Мемлекет пен дін қарым-қатынасы талқыланды

28.03.2011

Көрулер: 2661

2011 жылдың 25 наурызында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия және саясаттану факультеті, Ғылым философиясы және дінтану кафедрасының ұйымдастыруымен еліміздің егемендігінің 20 жылдығына арналған «Мемлекет пен дін қарым-қатынасы модельдерін жасау жолындағы ізденіс» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

«Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы». Қоғамдық өмірді демократияландыру, идеологиялық және саяси плюрализмді бекіту, негізгі әлеуметтік мәдениеттерді қайта бағалау, қазіргі қазақ қоғамының өмірінде діни ұйымдардың өсуі мемлекеттік шіркеулік қарым-қатынастың философиялық-құқықтық қырларын ой сүзгісінен өткізу қажеттігін және осы қатынастың конституциялық-құқықтық негізін дайындаудың қажеттілігін тудырды. Мұнда адам құқықтары мен бостандықтарын және азаматтың ар-ождан бостандығын жүзеге асырудың әлемдік тәжірибесі назарға алынады. Бұл мәселенің өзектілігі соңғы жылдары Қазақстанда ар-ождан бостандығы және діни бірлестіктердің мәртебесі туралы теориялық пікірталас орын алып, білім беру, мәдениет, тәрбие саласында діни ұйымдардың қызметі ұлғайды. Мұның бәрі мемлекет, қоғам және дін өзара әрекеттестігінің қазіргі модельдерін концептуалды тұрғыдан ұғынуды және теориялық талдауды қажет дейді.

Конференция жұмысы дін саласында мемлекеттік саясат үшін ұсыныстар дайындауға бағытталған. Конференция жұмысы мемлекет және дін қарым-қатнастарының саяси-құқықтық негіздері, әлеуметтік-мәдени кеңістіктегі мемлекет пен діннің рөлі, діни бірлестіктер және олардың этникалық бірегейлік пен мемлекеттік біртұтастыққа ықпалы бағыттар бойынша өткізілді.

Конференцияға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғарифолла Есім, ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Тілекқабыл Рамазанов, философия және саясаттану факультетінің деканы Ақтолқын Құлсариева, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, Каир унивенрситетінің профессоры Махмуд Фахми Хиджази, иран Ислам республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени істер бойынша кеңесшісінің орынбасары Мухаммад Реза Саттари, теология докторы, әл-Азһар университетінің профессоры Ата ас-Сынбати, ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Анатолий Косиченко, ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану институтының қазақ философиясы және эстетикасы бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Серік Нұрмұратов, ҚМДБ Діни істер бөлімінің меңгерушісі Ақтамберді Мұсабек, ҚР Мәдениет министрлігінің дін істері бойынша департаментінің жетекші маманы Нұрмұхамед Мейманходжаев және факультет оқытушылары мен студенттері қатысты.

Тілекқабыл Рамазанов: «Бұл тақырып бүгінде өте маңызды, әсіресе жастарда дінге қызығушылық көп, өзге ағымдарға бет бұрып жатқандар қаншама, осы орайда БАҚ-тан ақ-қарасын ашып айтып, ғалымдарымыз түсіндірсе» деп ойын ортаға салса, өз кезегінде Ғарифолла Есім «осы факультетте дінтану мамандығы бар, зерттеу тобы да бар. Қоғам мен дін деген мәселе бар, демек бұл атқарушы органдар тарапынан қадағалынуы тиіс, дінсіз қоғам бола ма? Біз ақпараттық қоғамда өмір сүреміз. Дін – мәдениет. Мәдениетсіз дін болса, біз оны дін деп санаймыз. Дін саясаттан тыс, қоғаммен бір болуы тиіс деп ойлаймын», - деді өз сөзінде. Барлық конференцияға қатысушылар рет-ретімен өз баяндамаларын оқып, дін мен мемлекет арасында байланыстың артуындағы әртүрлі тың тақырыптар тыңдалып, баяндамашы баяндама барысында туындаған сұрақтарға жауап берді.

Жиын барысында қатысушылар тарапынан тақырып төңірегінде қызу талқы басталып, қоғамда орын алып отырған өзекті мәселелер көтеріліп, қазаққа жат қылықтан арылуда бірлесе атсалысуға келіп тарқасты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі