ҚазҰУ-да Тәуелсіздік рухы асқақтады

14.12.2010

Көрулер: 3789

Бұл мереке барша алаш жұртының ұлық мерекесі. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап үкілеп, ұлықтап, кеудеңізді керіп тұрып “Мен, Қазақпын!” деп барша әлемге мақтанышпен жар салар – Тәуелсіздік күні мерекесі. Жыраулары жырлап өткен, батырлары қорғап өткен жерұйық мекен – қазақ елінің абыройы тағы бір асқақтаған азаттық күні.

16 желтоқсан қазақтың талай армандары мен ұшы-қиыры жоқ ерлігінің, көзсіз батырлығының, тарихының, мәдениетінің, салт-дәстүрінің, даналығының, кемеңгерлігінің, зияткерлігінің, тізбектеліп кете берер киелі ұғымдарының символы. Керей мен Жәнібек хан құрған мемлекеттен, тіпті одан әргісін бастау алатын алаш қанында тасып тұрған ұлтқа деген сүйіспеншіліктің, тілге деген құрметтің сонау билерден, шешендерден, көсемдерден жалғасқан ізгілігінің ХХ ғасыр соңында тағы бір шарықтау шыңына жеткен ерлігінің жемісі.

Қарға тамырлы қазақтың ұлтқа деген шын сүйіспеншілігін, ана тілге деген үлкен ізетінің қандай болмақ керегін тағы бір ұғындырған қазақ патриоттығының жемісі. Тәуелсіздік мерекесі, сондай-ақ патриоизм ұғымының тек жалған кеуде соғумен шектелмейтіндігін, өз ұлтыңды сүю дегеніміз – сол ұлттың тілінде сөйлеу, сол ұлттың ойымен ойлау, сол ұлттың ыстығына күйіп, суығына тону екендігін айғақтап берді. Алаш арыстарының, ұлт көсемдерінің ұлты үшін құрбан болған кешегі ерлігін бүгінгі заманға жеткізген денекер мереке де осы – Тәуелсіздік күні. Бұл күнді бүгінде баянды етіп ұстап тұрған қасиет те сол – қазақ еліндегі алаш жұртының сүйіспеншілігі мен биік рухы болса керек. Биік рухтың бір бейнесі бұл мерекені ұлықтап, көкке көтерумен ұштасып жатқанын көзі қарақты, көкірегі ояу, жүрегінің түгі бар, ел азаматтары өзіне парыз, үлкен борыш санауы да осыдан болса керек. Патриоттық символы бірге емес, бірнешеге үлгі болатын ел ағаларының тәуелсіздік жолындағы бабалар асыл мұрасын кірлетпей, аманатқа қиянат келтірмей жүрген ісіне қарап “Бәрекелді, қазақтың нар қасқа тұлғалары” деп жұрт еріксіз бір сүйсініп қалатыны жасырын емес. Әрине, ұлтты сүю “мен айттым, сен айттым” деп жүзеге асатын шаруа емес. Ол туа бітетін даналық, көрегендік, интеллект. Адамдық болмысың алдындағы намысың мен ар-ұятың абыройлы, жүзің жарқын болуы да осы киелі ұғымдардың қаныңда қайнап тұруынан шығар. Себебі, бұл қасиетті меңгерген әр азамат қашанда ел алғысына, ата батасына бөленіп, көсегесі көгеріп жүреді емес пе?!

