарын жан-жақты дамыту, болашақ мамандығын дұрыс таңдауда бағыт-бағдар беру. Олимпиада метаматика, тарих, биология, информатика, география, химия, физика, ағылшын, неміс, француз тілдері, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті пәндер бойынша өтті. Барлығы 14000 қатысушыдан, 38 бала ұтты. Осы 38 оқушыға диплом берілді, ал қалған 3200 оқушыға сертификат тапсырылды.

Бүгінгі олимпиаданың жабылу рәсімі әлемде ғарыш кеңістігіне бірінші ұшуына 50 жылдығына тұспа-тұс келді. Механика-математика факультеті механика кафедрасының меңгерушісі Айдархан Қалтаев ғарышкерлер күніне 50-жыл толуына орай құттықтау сөзін айтып, арнайы даярланған слайдпен таныстырды. Жүргізушілер осы мерекені атап өтіп, жабылу рәсімінің бағдарламасын жүргізді.

20 ақпаннан 6 наурызға дейін университет оқытушыларынан құралған комиссия тобы республиканың 14 облысына барып қайтты. Комиссияның құрамында профессорлар, доктор және ғылым кандидаттары болды. Барлығы 65 оқытушы қатысты. Шараға 1228 «Алтын белгі» үміткерлері, 102 республикалық олимпиадалардың, 1096 аудандық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, 37 спортшы бақ сынасты.

ҚазҰУ ректоры: «Осында жиналған жеңімпаздар өз білімдерінің, талаптарының күштілігін көрсетіп отыр. Өз құрдастарының ортасында топ жарып шыққан, үздік танылғандар. Алдағы үлкен асулардан асып, биіктерден көріне беріңіздер», - деп тілек білдірді.

ҚазҰУ қабырғасында тәлім-тәрбие беріп жүрген «Болашақ» бағдарламасының түлектері университет қызметі, интернет орталығы мен ҚазҰУ қалашығы, мұражаймен таныстырып, студенттер дайындаған «Студенттердің академиялық мобильділігі» атты бейнесюжеттің тұсауын кесті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі