«Қолданбалы математика және механика» ғылыми конференциясы

1-қаң-21

Көрулер: 2494

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да белгілі ғалым, ф.-ғ.д., механика-математика факультеті механика кафедрасының профессоры Айдархан Жүсіпбекұлы Қалтаевтың 70 жылдығы мен ғылыми педагогикалық еңбегінің 45 жылдығына арналған «Қолданбалы математика және механика» атты халықаралық онлайн конференция өтті.

Халықаралық конференцияны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің бірінші проректоры, химия ғылымдарының докторы, профессор Мұхамбетқали Бүркітбаев салтанатты түрде ашып, университет ректоры Ғ.М. Мұтановтың құттықтау сөзін жеткізді және мерейтой иесін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дамуына қосқан үлесі үшін» күміс медалімен марапаттады. Құттықтауда профессор А.Ж. Қалтаевтың ЖОО-ның ғылым мен білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесі ерекше атап өтілді. Ғылыми конференция-семинар барысында шетелдік және отандық ғалымдар «қолданбалы математика мен механиканың заманауи мәселелері» тақырыбында ойларымен білісіп, сөз өрбітті. Олардың арасында АҚШ-тағы Питтсбург университетінің профессоры Peyman Givi, Үндістандағы Каликут Ұлттық технологиялық институтының профессоры Jayaraj Simon және Қытай, Жапония ғалымдарының баяндамалары тыңдалып, талқыланды. Олар профессор Айдархан Қалтаевтың ғылыми зерттеулері туралы өз талдауларымен бөлісті. Онлайн конференция барысында А.Қалтаевтың түлектері мен оқушылары да байланысқа шығып, өздерінің ұстазын мерейтойымен құттықтады. Өз кезегінде шетелдік қонақтар құттықтау сөздерінде профессор Айдархан Қалтаевтың әлемге әйгілі ғалым ғана емес, жақсы дос екенін атап өтті. Шара соңында профессор А.Ж. Қалтаев халықаралық онлайн конференцияға қатысқан барлық әріптестер мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.