Қазірде ұлық мерекені ұлықтау шаралары республикамыздың әр жерінде аталып өтуде. Сондай шаралардың бірі ұлық мереке қарсаңында ел мерейін асырған бірден бір игі шара 13 желтоқсанда Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында ұйымдастырылды. Бұл шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолдауымен жүзеге асты. Патриоттық әндерден құралған мерекелік кеш қазақ эстрадасының жұлдызы, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның қатысуымен Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған салтанатты шараға ұласты. Барша жұртты мерекемен құттықтаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов: “Мың өліп, мың тірілген қазақ ұлты осыдан 19 жыл бұрын Тәуелсіздігін алды. Бұл ата-бабаларымыздың талай ғасырдан бері армандаған мақсаты еді. Осы өткен жиырма жылға тарта уақытта Қазақстан егемен ел ретінде бүкіл әлемге танылды. Осындай нәтиже бүкіл қазақстандандықтардың, әсіресе аға буын өкілдерінің бірлігінің, еңбегінің, Елбасының сындарлы да салиқалы саясатының жемісі деп бағалауымыз керек”, - деп атап өтті. Сонымен бірге тәуелсіздік күніне құттықтау лебізін білдірген университет басшысы университеттің қызметкерлерін Ректордың “Құрмет грамотасымен” марапаттады. Олардың қатарында биология факультеті экология және ботаника кафедрасының профессоры Светлана Нестерова, шығыстану факультеті жапонтану кафедрасының аға оқытушысы Жанар Ашинова, экономика және бизнес жоғары мектебі экономикалық теория кафедрасының доценті Хайыржан Сапарғалиев, география факультеті экономикалық, әлеуметтік және саяси география кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Нүсіпова, тарих факультеті деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Арман Жұмаділ, журналистика факультеті халықаралық журналистика кафедрасының аға оқытушысы Мұрат Шаймаран, халықаралық қатынастар факультеті халықаралық құқық кафедрасының доценті Жұлдыз Сайрамбаева, физика факультеті оптика және плазма физикасы кафедрасының профессоры Кеңес Жұманов, механика және математика факультеті ақпараттық жүйелер кафедрасының профессоры Заинелхриет Мырзабеков, филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Самалбай Дәрібаев, химия факультеті коллойдтық химия және жоғары молекулалық қосылыстар химиясы кафедрасының профессоры Сағдат Тәжібаева, шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының доценті Ирина Мацко, философия және саясаттану факультеті жалпы және этникалық психология кафедрасының доценті Алла Ким, заң факультеті, сот билігі және қылмыстық іс жүргізу кафедрасының меңгерушісі Есберген Алауханов, шет тілдері кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Оқышева, спорт және денешынықтыру кафедрасының аға оқутышысы Любовь Коваленко, колледж оқытушысы Мадина Шайхынова, тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту жөніндегі департамент директоры Гүлнар Сәрсенбекова, Сапа менеджменті және ақпараттық-сараптама бөлімінің бастығы Гүлшарат Минажева, ректор көмекшісі Мұхтар Төлеген, тіркеуші кеңсесінің жетекшісі Айгүл Ақтымбаева, хаттамалық-визалық бөлім бастығы Еркін Ноғайбаев, ғылыми-зерттеу жұмыстары бөлімінің жетекші маманы Кирюхина Валентина, электро-техникалық бөлімнің қызметкері Көсен Шишов, ақпараттық қауіпсіздік секторының жетекші инженер-программисті Тұрсынбек Бақытжан, солярлы цех қызметкері Төлес Дәулетжан, құрылыс қызметінің қызметкері Срайыл Әбубәкір, сантехникалық бөлімнің қызметкері Азамат Батырбеков, күрделі жұмыс бөлімінің қызметкері Берік Қасымов сияқты қызметкерлер бар.

Сонымен бірге жақында Қытай елінде өткен жазғы Азияда ойындарының жеңімпаздары да “Құрмет граммотасымен” марапатталды. Университетіміздің қоғамдық жұмыстарына атсалысып жүрген, белсенді студенттер қатары да осы кеш барысында ҚазҰУ ректорының «Құрмет грамотасынан» құр қалмады. Сондай-ақ, университеттің оқытушы-ғалымдарына ҚазҰУ-дың 75 жылдық мерейтойына арналған медаль табыс етілді. Сонымен қатар, Қазақстанның білім және ғылым кеңістігінде сүбелі еңбек етіп жүрген оқытушы-профессорлары ҚР Президентінің жарлығымен “ҚР Еңбек сіңірген қайраткері” атағымен марапатталды.

Мерекелік кешке университет проректорлары, департамент директорлары, факультет декандары, колледж директоры, декандардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты. Кеш соңында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваға басшылық тарапынан алғыс айтылып, “ҚазҰУ-дың 75 жылдық” медалі ұсынылды. Өз кезегінде халық әртісі ҚазҰУ қазақстандық жоғары оқу орындарының белді де, беделді ірі қарашаңырағы екендігін атап өтті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі