Жастар ұйымдары комитетінің жұмысы жандана түспек

06.04.2011

Көрулер: 2390

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов университеттегі Жастар ұйымдары комитеті мен Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының белсенді тобымен арнайы кездесті. Басты мақсат 22-23-сәуір аралығында ҚазҰУ-дың ұйымдастыруымен өтетін «Заманауи университеттегі Студенттік өзін өзі басқару: тәжірибе, инновация және болашағы» атты халықаралық студенттік жастар форумына дайындық жұмыстарын талқылау, пысықтау.

Сонымен қатар қоғамдық-белсенді ұйым жұмыстарын жетілдіру, жаңа талаптарға сай қайта жаңғырту.

Жастар ұйымдары комитетінің жетекшісі Назира Бөлдірікова форумға дайындық жұмыстарымен, өту тәртібімен, шақырылған қонақтар тізімімен және форум бағдарламасымен таныстырды. Жастар ұйымдары форумға қажетті шығын мөлшерін есептеп, басшылықтан қаржылай қолдауды ұсынды. Бұл кезекте ректор жастар бастамасына қашанда қолдау танытатынын айтып, алдағы міндеттерді біріге, ұжымдасып атқаруға шақырды.

Басшылықпен арнайы өткен әріптестік кеңесте студенттік ұйымдар өздерінің атқарып жатқан міндеттері мен жұмыстарынан мәлімет беріп, алда «Көшбасшылар мектебі», «Green кампус» сияқты бірнеше жобалар жасалатындығын жеткізді.

«Халықаралық деңгейде форум ұйымдастыруға мұрындық болып жүрген Өзін өзі басқару ұйымдарының жұмысын жандандыра түсу керек. Бір жүйеге келтіріп, әлеуметтік әріптестікті дамыту қажет», - дейді ректор Ғалымқайыр Мұтанов. Сонымен бірге университетте қабылданған Студенттік ар-намыс кодексі сияқты құжаттарды жастарға насихаттап, жеткізуде бұл ұйымдардың зор маңыздылыққа ие екендігін айтты.

Кездесуден белгілі болғандай алда студенттік белсенді топпен арнайы кездесу өткізіліп, онда Жастар ұйымдары комитетінің жаңа бағыттағы жетілдірілген жұмыс түрі ұсынылмақ.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі