Жұбанова Ажар Ахметқызының 70 жылдығына арналған конференция басталды

05.04.2011

Көрулер: 1978

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетінде белгілі ғалым-микробиолог, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Жұбанова Ажар Ахметқызының 70 жылдығына арналған «Биотехнологиялық зерттеулердің қазіргі жағдайы және жетістіктері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияға отандық және шетелдік биотехнология, химия, экология саласының ғалымдары және студенттер қатысуда.

Конференцияның кіріспесі ғалым Ажар Ахметқызын 70 жас мерейтойымен құттықтаудан бастау алды. ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов: «Ажар Жұбанова текті ұрпақтың жалғасы. Сонымен қатар ғылымға зор үлес қосып жүрген ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым. PhD докторантура сатысында биотехнология мамандығын алғаш қолға алған профессор», - деп атап өтіп, ғалымға жылы лебізін жеткізді. Өз кезегінде Астанадағы «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК бас директоры Ерлан Раманқұлов, Курчатов қаласындағы «Ұлттық ядерлік орталық» директоры Қайрат Қадыржанов, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің мүшелері және тағы да басқа мекеме өкілдері ғалымды мерейтойымен құттықтап, ғылымға сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

Конференция бұдан кейін биотехнологияның бүгінгі жағдайы мен болашағын, мәселелерін қамтыған ғылыми баяндамалармен жалғасты. Онда «Медицина және ауылшаруашылығына жаңа биопрепараттар қолдану және биотехнология алу», «Экологиялық биотехнологияның заманауи даму тенденциялары», «Биотехнологиядағы генетикалық әдістер» және «Университеттерде экология саласы мамандарын дайындау мәселелері сияқты» өзекті тақырыптар талқыланды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі