ҚазҰУ қалашығы әлеуетін арттырған Бірінші Халықаралық Жолдасбеков симпозиумы

01.03.2011

Көрулер: 2451

1 наурыз қазақтың бір туар азаматы, қоғам қайраткері, ғылым мен білімнің ұйымдастырушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстандағы роботтар механикасы, механизмдер және машиналар теориясы мектебінің негізін қалаушы, академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің туған күні. Көзі тірісінде 80-нің сеңгіріне келіп, халқымен бірге мерейтойын мерекелер еді. Алайда, жақсының жақсылығын айтып нұрын тасытқан шара Жолдасбеков рухының мәңгілік биік екенін көрсетті. Бүгін ҚазҰУ-да академиктің 80 жылдығына орай, бірінші халықаралық Жолдасбеков симпозиумы өтті. Өмірден өзі озса да, аты қалған ғалымды мәңгі жадында ұстаған Өмірбек Арысланұлы шәкірттерінің, әріптестері мен ҚазҰУ түлектерінің қаржылай демеушілігінің негізінде симпозиум аясында ҚазҰУ қалашығындағы Студенттер сарайы жанынан академикке арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.

Ескерткіштің салтанатты ашылуына ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, ҚР Парламенті депутаттары, ғылыми қоғам өкілдері, Ө.Жолдасбековтің туыстары және оның Ресей, Италия, Германия, Украина, Белорусия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі әріптестері қатысты. Ұстаздық ұлағатын көріп, академиктің ағалық қамқорлығын сезінгендігін жеткізген министр Бақытжан Тұрсынұлы: “Бүгін бір ерекше қуанышты күн. Академикке арналып қандай тамаша ескерткіш ашылды. Халықаралық симпозиум өтуде. Тек қазақстандық ғалымдар емес әлемдегі ғалымдар жиналып Өмекеңнің ғылымдағы орнын ерекше атап өтуде. Өмірбек Жолдасбековтің үлкен қайраткерлігі ретінде, егемендік алғаннан кейін ол кісінің қосқан еңбегінің үлесін айту үшін жиналып отырмыз. Өмірбек Арысланұлы ғылыми жаңалықтар мен жаңа мамандықтар, ғылыми орталықтар ашуға ұйтқы болды. ҚазҰУ-ға 16 жыл ректорлық еткен жылдары университеттің рейтингісін бүкіл Одақтық деңгейге көтерді”, - деп атап өтсе, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті Мұрат Жұрынов: “Артында іздеушілер, адал шәкірттері бар Өмірбек Арысланұлы шын мәнінде бақытты, еш уақытта аты өшпейтін, жарқын бейнесі жүректе мәңгі сақталатын ұлы абыз ардагер”, - деген пікір айтты.

Ө.Жолдасбековтің 80 жылдық мерейтойына байланысты өзі негізін қалаған бірден-бір студенттік кампус – ҚазҰУ қалашығында оның ескерткішін орнату заман талабы. Бұл бір шетінен кейінгі ұрпақ пен академик шәкірттерінің оған деген құрметі десек те болады.

Өмірбек Жолдасбековтің ескерткішіне алаңқай оның өз атымен аталатын Студенттер сарайының сол жағынан өте сәтті таңдалды. Ескерткіштің техникалық құжаттарын «ҚазГор» жобалық академиясы даярлаған. Жалпы көлемі: мүсіннің биіктігі – 2 метр, ені – 1,3 метр, тұғыр іргетасы 5 метрден асады. Ескерткішті талантты мүсінші Кәдірхан Кәкімов отандық граниттен құйған. Мүсінші Атыраудағы «Сұлтан Бейбарыс», Тараздағы «Ғашықтар» ескерткіштерінің авторы. Өмірбек Арысланұлы көп жылдар бойы (1970-1986 ж.ж) тұтастай өзінің бар күш-жігерін Орталық Азиядағы ең ірі оқу және ғылым орталықтарының бірі Қазақ мемлекеттік университетіне арнап, оны заманауи ғылым мен жоғары білімнің алдыңғы шебіне шығарды. Студенттік ҚазҰУ қалашығының құрылысы тікелей академиктің атымен байланысты. Қалашық 16-қабатты Бас әкімшілік ғимаратынан, оқу корпустарынан, Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, Тамақтандыру комбинаты, стадион, спорт кешені, жатақханалар мен кинотеатрдан құралған. Орталық Азиядағы Новосибирскіден кейінгі тұрғызылған екінші студенттік ҚазҰУ қалашығы Ө.Жолдасбековтің іскерлігі мен ұйымдастырушылығының арқасында тұрғызылған.

Ғұмырын ғылым мен қайраткерлікке жұмсаған Өмірбек Жолдасбеков есімі осылайша симпозиум арқылы тағы бір асқақталып, ҚазҰУ қалашығының рухы бір көтерілді. Жаңадан көтерілген академик ескерткіші өзінегізін қалаған ҚазҰУ қалашығына тағы бір кезек бас-көз болып тұрғандай әсер қалдырды. Жолдасбеков рухы бой алған ҚазҰУ қалашығы осылайша өз арыстарының өмір тынысын, ғылыми еңбегін болашаққа жалғады. Бұл игі іс еліміздің тіпті, әлемнің әр бұрышынан келіп қасиеттіқарашаңырақта білім алып жатқан студенттерге ұлттық болмыс пен отанды сүю, ғылымды құрметтеу, адал еңбек ету мәртебесін тағы бір сезіндіртті.

P.S. Бірінші халықаралық Жолдасбеков симпозиумы аясында ҚазҰУ қалашығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде физика факультетінің соны құрал-жабдықтармен қаматамасыз етілген заманауи жаңа оқу ғимараты ашылды. Жаңа ғимаратты ҚР білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, ҚазҰУ ректоры ғалымқайыр Мұтанов және симпозиум қатысушылары аралап көрді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика факультетінде базалық білім ретіндегі мамандыққа ие талантты жас физик-мамандар бүгінгі таңда әлемнің өзге елдерінде де (АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Германия, Франция, Жапония және т.б.) өз білімдерін жалғастыруда және жұмыс жасауда. Көптеген факультет түлектері танымал белгілі ғалым атанып, Қазақстан мен шетелде физика және қолданбалы технологияның дамуына аса зор үлес қосып жүр. Мұнан өзге мақтан тұтарлық базалық физикалық білім мен бизнес және мемлекеттік басқаруда да үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндік жасаған атақты түлектер бар.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі