Иран университеттері ҚазҰУ-мен әріптестікті қолдайды

15.12.2010

Көрулер: 2699

Әлемдік саясатта беделді орны бар Қазақстанда рейтингісі жоғары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен Иран университеттері әріптестік орнатуға мүдделі. Бұл туралы 15 желтоқсанда ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың қабылдауында болған Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасы Елшілігі Мәдени өкілдігінің жетекшісі Деловар Мұхаммад мәлімдеді.

Қазақстан-Иран екіжақты ынтымақтастығын арттыру мақсатында, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Иран жоғарғы оқу орындары тығыз қарым-қатынастықты арттыратын болды. Бұл туралы екі тарап та қолдан келген барлық мүмкіншіліктерді жасамақ.

«Кезінде Ұлы Абай парсы әдебиетіне көп көңіл бөлді. Бұл қазақ руханиятында парсы әдебиетінің өзіндік орны бар екендігін көрсетеді. Сондықтан, еліміздегі жетекші білім ордасы болып танылатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Иранның алдыңғы қатарлы беделді университеттерімен тығыз әріптестік байланыста болуы керек деп есептеймін» деді кездесуде ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов. Өз кезегінде Деловар Мұхаммад ҚазҰУ студенттерінің Иран білім ордаларынан тәжірибеден өтуіне мүмкіндік туғызып, оларға қолдау көрсетуге септігін тигізетіндігін жеткізді. ҚР Иран Ислам Республикасы Елшілігі жанындағы мәдениет өкілдігінің жетекшісі ҚазҰУ шығыстану факультетінің оқытушыларын Тегеран университетінде тәжірибе алмасуға шақырды. «Онда өз студенттеріңізге қажетті оқулықтарды дайындап қайтуға болады» деді елшілік өкілі. Сондай-ақ, ол екіжақты әріптестікті нығайту үшін бұдан өзге барлық мүмкіншіліктерді қарастыруға болатынын жеткізді.

Үлкен бастамаға ұсыныс жасап отырған әріптестеріне алғысын жеткізген ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов: «Мәдени байланыс жақсы орынға қойылса, қалған сала бойынша да биік әріптестікке жетуге болады. Сіздердің тараптарыңыздан көрсетіліп отырған қолдауларыңызға алғыс білдіремін», - деп ризашылығын белдірді.

Кездесу соңында тараптар екіжақты естелік сыйлықтармен алмасты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі