Түркия жоғары оқу орындарымен әріптестік кеңеюде

29.07.2019

Көрулер: 5027

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Анталияның ғылым университеті (Түркия) әріптестік туралы меморандумға қол жеткізіп, ол ректорлар - академик Ғалым Мұтанов пен профессор Исмаил Юксектің қолдарымен бекітілді.

Құжат студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуын дамыту, ғылыми тағылымдамадан өту және зерттеу жобаларын жүзеге асыруда ынтымақтастықты көздейді. Тараптар туризм, қонақ үй бизнесі, медицина, заманауи технологиялар және басқа да бағыттардағы әріптестікті дамытуға, сондай-ақ ҚазҰУ-да бірлескен заманауи стоматологиялық орталығын ашуға өзара қызығушылық білдірді. Кездесу барысында туризм және қонақ үй бизнесі мамандықтары бойынша білім алушы ҚазҰУ студенттері Анталия қонақ үйлерінде, сондай-ақ түрік университеті бірлесіп жұмыс істейтін «Rixos» бүкіләлемдік желісінде тәжірибе мен тағылымдамадан өту мүмкіндіктері туралы келісімге қол жеткізілді.

Кездесуде сөз алған ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов университет көптеген түрік жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста екенін атап өтті. Қазіргі уақытта КазҰУ-да ірі медициналық-биологиялық кластер қалыптасуда. Бірлескен стоматологиялық орталығын ашу жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы практикалық қадам болып табылмақ және де инновациялық медициналық технологиялар трансфері мен озық тәжірибе алмасуға ықпал етеді деп атап өтті.

Қазақстаннан келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алған профессор Исмаил Юксек әріптестеріне жоғары оқу орнына шақыруды қабыл алғандықтары үшін ризашылығын білдіріп, университеттің қызметі және жетістіктерімен таныстырды. Анталия ғылым университеті кең ауқымды мамандықтар бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің пәнаралық бағдарламаларын ұсынатын Жерорта теңізі аймағындағы белгілі білім беру және зерттеу орталықтарының бірі екенін атап өтті. Исмаил Юксек қазақстандық жетекші университетпен бірлескен жұмыс оң нәтиже беретініне, ал екі жоғары оқу орнының өзара тиімді ынтымақтастығы Қазақстан мен Түркияның достық қарым-қатынастарын нығайтуға өз үлесін қосатынына сенім білдірді.

www.kaznu.kz